Жас кәсіби музыканттар өнерде бақ сынады

113

«Рухани жаңғыру» аясында атқарылып жатқан шаралар әр саланың өткені мен бүгінін ұштастыра түсуде. Жақында Алматыда П.Чайковский атындағы музыкалық колледжде Қазақстан Республикасының Халық әртістері Каукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова атындағы II халықаралық әншілер байқауы ұйымдастырылды. Жас таланаттар арасында өткен сайыс әлемдік классика мен ұлттық музыка өнерін жандандырған ауқымды шараның көрінісі болды.

Ән байқауға көрші Ресей, Қырғызстан елінен келген музыканттар мен еліміздің түкпірінен жиналған кәсіби музыкалық колледж студентері қатысты. Бірінші кезеңде 40-қа жуық опера әншілері сынға түсіп, үздіктері іріктеліп алынды.

«Өткенсіз болашақ жоқ. Бізде музыка өнері бір күнде қалыптасқан емес. Төл мәдениетіміздегі музыка өнері кезеңдерді артқа қалдырып, бүгінгі күнге жетті. Кәсіби музыка өткен ғасырдан бастап, жүз жылдан бері дамып келеді. Оның іргетасын қалаған тұлғаларымызды танып, жастарға дәріптеудің мәні зор. Ұлттық музыка өнерінің қалыптасуына үлес қосқан Каукен Кенжетаев пен Шабал Бейсековалар атындағы ән байқауды ұйымдастырудың мақсаты жас әншілер олардың еңбегін терең ұғынып зерделесе екен»,-дейді П.Чайковский атындағы музыкалық колледж директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев.

Биылғы байқаудың ерекшелігі — форте пианода музыкамен сүйемелдеуші музыканттар арасында да байқау жарияланыпты. Екі күн бойы кәсіби музыканттар арасында қызу сайыс болды. Екінші кезеңге өткен үміткерлер опералық әндерді әуезбен орындап, сахна шеберлігін сынға салды. Жас таланттар күміс көмей бұлбұл үнімен классикалық туындыларды табиғи дауыспен орындап үздік өнер көрсете білді. Ақырғы мәреде бақ сынаған әнші жастар өнерде шынайылық жеңетініне кәміл сенсе керек. Байқауда бас жүлдені жеңіп алған талантты әнші Жандарбек Еркінбаевтың ерекше дауысына көрермен тәнті болды. Ол бірден сахна төріне шығып, жарыстың жеңімпазы атануды емес, кәсіби музыка өнерінде әлі де биік деңгейге жетуді ойлайды. «Байқауға бір ай дайындылдық. Бұған дейін талай музыкалық жарыстарға қатысып келеміз. Жарыс болған соң, біреу жеңеді,  біреу жеңіледі. Алайда өнерде ешкім өкпе артпайды. Кәсіби музыкада әріптестер бір-біріне құрметпен қарайды»,-дейді жас әнші Жандарбек Еркінбаев. Сахнада шырқалған әлемдік классика мен қазақ композиторларының шығармалары жас әншілердің зердесіне жете түскендей.

Алтын Бейімбетқызы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *