Астанада Шанхай Ынтымақтастық ұйымы форумының ХIII отырысы өтiп жатыр

194

Елордада Шанхай Ынтымақтастық ұйымы форумының ХIII отырысы өтiп жатыр. Бүгiн басталған халықаралық шара екi күнге жалғасады. Аталған форум әдетте ШЫҰ мемлекет басшыларының саммитi қарсаңында ұйымдастырылады.

Шарада сөз алған Қазақстан Республикасының ШЫҰ қызметi iстерi жөнiндегi ұлттық үйлестiрушi Ерлан Әлiмбаев форумның маңызына тоқталды.

«Бүгiн форум алғаш рет Үндiстан мен Пәкiстанның қатысуымен өтiп жатыр. Бұл елдер шараға тұңғыш рет ұйымның толыққанды мүшесi ретiнде қатысып отыр. Мен осы елдердiң ғылыми ортасы бiздiң форумның жұмысына үлкен үлес қосатынына сенiмдiмiн. ШЫҰ-ның жыл сайынғы форумы ШЫҰ кеңiстiгiнде саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерi бойынша ғылыми әдiстердi әзiрлеудiң тиiмдi алаңы ретiнде танылды. Жыл сайын форумда ШЫҰ елдерiнiң танымал аналитик ғалымдары, әрi беделдi ғылыми-зерттеу орталықтарының сарапшылары бас қосады», — дедi Әлiмбаев.

Оның айтуынша, 9-10 маусымда Қытайдың Циндао қаласында ШЫҰ-ның кезектi саммитi өтедi. Саммитте ұйымды дамыту стратегиясының негiзгi бағыттары мен алға даму жоспарлары талқыланады.

Атап өтсек, бұл саммитке Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.

«Қытай Халық Республикасының төрағалық ету кезеңiнде ШЫҰ қызметiнiң тиiмдiлiгi мен оның халықаралық беделiн одан әрi арттыру бойынша маңызды жұмыс атқарылғанын атап өткен жөн. Мен осы 13-шi ШЫҰ форумында айтылатын бағалаулар, ұсыныстар мен бастамалар ұйым қызметiнiң механизмiн жетiлдiру бойынша ұзақ мерзiмдi, перспективтi жоспар жасауға көмектесетiнiне сенiмдiмiн», — дедi Ерлан Әлiмбаев.

Ұлттық үйлестiрушi сөз соңында форумнан қызықты әрi тиiмдi ұсыныстар күтетiнiн айтты. Себебi форум нәтижелерi маусымда өтетiн саммиттiң қорытынды құжаттарын дайындау кезiнде қолданылып, ескерiлуi мүмкiн.

Форумға ШЫҰ Хатшылығының өкiлдерi, мемлекеттiк құрылымдар, ұйымға қатысушы мемлекеттер, бақылаушы мемлекеттер, ШЫҰ диалогы бойынша серiктес мемлекеттердiң ғылыми-зерттеу орталықтарының өкiлдерi қатысып отыр. Олардың iшiнде Қытай, Ресей, Үндiстан, Пәкiстан, Иран, Ауғанстан, Беларусь Республикасы мен Орталық Азия мемлекеттерiнен келген делегациялар бар.

Дереккөз: baq.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *