Қарымды қайраткер

104

Сурет:Мәскеу. Ә.Тыныбаев (оң жақта)  Дағыстанның әйгілі ақыны Р.Ғамзатовпен бірге. 1986 ж.  

Қай елдің, қай мемлекеттің дамуы үшін ең қажетті құндылықтардың бірі және бірегейі – Су! Мұны атам қазақ ежелден білген және «Тіршілік көзі – су», «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Судың да сұрауы бар» деп әркез есте сақтап отырған. Осынау кемел үрдістен кеңестік саясат көз жаздырып кете жаздады…
Абырой болғанда ел бағына туған азаматтар кеткен кемшіліктерді әркез қалпына келтіріп отыруға тырысты. Атап айтқаңда, Әшімбек Бектасов, Ахмет Дауылбаев, Сәлкен Дәуленов, Дүйсенқұл Сарықұлов, Сұлтан Сәрсенбаев және басқа да азаматтар болды. Солардың бел ортасында Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев та бар. 1974-1981 жылдар аралығында Мелиорация және су шаруашылығы министрі болған Әбубәкір Әлиұлының еліміздің экономикасының дамуына қосқан үлесі орасан зор. Сол жылдары жай орынбасарлықтан бастап, бірінші орынбасарлық қызметтерді атқарып, ол кісінің қасында үнемі жүрдім. Кейін Әбекең Талдықорған облысының бірінші басшысы болып сайланғанда мен орнына министр болдым. Сондықтан да ол кісінің еңбегі мен азаматтық бейнесі туралы жақсы білемін.

Әбекең министр болған ал­ғаш­қы жылдардың бірінде Шығыс Қазақстан облысының су шаруа­шылығымен танысып, сол аймақтағы істің барысын бақы­­лауға барады. Каналдар мен су қоймаларын және суармалы егіс­терді аралап жүргенде бірде бір кетпен көрмепті. Сұраса, шынында да олар кетпенді пайдаланбайды екен. Тіпті аймақтан бір кетпен табылмаған ғой. Олар егістік алқаптарға су жіберетін сағаларды ашып жабу үшін күректі ғана пайдаланып келіпті. Ал ол шындығында суару ісінде кетпен сияқты ыңғайлы емес.
– Бұлардың тілдері ғана емес, іс-әрекеттері де орыстанып кетіпті ғой, – деп Әбекең Алматыға келген соң қатты қынжылған. Құр қын­жы­лып қана қоя салмай, елу шақты кетпен жасатып, Өскемен өңіріне қайтадан алып барып, өзі егіс алқабы басында іс жүзінде қалай пайдаланатынын көрсетіп, жергілікті диқандарға осынау құралдың пайдалы екенін дәлелдеп қайтқан болатын. Және сондағы мамандарға кетпенді көптеп жасатып, сушылар мен диқандардың қажетіне жаратуды тапсырған-ды.
Әбубәкір Әлиұлының жастық шағы Отан соғысы жылдарына тура келіп, 7-сыныптан кейін бірер жыл шаруашылық жұмыстарына араласып, ол кісі оқудан қол үзіп қалады. Кейін соғыс біткен соң жастары ересек тартып қалған құрдастарының көбі оқуларын қайта жалғастырмайды. Ал Әбекең болса мектепті бітіріп, ары қарай отбасындағы жалғыз ұл болғанына қарамастан, 1948 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтына түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Мүмкін одан да ары қарай аспирантурада оқып, ғылым жолын қуар ма еді, егер сол кезде мамандар жетіспей іске бірден араласуға тура келмегенде. Дегенмен, ол кісі жастардың оқығанын, ғылыммен айналысқанын үнемі қалап, қадағалап отыратын. Және әр істі бастарда соның ғылыми дұрыстығына жүгінетін. Алдын ала жобалауды дұрыс көретін. ­Сонымен қатар жас мамандардың ізденуіне, ғылыммен айналысуына жол ашып, қолдап отырды. Оған дәлел Әбекең басшылық жасаған жылдары ­Алматы, Тараз, Шымкент, Орал және Астана қалаларындағы ғылыми институттардың жұмыстары дұрыс жолға қойылып, жандана түсті.
– Суды ғылыми тұрғыдан игеру қателікке ұрындырмайды. Су да нақтылықты қажет ететін нәзік құндылық, – деп отыратын Әбекең. Оның бұл өсиеті болашақ ұрпақ­тардың жадынан да шықпауы тиіс.
Суды басқару, пайдалану және қорғау ісінде мемлекетаралық су мәселелерін дұрыс реттеп отырудың маңызы зор. Бұл істі Әбубәкір Әлиұлы өз уақтында дұрыс жүргізе білді. Ол кезде одақтас республикалар арасында қазіргідей ашық «өзіме болсын» әрекеті болмағанымен, әркім көрпені молырақ қымтанып қалуға тырысатын. Сонда Мәскеудегі басшылар арқылы мемлекетаралық өзендерден қажетті суды жеткілікті алып тұрды. Ол да үлкен іскерлік пен жауапкершілікті қажет ететін. Міне, Әбекең сол деңгейден көріне білді. Көрші елдердегі әріптестерінің де тілін таба білетін. Не ­керек, ол кісінің кезінде қазіргідей ­Қырғыз­стан мен Өзбекстан арқылы алынатын суға деген тапшылық атымен болған емес.
Айта кетер бір мәселе, бүгінде Орта Азия мемлекеттерінің ортақ мәселесіне айналған Аралға сол кезде-ақ Әбекең аландаушылық білдірген еді. Бірақ оған әміршіл-әкімшіл Одақ басшылары дер кезінде көңіл бөлмеді. Мұндай салғырттықтың астарында не жатқанын кім білсін…
Сөз реті келгенде айта кететін нәрсе, сол жылдары Әбекең ­Қы­зылор­да өңіріндегі ауыз су мәсе­лесіне де көңіл аударып, істің бірша­ма шешілуіне атсалысты. Атап айтқанда, Ақтөбеден ұзындығы 200 шақырымдық су құбырын тартып, Қазалы аймағын ауыз сумен қамтамасыз еткен болатын.
Әбубәкір Әлиұлы жұмысты қайда болмасын, қай салада болмасын, барын сала істейтін. Сол іскерлігін 1981-1986 жылдары Талдықорған облысының бірінші басшысы болып тұрғанда да таныта білді. Және бір салада ғана емес, Талдықорған өңірінің барлық тыныс-тіршілігінде де алға ілгерілеушілік болды. Мәселен, сол жылдары аталмыш облыстағы суландыратын жер көлемі ұлғайып, 200 мың гектарға жетті. 1981-1985 жылдардағы ауа райының қуаңшылығында Талдықорған аймағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі 7 пайызға артып, соның ішінде дәнді дақылдар 8 пайызға өсті. Сол жетістіктері үшін Әбубәкір Әлиұлы басқарған Талдықорған облысы 1981 және 1983 жылдардың қорытындылары бойынша Одақтың және респуб­ликаның ауыспалы Туларымен марапатталды.
Айта кетер жетістік, сол жылдары Талдықорған өңіріндегі егістік алқаптарының шетінен тал-теректердің көптеп егілгендігі. Сол тал-теректер жердің боран мен дауылдың әсерінен құнарсыздануын болдырмауды қамтамасыз етіп келеді.
Адам баласының азаматтық және іскерлік қасиеттері бір-бірінен ажырамас, қайта бір-бірін то­лық­тыратын құндылықтар. Бұл жағынан алғанда, Әбубәкір Әлиұлы іскерлігіне сай – ақжар­қын, қарапайым нағыз қазақ еді.
Біріншіден, жалпы жасы үлкен­дер­ді сыйлап, құрмет көрсетуден еш жалықпайтын. Ұжымдағы жасы үлкен, тәжірибесі мол кісілермен әрқашанда ақылдасып отыратын. Мәсе­лен, сол кезде министрлік ап­па­ра­тында қызмет еткен Жәлел Есен­құлұлы, Молдабек ­Шолтаев, Абдолла Сәркеев, Көпей ­Мұхамет­­жанов, Борис Табрилов сынды білікті мамандармен алдымен кеңесетін. Олар да сондай бір әділ, турашыл, білікті мамандар болатын. Санкт-Петербургтың, Омбы­ның, Ташкенттің мелиорация және су шаруашылығы институттарын бітірген, судың барлық қыр-сырларын бойларына сіңірген білікті мамандар еді. Әбекеңнің өмірлік тәжірибесі мол болғанымен, аға буын өкілдерінің кеңестеріне үнемі құлақ асып отырды. Соның нәтижесінде 8 жылдай аталмыш министрлікті басқарып, еліміздің су шаруашылығын алға сүйреді.
Екіншіден, жас мамандарға қам­қоршы бола білді. Іскер жастар­дың қызметін өсіріп немесе оқуын жал­ғастырып, ғылым жолында ізденуге мүмкіндік жасап отырды. Қатал талап қоя білетін, сонымен қатар барынша жібек мінезді, кешірімшіл жан еді. Әбекең «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше» дегеннің нағыз өзі болатын.
Содан кейін және бір таптырмайтын жақсы қасиеті адамдармен тез тіл табысатын. Үлкенмен үлкенше, баламен балаша шүйір­келесетін. Қазақтың қара сөзін жақсы меңгерген және шешен сөй­лейтін. Министрлікте жұмыстан тыс отырыстарда әзіл-қалжың айтып, адамдардың еркін демалуына да жағдай жасайтын.
Демалыс демекші, дұрыс тынық­­­қанды тәуір көретін. Ол кезде солай еді ғой, өзі. Кезекті еңбек дема­лысында міндетті түрде емдеу-сауықтыру орындарына жолдама беретін. Содан бас тартатындар шығып жатса, ондайларды шақырып алып:
– Дұрыс демала білмеген адам дұрыс жұмыс істей білмейді. Демалып қайт, – деп кеңес беретін.
Әлгілер қайтып келген соң ел-жер көріп, жақсы тыныққанын айтып, Әбекеңе ризашылықтарын білдіріп жататын.
Міне, мен білетін Әбекең осындай жан-жақты, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. Тек өкініштісі өмірден ерте кетті. Оған Кеңес зама­нындағы алмағайып саясаттың да әсері болған шығар…
Бірге жұмыс істеген жылдары бірге тумасақ та, жерлес болмасақ та мені жақсы көріп, өзіне жақын тартты. Кейін орнына министр болып тағайындалғанымда кейбір мәсе­лелерді ол кісіге барып ақылда­сып тұрдым. Сол кездерде өзінің қат-қабат жұмысы болып тұрса да уақыт бөліп кеңес беретін. Бұл да Әбе­кең­нің азаматтығы, һәм ірілігі еді.
Корыта айтқанда, Әбубәкір Әлиұлы өз уақытын­да рес­пуб­ли­камыздың экономи­касының дамуына зор үлес қосқан қайраткер болды. Тек жұмысты ғана ойлайтын қасаң тәртіптің адамы емес, мінезге бай, жаны жомарт, кісілігі Алатаудай азамат еді.
Орнында бар оңалар демекші, ұлы Нәби де осы су шаруашылығы бойынша мамандық алды. Ол өз саласы бойынша тәуір қызметтер атқарды.
Қазір Нәби әкесін есте қалдыру шараларын жасап жүр. Ал ол кісі­нің көзін көрген, қамқорлығына бөлен­ген азаматтар, туған халқы Әбе­­кеңді әрқашан да ұмытпайды және еске алып отырады деп сенемін.

Нариман ҚЫПШАҚБАЕВ,
Орталық Азия мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясының ғылыми орталығы Қазақ филиалының директоры, 
профессор




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *