ШәкәрімШәкәрім

Таңдау өзгергенде – тағдыр өзгереді

17

Әркімнің толып жатқан арман, тілектері болады. Бір ғана тілектің орындалуы үшін қаншама күш шығындалады. Ал, егер оның орындалуы сізге мүлде қажет болмай шықса ше? Сондықтан да, Шәкәрімнің «Ар ілімін» «затшылдық көзін байлаған, адастырып айдаған» хайуаннан адамға айналуды игеру ілімі десе де болады.
Өмірде адам неше түрлі өзіне және басқаға көп зияны тиетін нәрселерді қалауы мүмкін. Адамдар кейде баладан бетер қылықтар жасайды. Бала егер бір ойыншықты көрсе керек, керек емесіне қарамай алғысы келеді. Тіпті ол біреудің ойнап жүрген ойыншығы екеніне қарамастан соны иеленгенше тынышталмайды. Тілек орындалған соң, ол ойыншық мүлде оған керек болмай шығады.
Біздің тілектер ойшыл сөзімен айтсақ, жар-жаратушының әлемдік үйлесім туралы заңдылығына байланысты орындалады. Егер ол тілектер осыған сәйкес болса, олар орындала бастайды. Мысалы, сіздің тілегіңіз екінші адамды бақытсыз ететін болса ше? Қазір доллары барлар оның бағасының өсе түскенін қалайды, ал, оның бағасының өсуі миллиондарға жоқшылық зардабын тартқызуы мүмкін. Ал, жоқшылық зардабын тартқан адамдар жоқ жерден жанжал, соғыс болуын тілеп тұратынына соңғы кездегі оқиғалардың өзі куә. Сонда нақақтан төгілген қан мен көз жасқа кім жауап береді? Көрдіңіздер ме, оңған тілектер болу үшін оң ойлаудың зәрулігі қаншалықты екенін? Ендеше тілектерге талдау жасау керек. Жар-жаратушыға адамның бәрі қымбат. Әсіресе, әлсіздерге мейірімі шексіз. Сондықтан, көптеген шығыстық ілімдерде тілектерді мүлде тоқтату керек деп есептейді.
Шәкәрімнің «Ар ілімінде» өлмей жатып «өлу» мәселесі нәпсінің «өлімімен» байланыс-ты айтылған. Нәпсінің өлуі дегеніміз Эгоның өлімі, яғни, өзімшілдікті жеңу деген сөз. Эго дегеніміз адамның жалған тілектерге алдану сезімі. Тілектері орындалмаған адам көңілсіз, селқос болып, тіпті қайғы-мұңға батып та жатады. Ал, енді дүниедегі ойшылдар тілектер туралы не дейді екен, соны көрелік.
Сонымен, қайғырудың негізінде адам тілектерінің орындалмауы жатыр дедік. Тілек дегеніміз не? Адамзат тарихындағы ойшылдық мектеп өкілдерінің ой-пікіріне жүгінер болсақ, Артур Шопенгауэрдің пікірінше, адамның өмірге деген еркі өзімшілдік арқылы іске асады. Сондықтан, өзімшілдікті жеңу құрбандық жолы болғандықтан, ол таңдаулылардың қолынан ғана келеді.
Бальзактың «Шегірен бұлғары» романында негізгі кейіпкердің тілегі орындалған сайын шегірен бұлғарымен бірге өмірі де қысқара беретінін антиквар дүкенінің сатушысының түсіндіруі де осыны көрсетеді. Романның негізгі идеясы шегірен бұлғарыда жазылған мына сөздерден көрінеді: «Мені қолыңа тигізгеннен кейін, барлығына ие боласың, бірақ сенің өмірің маған тиесілі болады. Жаратушының еркі солай. Тілектерің орындалады. Бірақ тілектеріңді өміріңмен өлше. Өмірің – осында. Әрбір тілек орындалған сайын, мен де сенің күндерің сияқты қысқара берем. Маған ие болғың келе ме? Онда ал. Жаратушы сені естиді. Ылайым осылай болсын» (Жолма-жол аударған А.Б. Сейсекенова). Бұл роман тұтас адамның тілектері мен тағдырының арасында құпия бір байланыс барлығын бейнелеуге арналған шығарма.
Қытай ойшылы Лао Цзының «Ештеңе істеме» ұғымын билік адамды кері әрекеттерге итермелеуі мүмкіндігімен түсіндіруге болады. Адамдарға зорлықпен өздері қаламаған істерді істету табиғатқа жат нәрсе, олардың үстінен қарау адамды ақымақтыққа апарады. «Ештеңе істемеу» түсінігін ел басқаруда Лао Цзы теңізбен салыстырады. Көптеген тау өзендері төменде жатқан теңіздерге құяды. Теңіздер төмен жатса да арқыраған өзендерді игере алатыны сияқты, дана адам елді билеу үшін өзі төмен тұрып, алдыға шығу үшін артқа кетуі керек. Сонда ол да теңіздер сияқты төменде тұрса адамдарға ауыртпалық түсірмейді, артта жүрсе де әділетсіздік болып саналмайды.
Шәкәрімнің «барша адам суға аққан дөңбек» дегені тағдырға бағынып керек емес нәрселерге ұмтылуы деп түсіндіріледі. Адам өз арын тыңдағанда барып, ол жар — жаратушы – арының еркіне бағыну арқылы дұрыс істер істей бастайды.
Шәкәрімнің «Адамның еркі қайда деп ақылдан сұрағаным» деген өлеңінде «Адам – бір суға аққан дөңбек». Өзгертетін нәрсе – біздің таңдауымыз. Яғни, жақсы мен жаманды таңдауымыз. Жар-жаратушы өзінің әділетті заңы бойынша әр адамға қалауынша өмір сүруге ерік берген. Сондықтан, адам өміріндегі қиыншылықтар өз-өзінен туындамайды. Адам өзін танып, өзгеруге тырысқанда оның айналасындағы өмір өзгере бастайды. Осы айтылған ілімдерге ұқсас «ар ілімінде» Шәкәрім де адамды «Сотворец» дәрежесіне апаратын өзін-өзін тануы деп санайды. Ақын сондықтан жаралыс басында отырған Қозғаушы-Жаратушының ісін ары қарай «Қозғауға керек қолғабыс» деп адамдарға ұран салған.
Жер әлемінде жар — жаратушының еркі де адам арқылы іске асады. Адам тазарса, жер ғана емес, басқа планеталар да тазарады. Ғасырлар көші дұрыс арнаға түсе бастайды.
Егер жар-жаратушының тілегі мен біздің тілектер сәйкес келетін болса, ол оп-оңай іске аса бастайды. Шынайы тілектер ешқандай күш-қуат шығындалмай-ақ орындала бастайды. Абай мен Шәкәрім айтатын «Нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат», «Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» дегендегі «қайрат» сөзі «ерік» деген сөздің синонимі. Әсіресе, белгілі бір шаруаларды адам қиналмай, керісінше, сүйіп істейтін болады. Жар-жаратушы қолдағанның бәрі жеңіл істеледі. Бұл өмірдегінің барлығын адамдар өздері қиындатып тастаған. Шынайы тілек пен жалған тілектерді айыру осы ерікке байланысты. Адамның еріксіз қиналып істейтін нәрселерінің барлығы оның тілектерінің жалғандығын көрсетеді. Өкінішке орай, үшөлшемді жер заңымен өмір сүретіндердің барлығы осыған душар. Егер де, болашақ маман «қайткенде елді қаржылық дағдарыстан құтқаруға болады?» деген оймен экономист болуды армандаса, оның қаншама шексіз дарындары ашыла алар еді! Әр адам – өз өмірін өз ойымен жасаушы екені ақынның әр сөзінде дәріптеледі:
Болам десең адам,
Адал еңбек берер бақ,
Бассаң соған қадам.
Айнымайтын ақ жүрек пен
Таза ақылды адамның
Таппасы жоқ бұл өмiрде,
Осынымды ұқ, балам!
Шәкәрім кез-келген тілек пен құмарлық «әр жерге соқтықтырар аққан сеңдей» деп ескертеді. Ақынның «ар ілімінде» осы құмарлықтардың сөнуі адамды сүюге бағышталған Абай сөзіндегі «Адамның бәрін де сүй бауырым деп» дейтұғын бір-ақ құмарлыққа әкеледі.
Сонымен, ақын алдамшы тілектердің ішіндегі дұрыс тілек деп адамның адамшылық ары ұнатқан тілектерді айтады. Өйткені, адамның ары жар-жаратушымен тұтастығын сездіретін субстанция. Шынайы тілек туралы «Үш анықта»: «Меніңше, совесть – жанның тілегі. Неге десеңіз жан тіпті жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылайтын нәрсе. Сондықтан, тезірек жоғарылауға себеп керек қылады. Мәселен, таза дене, таза, толық мінез, ой, істер керек қылады. Соның қатты бір керегі совесть – ұждан. Оны осы өмір үшін керек қылмайды, соңғы өмір үшін де керек қылады. Себебі егер бұл өмір үшін ғана керек болса, ол не пайда, не мақтан үшін болады» делінген.
Шәкәрімнің шығармашылығы тұтастай адамның өз бойындағы хайуандықты тануға бағышталған. «Хайуан мен ақымақтар» өлеңінде еріншек адамды «көп мініп шабан тартқан көлік», қу адамды «бір антұрған залалкес, қораға үрмес бір төбет тышқан аңдып» десе, мақтаншақ адамның бұқадан артық жері жоқ: «жуан мойын, ала көз, мүйізі алай, менен артық кім бар деп жүргендері». «Көрсеқызар маймылдан ілгері емес», ызақор адам «көзі қызарып, арсалаңдайтын қабаған төбет», «іш түземей сыланып, сыртын түзеген, қоқиып, қодырайып, бой түзетіп, сәндегішті әтешке» теңейді.
Пенделік өмірден биіктеп тазарғанда қиналып ауыр жұмыстар істемей-ақ, адамға қажет нәрселер өзі келе бастайды. Өзінің рухының күштілігінің арқасында тәнін игерген дүниеде қаншама мүгедектер бар. Шәкәрімнің «Әлемді мен билейін, дүние болсын маған құл» деген жолдары да адамның биік рухани дәрежесін сипаттайды. ОЛ КЕЗДЕ МАҚСАТЫҢ ОРЫНДАЛАТЫНЫНА ТЕК СЕНУ ҚАЖЕТ. Иә, адам өз өмір жолында небір қиналыстар, күрестер арқылы тазарудан өтеді. Шын мағынасында бұл қиыншылықтар да емес, оның кемелденуіне қажет алынатын асулар.
Ғылымда төртінші өлшем – уақыт болып саналады. Уақыт адам бойындағы тағдыр. Таңдау өзгергенде – тағдыр өзгереді. Төртіншіден жоғары көтерілгенде маңайдағы зұлым ойлар, зұлым істерді адам өз бойынан өткізіп қиналмайтын болады. Өсек сөздер, қара ниеттердің шыбын шаққан құрлы әсері болмайды. Себебі, тән жерде болғанмен, жаны биікте болады. Бұның бәрі жүректе адамға деген махаббат оянғанда іске асады. Махаббат оянғанда тілектер орындала бастайды. Себебі махаббат оянғанда адам халықтың тілегімен өмір сүретін болады. Шынайы тілек қарапайым халықты қорғаушының жүрегінде ғана болады. Адам дүниеге алу үшін емес, беру үшін келгенін түйсіне бастайды. Пенденің қолы жете бермейтін жар-жаратушының көпөлшемді жоғарғы сатылы құпия әлемі адам жанында тұр. Беруді білген адам ғана күйзеліске ұшырамайды. Берген адамға ғана шексіз ғаламның күші толассыз келіп отырады. Дүние алушының қолында емес, берушінің қолында.

Айнаш Сейсекенова 
Қазақ экономика, қаржы және сауда университетінің «Қазақ және шет тілдері» кафедрасының доценті.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *