Отан қорғаушы күніне арналған әскери шеру өтті

155

7-мамырда «Отар» әскери базасының аумағында  Отан қорғаушы күніне арналған әскери шеру өтті. Шеруге 3 мың әскери  қызметкер, 300 бірлік қару-жарақ пен әскери техника, 40 ұшу аппараты қатысты.

Қазақстан Президенті, ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды мерекесімен құттықтады.

«Баршаңызды ұлы Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар ұлы даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жау жүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр, бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы күштеріміз – халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны», — деді шерудің ашылу салтанатына қатысқан  Нұрсұлтан Назарбаев.

Екі бөлімнен тұратын әскери саптың бірінші бөлімінде мемлекеттік ту табыс ету рәсімі орындалды. ҚР ҚК Арнайы операциялар күштері және аумақтық әскер қызметкерлерінен құралған 19 жаяу шеру тобы алаңда жүріп өткен соң, барлау әскери бөлімдері қару-жарақ пен әскери техника тактикалық әрекеттер көрсетті. Тактикалық эпизодтарды орындау барысында «Точка-У» тактикалық зымырандық кешені, «Град» және «Прима» дүркін отшашу зымырандық жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, «Солнцепек» ауыр отшашу зымырандық жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зымырандық кешені және Ракета әскерлері мен артиллерияның басқа да қару түрлерінің мүмкіндіктері көрсетілді. Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің әскерлері зымырандармен от шашып, бомба лақтырды, сондай-ақ барлық қару түрінен оқ атты. Әскери-әуе күштерінің майдандық және армиялық авиациясының ұшақтары мен тікұшақтары аспанда әуе ұрысын жүргізді. «Жетісу Барысы» ұшқыштар тобы жоғары пилотаждық шеберлігін көрсетті.

Мемлекет басшысы әскери техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты, сондай-ақ дала жағдайындағы ұрыста көрсеткен шеберліктері, оқ ату кезіндегі мергендіктері және жауынгерлік дайындықтары үшін парадқа қатысушылардың барлығына алғыс білдірді.

«Әскери парад сіздердің жауынгерлік шеберлік деңгейлеріңіздің және дала жағдайына жаттыққандарыңыздың шынайы көрінісі болды. Парад Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығы мен кәсібилік деңгейінің одан әрі артуына септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтаймын», – деді мемлекет басшысы.

Дереккөз: Baq.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *