Зерделі ғалым

689

Қазақ тіл біліміндегі көрнекті ғалым, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Жаратылыстану ғылым академиясының, сондай-ақ Жоғары мектеп ғылым академия­сы­ның академигі Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаевтың еліміздің ғылымы мен білім беру жүйесінде атқарған ауқымды істері мен ғылымға қосқан үлесі жөнінде әлі талай айтылары хақ. Қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтынан бастау алған өмір жолы 1968 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында (қазір университет) жалғасын тапты. Бұл оқу орнындағы еңбек жолын қатардағы оқытушылықтан бастаған Сейілбек Мұхамеджарұлы кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін абыроймен атқарып, институт ректоры дәрежесіне дейін көтерілуі ғылым мен білім жолында жүрген талайларға үлгі-өнеге дер едім.

Сондықтан да аса сезімтал, сирек лингвистикалық түйсік иесі ретінде қазақ тіл ғылымының дамуына айырықша үлес қосқан оның зор ұйымдастырушылық қабілеті, еліміздің білім беру жүйесіндегі, соның ішінде қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде болған оң өзгерістерге ықпал еткенін атап өткен ләзім.
Профессордың университетті басқарған жылдары Кеңес өкіме­тінің ыдырап, еліміз Тәуелсіздікке енді қол жеткізген алғашқы он жылдығына тұспа-тұс келді. Жағдай қандай күрделі болмасын, одан шығу үшін мықты бас­қару­шылық тәртіп қажет болды. Ол, ең алдымен, үлкен ғалым ретінде институттың ғылыми, инновациялық, халықаралық, ғылыми-әдістемелік қызметтеріне айрықша серпін берді. Сол кездің өзінде институттың ұстаз ғалымдары 24 тақырыпты қамтитын, ауқымды, түрлі ғылыми көкейкесті мәселелерді шешуге арналған зерттеу жұмыстарын жүргізсе, оның ішінде 13 тақырып Қазақ КСР-нің басқа да ғылыми-зерттеу институттарының бағдарламасына сәйкес болды.
Ректорлық қызметке келгенде алғашқы қолға алған маңызды шаралардың бірі – бұрын-соңды институт тарихында болмаған аспирантура ашу ісі. Ол қазіргідей Астана арқылы шешілетін мәселе емес еді, ол үшін 1990 жылы Мәскеуге барып, үлкен еңбекпен ашылды. Алғашқыда бес мамандық бойынша ашылған аспирантура мамандықтарының саны тоқсаныншы жылдардың аяғында жиырмаға жуықтады. Ғалым мұнымен тынбай, институт тарихында тағы да алғаш рет 1993 жылдан бастап төрт мамандық бойынша кандидаттық дисертация қорғау кеңесін ашты. Білікті ғылым докторларын жинады. Сол 1990 жылдары Қыздар институтындағы қазақ тілі кафедрасы тіл ғылымы бойын­ша ғылым докторының саны көп республикадағы бірден бір кафедра болды. Профессор С.Исаевтың дәрісін тыңдауға Алматыдағы өзге іргелі оқу орындарының студенттері келетін. Ал шетелдерден – Канада, Үндістан, Корея мемлекеттеріндегі университеттермен келісімшарт жасалып, бірнеше студент сол елдерде білім алса, Қытай, Швейцария мемлекеттерінен қазақ, орыс тілдерін үйренуге біздің институтты таңдайтын.
Білім беру орындарының басты миссиясы – сапалы маман даярлау екенін баспасөз беттерінде де, әртүрлі дәрежедегі алқалы жиындарда да баса айтатын: ­«…Бүгінгі жас маман мамандық саласында бірыңғай үш міндетті атқара алатын болуы керек; ол зерттеуші ғалым, яғни мамандық саласының ғылыми негіздерін білетін, қажет болған жағдайда оның жекелеген мәселелері жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргізе алатын, соның негізінде әртүрлі ақпараттарды талдап, орын орнына пайдаланатын болуы керек. Сөйтіп, ол басқарушы, менеджер, теориялық білімін кез келген жағдайда іс жүзіне асыра алатын маман болуы керек. Міне, осындай талаптарға сай ­маман ғана бүгінгі құбылмалы өмірде өз орнын лайықты таба алады». Бұл жолдардан ғалым басшының нәтижеге бағдарланған біліммен қатар, бүгінгі уақытқа сай, бәсекеге қабілетті, креативті, зерделі тұлға қалыптастыру жолын ұйымдастыруға деген құлшынысы айқын байқалады.
Білікті басшы сапалы маман даярлаудың кілті – мемлекеттік стандартта екеніне мән беріп, оған сындарлы талдау жасайды: «…Мамандыққа байланысты мемлекеттік стандарттың өзінде оның мәні неде деген басты сауал айқындалмай қалған сияқты. Ол сол жасалған, бекітілген мемлекеттік стандарттың мазмұнынан, пән сандары мен бөлінген сағаттарынан байқалады. Мысалы, әрбір оқу жылына орта есеппен 1700-1800 сағат белгіленген. Әрбір оқу жылы қысқы, жазғы демалыстарды, сынақ-емтихан сессия­ларын есептемегенде 37-38 аптадан тұрады. Сонда әрбір аптаға 45-46 сағат, кейде тіпті 51 сағатқа дейін жоспарланады екен. Осындай өте тығыз және көп сағаттық жүктеме шәкірттерге сапалы теориялық білім алуға, ол білімдерін практикалық тәжірибеде қиналмай қолдана алуға мүмкіндік бере ме? Екіншіден, мемлекеттік стандартқа әлі де болса басы артық пәндердің орын алуы, салмақты да салиқалы талдау, таңдаудың нәтижесі емес деген ой келеді» дейді бір мақаласында. Бұдан 20 жыл бұрынғы профессор көтерген бұл мәселе күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Ғалым институтта бар маман­дық­­тардың сапалық өсуіне жағдай жасап қана қойған жоқ, бірқатар жаңа мамандықтар ашып, жаңа оқу пәндерін енгізуге қол жеткізді. Олар: еңбек және қазақтың декоративтік өнері, қазақтың ұлттық билері, әлеуметтік-ұлттық психология, шет тілдерін меңгерген аудармашы-референт, биология және фермерлік шаруашылық негіздері, әлеуметтік-мәдени сервис және туризм мен іскерлік байланыс, құжаттану және құжат ісін жүргізуші, т.б. Мұның бәрі айтуға жеңіл болғанымен, көп қажыр-қайратты талап ететін іргелі істер еді. Ғалымның оқулық сапасына қатысты пікірлері де бір төбе. Жоғарыдағы мақалада оқулық сапасына байланысты: «Білімнің сапалылығы, ең алдымен, оқулыққа байланысты, жасыратыны жоқ, олардың көпшілігі ескірген, бүгінгі күн талабына сай емес. Сырты өзгергенмен ішкі мәні, мазмұны үлкен өзгеріске түспеген, қазақстандық сипатқа әлі толық ие бола алмай отыр. Сондықтан да ұстаздардың өзінің білімін жай жетілдіріп қана қоймай, жаңа жағдайларға байланыс­ты өтпелі кезеңдегі қайшылықтар мен күрделілігі сарапқа салынып, соны талдап, шәкірттердің теориялық білімін тереңдете, практикалық дағдыларын ұштай білетін білімдарлық деңгейін өрістете түсу қажет болып отыр» деген жанайқайы министрлік тарапынан қолдау тауып, кейіннен «Оқулық» орталығының ашылғанын жақсы білеміз. Өзі де оқулық жазу ісімен айналысып, республикалық конкурста ғалым ұсынған оқулық жеңімпаз болып танылған.
Білім беру жүйесіндегі ақ­параттық технологияның қан­ша­лықты маңызды екеніне мән берген Сейілбек Мұхамеджарұлы оқу процесін қазіргі информациялық технологиясыз, компьютерлік білімсіз жүргізу мүмкін емес екенін, қоғам дамуының бүгінгі кезеңінде жоғары оқу орындарында оқу-тәрбие жұмысын информатикаландыру проб­лемалары білім беру мазмұнын жаңартып, жаңғыртудың белсенді бір құрамды бөлігі болып отырғанын үнемі айтып, жазып жүрді.
Ірі ғалым, іскер басшы болумен бірге табиғаты нәзік, өнерге құштар жан еді. Сондықтан да университетке басшылық жасаған жылдары «Ұлар» этнографиялық ансамблі дүниеге келіп, «Өнер – жастан» атты музыкалық клуб пен «Қыз Жібек» эстетикалық клубы жұмыс істеді. «Абай», «Біржан – Сара», «Қыз Жібек» операларымен қоса басқа ұлттардың классикалық інжу-маржандарын да сахнаға шығарды. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар, қыздарды ұлттық дәстүр мен төл дүниетаным аясында тәрбиелеу және оларға озық заманауи құндылықтарды кіріктіру арқылы ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін «Қыз Жібек» клубы ашылып, жұмыс істеп келеді.Бұл да болса ғалым идеяларының нәтижесі.Білім беру ісінде ұлттық құндылықтардың маңызы жөнінде: «Біз кейде математиканы өзгертудің не қажеті бар, оны ұлттандырамын деу күлкіге қалдырады, математика қазаққа да, орысқа да, кәріске де бірдей деп жатамыз. Әрине, жоғары математика заңдылықтары бірдей шығар, бірақ бәрібір дүниеге көзқарас ұлттық тұрғыда өрбуі керек. Себебі өз халқын сүйе алмаған ұрпақ өзге елді құрметтей алмайды» деген ғалым қазақстандық білім беру жүйесінде ұлттық тәрбиенің қоса берілу қажеттігін үнемі насихаттап жүрді. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық код, тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлер, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырту мәселелерімен сәйкес келіп тұрғанын аңғару қиын емес.
«Халқымыздың тамаша дәс­түрлерін, әдет-ғұрыптарын ана біл­месе, оны сәбиіне үйретіп, қанына сіңірмесе, халқымыздың тірлігі де, бірлігі де болып келген өрелі дәстүрлерін жас ұрпақ қалай ұстанбақшы?» деген оймен барлық мамандыққа «Халықтық педагогика», «Қазақ халқының салт-саналары мен әдет-ғұрыптары» деген пәндер енгізіп, әр жатақханада ұлттық ою-өрнектермен өрнек­те­ліп, жабдықталған «Ақ босаға», «Ақ отау» атты арнайы бөлмелер жабдықтау ұлтын сүйген үлкен жүректің ауыл қыздарына жасаған жақсылығының бір парасы ғана.

Тыныштық Ермекова,
Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық 
университетінің профессоры




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *