Қаламгерге құрмет көрсетілді

338

Түркия республикасы Токат провинциясына қарасты тариxи Никсар муниципалитетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Рафаэль Ниязбекке Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының (TÜRKSAV) «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығы салтанатты түрде тапсырылды. Марапаттау рәсімі аясында түрік тіліне аударылған «Біз осындай елміз» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Алдымен Анкарға ат басын тіреген ақынды «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы қабылдап, түркі әдебиеті мен мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін алғыс айтып, жоғары дәрежелі марапатымен құттықтады.

Рафаэль Ниязбек өз кезегінде екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясаты және «Руxани жаңғыру» бағдарламасы туралы әңгіме қозғап, салиқалы ой өрбітті. Қазақ әдебиетінің бүгінгі таңдағы даму барысымен таныстырып, қазақ-түрік мәдени байланыстың маңыздылығын атап өтті.

Одан кейін қарымды қаламгер Токат провинциясы Никсар муниципалитетіне ұшып келіп, губернатор Селами Капанкая мен Никсар муниципалитетінің мэрі Өздилек Өзжанның қабылдауында болды. Лауазымды тұлғалар марапаттау рәсімі мен кітаптың тұсаукесеріне де арнайы қатысты.

Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгин жиналғандар алдында жеңімпазды таныстыра келе, «Түркітілдес елдер әдебиетінің ірі өкілі, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбек – қазіргі қазақ ақындары ішіндегі айтулы есімдердің бірі. Туыстас түркі жұртының маңдайына біткен ақын Мағжан Жұмабаев поэзиясының, шығармашылық өмір жолының жалғасы. Ақынның өлеңдерінде түркі халықтарының ортақ идеясы сақталған. Біздер – түркітілдес мемлекеттер ұзақ және тамырлас ортақ тарихымызда әртүрлі аймақтарға бөлініп, түрлі саяси өзгерістердің жетегінде жүрдік. Бірақ соған қарамастан түбіміздің бір, тіліміздің бір, діліміздің бір екендігін еш уақытта ұмытқан емеспіз» деп атап өтті.

Рафаэль Ниязбек өз кезегінде Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың осы шараға арнайы жіберген құттықтауын жеткізе отырып, «Ататүрік елінде» өлеңін оқыды. Сондай-ақ осыған дейін Шешенстан Мемлекеттік сыйлығы тапсырылғанын айта келе, «Түркі әлемінен алған марапат ерекше ыстық әрі бәрінен қымбат. Қазақ әдебиеті үшін үлкен мәртебе, зор құрмет» деп ризашылығын білдірді.

Ақынның өлеңдерін түрік тіліне аударған – жазушы-дипломат Мәлік Отарбаев. Кітаптың алғысөзін Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы және Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлы, Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгин жазған.

– Қазақтың көрнекті ақыны Рафаэль Ниязбек те ата-бабадан қалған ұлттық сөз өнері мен әдебиет дәстүрін асқан қырағылықпен, кемел көрегендікпен жалғастырып, поэзия әлеміне жаңа леп, тың серпіліс, соны ырғақ әкелді. Жаңашылдығымен, заманауилығымен ерекшеленді.
Ақын Рафаэль Ниязбек қазақ тарихындағы от ауызды, орақ тілді батырларымыз сынды  еркін стилі мен көркем тілі арқылы өз өлеңдерінде бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің, қоғамның ішінде белең алған рухани індеттің ең бір нәзік тұстарын көтереді. Ащы шындық пен бұлтартпас ақиқатты айтып қана қоймай, қайта серпілуге, қайта оянуға шақырады.

Қайсар жүректі, өр рухты ақынның қаламынан туған лирикалық және эпикалық өлеңдерімен қатар, поэмалар мен аңыз-дастандар бір төбе. Әрбір шығармасы жаңа тақырыпты, тиянақты ойды арқау етеді, –  Қазақстанның Түркиядағы елшісі А.Сапарбекұлы.

Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы қаламгердің шығармашылығына тоқталып, оның еңбектері түркітілдес елдерде де жарық көргенін атап өтті.

«Биыл 75 жасқа толған қадірлі ақын Рафаэль Ниязбек – Қазақстанның көрнекті және белгілі ақындардың бірі. Оның шығармалары Қазақстанда ғана емес, түркітілдес елдерде де жарық көрді. Тіпті Шешенстанда батыр шешен халқының ерлігін жырлаған мәшһүр поэмасы арқылы ақын Рафаэль Ниязбек мемлекеттің ең жоғарғы наградасына ие болды. Шешенстанның Халық батыры атанды. Бауырлас қазақ ақынының осындай мәртебеге жетуі біздер үшін үлкен қуаныш.

Көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің өлеңдері түрік ақыны Нихал Атсыздың туындыларымен үндеседі. Сондай-ақ ол қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, өмір-тіршілігін жырлай келе, тауы мен табиғатын, суы мен нуын шебер суреттейді. Осылайша лезде күрескер ақын образынан жүрегі нәзік лирик ақынға ауысады. Бұл қасиет әрбір ақынға берілмеген» дей келе,  Я.Омароғлы Еуразия жазушылар қауымдастығы атынан алғыс білдіріп, екі ел арасындағы береке-бірлік пен достықтың алдағы уақытта да жарасым таба беретініне сенім білдірді.

Бағдагүл Балаубаева

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *