Ресей Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала бермек – Назарбаев

46

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының президентімен кездесті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен Ресейдің Сочи қаласында кездесті, деп хабарлайды Kazgazeta.kz  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында Владимир Путинді Ресей Федерациясының президенті сайлауындағы жеңісімен тағы да құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі.

«Биылғы 18 наурызда тарихи маңызы бар оқиға болды. Сіз Ресей халқының зор сеніміне ие болдыңыз. Қазіргідей күрделі жағдайда мұндай сенімнің мәні зор», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және басқа да маңызды салалар мен бағыттарда екіжақты достық әрі тығыз ынтымақтастық орнағанына тоқталды.

«Қазақстан – Ресеймен үлгі боларлық қарым-қатынас және қарқынды экономикалық байланыс орнатқан ең жақын мемлекет. Елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі – 16 миллиард долларға жуық. Бірлескен кәсіпорындар саны артып келеді», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі өзара ықпалдастық Қазақстан-Ресей қатынастарында туындайтын мәселелерді тиімді шешуге септігін тигізіп отырғанын айтты.

«Қазақстан әрдайым сіздермен бірге. Біз әрқашан бірге жұмыс істеп, алға ұмтылып, бұл кезеңдерді де еңсеретін боламыз. Бүгінде барлық бағыт бойынша бірқалыпты жұмыс жүргізілуде. Көршілес тәуелсіз мемлекеттер арасында әрдайым мәселелер туындап жатады. Үкіметтеріміз бен министрліктеріміз арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Туындайтын мәселелерді дүрліктірмей, байсалдылықпен шешу қажет. Біз – одақтас елдерміз, екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары да осы бағытта жұмыс істеуге тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ресей Федерациясының Президенті екі мемлекет арасындағы түрлі салаларда өзара тиімді қарым-қатынастар орнағанын айтып, олардың оң қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталды.

Владимир Путин Қазақстан Ресейдің стратегиялық одақтасы ғана емес, сондай-ақ ең жақын экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Елдеріміз арасындағы қатынастар табысты әрі дәйекті дамып келеді. Былтыр экономикада жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Атап айтқанда, тауар айналымы 30 пайызға өсті. Ресей Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала бермек. Ресейдің Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясының көлемі артқанын да атап өткім келеді», – деді Владимир Путин.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *