Д.А. Қонаев ескерткішіне арналған мәдени шара өтті

180

ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер кеңесі ассамблеясы бекіткен 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бері аталып келеді. Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №32 кітапханасының Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы қолдауымен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елу жыл Ел ағасы атанған қазақтың біртуар ұлы тұлғасы Д.А. Қонаевтың ескерткішіне арналған «Ескерткіштер – ел тарихы» атты мәдени іс-шара жоғары деңгейде өтті.

Осы іс-шараны өткізуге Алматы қаласы Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Данияр Абзалиденұлы Алиев, Медеу ауданы әкімшілігі Мәдениет бөлімінің бастығы Сәкен Жаппарұлы Аралбаев, Ы.Алтынсарин атындағы № 159 гимназияның директоры Эльмира Исебайқызы Бидайбековалар қолдау көрсетті.

Д.А. Қонаевтың өзі тұрған мұражай-үйіне мұражай директоры Елена Иватқызы Кубашева мен аға ғылыми қызметкері Нұрила Сергейқызы Жүсіпбаеватегін экскурсия ұйымдастырды .

Ұлы тұлғаның ескерткішін дәріптеу Ы. Алтынсарин атындағы № 159 гимназияның оқушылары ескерткіштің алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден және Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының 1-курс студенті Сәулетбай Бақтыбаевтың Д.А. Қонаев рухына бағышталған арнау орындауынан басталды.

№ 32 кітапхананың тұрақты оқырмандары: Халықаралық «Алаш» және «Астана – Бәйтерек» сыйлықтарының лауреаты, «Үркер» журналының бас редакторы, жазушы Қуандық Түменбай, белгілі геолог ғалымдар, мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәдуақас Құрманов, Алихан Ермекбаев, Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Ұлжалғас Мұхамеджанқызы Жолдыбаева ұлылардың өнегесі – үлкен мектеп дей келе, Д.А. Қонаевтың еңбек жолынан мағлұмат берді. Жазушы Қуандық Түменбай:

Димаш аға, аяулы ағатайым,

Сағынды ғой өзіңді балақайың.

Алтын нұрдан жасалған асылым-ай,

Қазағымның өзіндей қарапайым, – деген өлең жолдарын тебірене айтып, жарты ғасырға жуық ел басшысы болған, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне орасан зор еңбек сіңірген Ұлы тұлғамен үш рет кездесіп, әңгіме-дүкен құрғанын тілге тиек етіп, жас жеткіншектерді Димаш атаның өмірінен, еңбегінен өнеге алуға, оның артына қалдырған мол мұрасын бағалауға шақырды.

 

№ 32 кітапхана қызметкері Алтын Аубакирова Ескерткіштер мен тарихи орындар күнін атап өту тарихына қысқаша тоқталып, Д.А. Қонаевтың ескерткіш-бюсті 1978 жылы орнатылғанын, ол кісінің өндіріс пен өнеркәсіп, білім-ғылым саласындағы, Қазақстанды гүлдендіру жолындағы қажырлы еңбегінің арқасында тарих бетінде ерекше із қалдырғанын, осы кісінің бастамашылығымен тұрғызылған Қазақ циркі, Ұлттық кітапхана, Республикалық оқушылар сарайы, «Медеу» спорт кешені және тағы басқа көптеген нысандардың бүгінде тарихи ескерткіштер сипатын алып отырғанын атап көрсетті.

Осы мәдени іс-шараны ұйымдастырушы, үнемі осындай игі істердің басы-қасында жүретін, ҚР Мәдениет қайраткері, № 32 кітапхананың меңгерушісі Айша Баймаханбетқызы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы, қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі биік болады», – деген сөзін келтіре отырып, іс-шараға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапаттады.

Іс-шараның соңында кітапхананың 81 жастағы қарт оқырманы Сәдуақас Құрманов «Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер» деп, жас жеткіншектерге батасын берді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *