Нығматулин әлеуметтік зерттеулерге қосымша қаржы сұрайтын мемлекеттік органдарды сынады

129

Мәжілістің жалпы отырысында 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында Нұрлан Нығматулин әлеуметтік зерттеулер мен консалтингке қосымша қаржы бөлу мәселесін реттеуді тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева БҒМ-нің талдамалық және әлеуметтік зерттеулер жүргізуге бюджеттен қосымша 800 млн теңге сұрап отырғанын айтты.

«Бір жылда әлеуметтік зерттеулер жүргізуге 1 млрд 300 млн теңге жұмсаудың қажеттілігі бар ма? Сіздерде үш ауысымдағы, апатты мектептер жоқ па, болмаса мұғалімдерге қосымша ақы төлеу мәселесін шешіп тастадыңыздар ма? 460 млн теңге соншалықты аз ба?» — деп сұрады Жұмаділдаева.

Мәжіліс төрағасы болса әлі күнге дейін республикада 45 апатты мектеп пен 127 үш ауысымдағы мектеп барын айтты. Сондай-ақ, ол әлеуметтік зерттеулер мен консалтинг қызметтерін реттеуді тапсырды.

«2018 жылы әлеуметтік зерттеу жүргізуге 17 мемлекеттік органға 7,2 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Сонымен қатар, биылғы бюджеттен әлеуметтік зерттеуге қосымша тағы 3,3 млрд теңге бөлініп отыр. Мұндай әлеуметтік зерттеу керек шығар. Министр аргументтер айтуға тырысты, бірақ мен басқа да көрсеткіштер мен факторларды айта кетейін. Мысалы, республикалық бюджеттен мүгедектерді күтушілерге жәрдемақы беруге 2,7 млрд теңге бөлінген. ІІМ өткендегі су тасқынына 1,60 млрд теңге бөлмекші. Бізде сонда қалай, әлеуметтік зерттеу саласы төтенше жағдай су тасқынынан да маңызды ма?», — деді ол.

Мәжіліс төрағасы Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік зерттеулерге қосымша қаржы бірінші рет сұрап отырмағанын айтты.

«460 млн теңге бөлінді, қосымша тағы 800 млн алуды жоспарлап отырсыз. Сонда биылға 1 млрд 300 млн теңге бөлінбек. Әріптестер, қаржының қалай бөлінетінін қараңыздар. Былтырғы бюджеттен осы министрлік әлеуметтік зерттеулерге дәл солай 1,30 млрд бөлді. Биылғы жағдай да былтырғыдай, ең бірінші 770 миллион теңге бөлінеді, одан кейін қосымша 540 миллион теңге қосады. Әлеуметтік зерттеулерге жыл сайын миллиард теңгеден астам ақша жұмсау керек деген сіздердің жоспарларыңыз сияқты көрінеді, Ерлан Кенжеғалиұлы», — деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік зерттеулерге қосымша қаржыны сұрау кез келген мемлекеттік органда кездесетінін атап өтті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *