Ата-аналар есте сақтауға тиіс қағида

77

Ата-аналардың балаларымен қарым-қатынасы

Ата-ана мен бала арасының  ерте ме, кеш пе алшақтайтын кездері болады. Бұл көп жадайда баланың жасөспірім кезеңге аяқ басқан уақытында орын алады. Психологтар баламен араны суытып алмас үшін мынадай кеңес береді: «Балаңызды әрдайым үлкен қуанышпен қарыс алыңыз». Мысалы көп жыл көріспеген досыңызды қарсы алғандай қуаныңыз. Мейлі, сіз дүкеннен оралсаңыз да, жұмыстан келсеңіз де, бәрібір. Осы қағиданы естен шығармаңыз. Әдетте бала әке-шешесіне айтқысы келетін нәрсесін кездескеннен кейінгі алғашқы мезеттерінде айтады екен.

Алғашқы үш минут қағидасын ішкі түйсігімен түсініп орындайтын ата-аналар бар. Олар  баланы мектептен алып қайтқанда еңкейіп, оның көзіне қарап, құшақтап, сағынғандығын айтатын ата-аналар.  Ал кейбір ата-аналар жай ғана «Жүр, кеттік!» деп, баланы  қолынан жетектеп, ұялы телефонмен сөйлесіп кете барады.  Екінші жағдайда ата-ананың баламен қарым-қатынасы мүлдем жоқ деп айтуға болады.

Үйге оралған соң, бірінші кезекте баланың соңынан еріңіз. Жаныңызға отырғызып, күнінің қалай өткендігін сұрап, мұқият тыңдаңыз. Содан кейін барып, күнделікті тірлігіңізге қамдана бастаңыз: кешкі ас ішіңіз, немесе теледидар алдына жайғасыңыз. Ал егер, үш минут қағидасын естен шығарсаңыз, балаңыз кеш бойы артыңыздан жүріп, өзіне назар аударуыңызды талап етеді.  Осылайша бала күн сайын өзіне көңіл бөлмеген ата-анасынан алшақтай береді.

Баламен бірге өткізген уақыт саны емес, оның сапасы маңызды. Баламен орнатқан бірнеше минуттық тығыз қарым-қатынас  онымен  сөйлеспей, сырласпай,  бірақ бірге өткізген бір күннен әлдеқайда артық.

Сауалнамалар  қазіргі ата-аналардың балаларына күніне бір жарым сағат бөлетінін анықтады.

Ата-аналардың күйбелеңі мен алаңдаушылығы олардың балаларын бақытты ете қоймасы анық. Көп ата-ананың пікірінше, баланы материалдық жағынан қамтамасыз ету мен олардың болашағы үшін тер төгу маңызды. Алайда кішкентай бала үшін  жақын, әрі тығыз қарым-қатынас кез келген құндылықтан қымбат. Ата-аналар мен балалар үшін бірге өткізген уақыт ұғымы екі түрлі мағынаны білдіреді. Ата-ана үшін бастысы, баланың қасында жүргені болса, бала үшін бірге болу дегеніміз – көзбе-көз қарап сөйлесу, ештеңеге  алаңдамай, көңіл бөлмей, тек баламен бірге болу, сырласу. Осындай қарым-қатынас кезінде ғана бала өзін ата-анасына керек, маңызды, сүйікті, ерекше  болып сезінеді екен. Ересектердің  баламен сөйлесуге ғана емес, бірге ойнауға да уақыты табыла бермейтіні рас. Осындай мүмкіндік пайда болған кезде, тек балаңыз қалаған ойындарды ойнаңыз. Оның қалауын орындаңыз.

Уақыт зымырап өтеді. Ұлыңыз бен қызыңыздың қалай өскенін көзіңізді ашып-жұмғанша байқамай қаласыз. Сондықтан қазірден бастап отбасында сенімді қарым-қатынасты қалыптастыра бастаңыз. Өйткені олар есейген кезде  тым кеш болуы мүмкін… Психолог мамандардың осындай құнды кеңестеріне жүгінсеңіз, балаңызбен арадағы қатынасыңыз жақсарып қана қоймай, болашақта олардың әрдайым жаныңыздан табылатындығына жағдай жасайсыз.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *