«Тоғыз әулие» зираты Қазақстандағы қасиетті орындар тізіміне енуі мүмкін

592

Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру»  орталық жобаларды басқару кеңсесінде «Тоғыз әулие» зиратына бірінші экспедиция жасау туралы шешім қабылданды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Атап айтқанда, өңір бойынша жобалық кеңсенің ұсынуымен мамыр айында Ақмола облысының мәдениет басқармасы, «Киелі Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы және орталық сараптама кеңесінің мүшелерінен жасақталған арнайы топ Қазақстандағы қасиетті мекендердің тізіміне «Тоғыз әулие» зиратын да қосу үшін бірінші зерттеу экспедициясына аттанатын болды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында арнайы жобалардың бірі ретінде «Қазақстанның киелі жерлері» жобасын атап өтті. Сөзсіз ол — мәдениетті, өзіндік ұлттық кодты сақтау үшін. Патриотизмнің ең маңызды белгісі — туған жеріне, мәдениетіне, салт-дәстүріне деген ерекше көңілді қалыптастыру. Қазақстандағы ескерткіштерді, ғимараттарды, құрылыстарды қалпына келтіріп қана қоймай, қасиетті мекендерді ұлттың санасына біртұтас киелі ұғым ретінде сіңіре алу. Осындай топқа қосуға болатын Қазақстандағы қасиетті мекеннің бірі — Астанадан 150 шақырым жердегі «Тоғыз әулие» зираты», делінген баспасөз баянында.

«Тоғыз әулие» зиратында қазақ даласының белгілі ағартушылары мен қайраткерлері жерленген. Олардың бәрі — ұлттық сана-сезімнің ояну кезінде өмір сүріп, еңбек етіп, діни тақырыпқа құрмет көрсеткен қазақ зиялыларының өкілдері. Сондай-ақ, исламның рухани-зияткерлік мектебі — тасауф (сопылық жолын) ұстанған, соның көмегімен қазақтар ислам дінін қабылдаған. Осы ежелгі «Тоғыз әулие» зиратында отызға жуық қажы мен өз заманындағы белгілі ғалымдар және бірнеше рет қажылыққа барған ер адамдар жерленген. Соның бірі — Ақмола округінің аға-сұлтаны Ибраһим-қажы Жайықбай. Олардың ішінде, осы уақытқа дейін халыққа белгісіз: Жанбатыр-хазірет, Құтан-хазірет, Алдажар-хазірет, Жантас-хазірет, Әлтә-хазірет, Мұса-хазірет, Құранды жатқа білген Шернияз-қари, Нұртаза-хазірет, Садуақас-хазірет, Сопы-Көпей-хазірет, Бақберген-хазірет және басқалар бар.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *