Алатауымен қауышқан домбыра

Биыл күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы. Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген айтулы мерекенің ұлт руханияты үшін орны да, маңызы да бөлек. Күй өнеріміздің негізін салушы Құрманғазы шығармашылығы бүгінге мұра болып жетіп, руханиятымыздың қазынасына айналып отыр. 
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» делінген.

Иә, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні байтақ даламызды әдемі сазға бөлеп, ұрпақтар санасы мен жадында жаңғырып, қанатын кеңге жаюда. Олай болса, асыл күйі мен әуезді әнін, мәйекті жырын ардақтай білген ел ғана өнердің шыңына жетіп, асқарына қол созады. Бұл тұрғыдан алғанда Құрманғазы күйлері өзінің қайталанбас дара болмысымен, өмірдің дәл өзіндей шыншылдығымен, мың құбылған сазының құдіреттілігімен, адамның көңіл күйін шебер жеткізе білу ғажайыптығымен ерекшеленері сөзсіз. Асылында, біз баба мұрасын жете танып, қадір-қасиетін терең сезінгенде ғана елдігімізді, ұлттық болмысымызды тани түсеріміз хақ. Кешегі қиын-қыстау замандарда ұлттық өнеріміздің қағажу көріп, небір асыл құндылықтарымыздан көз жазып қалғанымыз да рас. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында дегендей, көшпенділер заманында қалыптасып, орныққан рухани жәдігерлер кезінде талан-таражға түсіп, өнердегі материалдық, заттық құндылықтарға айтарлықтай зиян келгені де жасырын емес. Қасиетті Тәуелсіздігіміздің келуімен, азаттық таңының атуымен мұндай материалдық, заттық құндылықтарға ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантарлық жайт.
Көшпелі салтты ұстанып ғұмыр кешкен халқымыз сал-серілерін, ұлт өнерпаздарын төбесіне көтеріп, алақанына салып ардақтай білді. Солардан қалған домбыра, шапандар да шама келгенше сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды. Әрине, Еуропа елдеріндегідей музей тұрғызбаса да, мұндай материалдық-заттық құндылықтар сол өнерпаздардың әулетінде, қара шаңырағында көздің қарашығындай сақталып келді. Қаншама ұрпақ сол мұралар арқылы тәрбиеленді, есейіп ер жетті. Қанаттарын қомдап, бабалар мұрасын әрмен қарай жалғады.
Уақыт пен заманалар көшіне зер салатын болсақ, өзіміз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр еншісіне қазақ халқының рухани мұраларын қайта жаңғырту, жоғалғанды табу, қалпына келтіру тәрізді маңызды шаруалар бұйырып отыр. Бүгінгі таңда киелі өнерімізге қатысты әрбір бұйым, әрбір зат маңызды болып отырғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Өйткені ол арқылы ұлттық санамыз жаңғырып, көкжиегіміз кеңейеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» мәселесін күн тәртібіне қойып отырғанының өзі жайдан-жай емес. Рухани жаңғырудың өзі тарихқа зер салу, есте жоқ ескі замандардан қалған қазыналарымызды табу, сол арқылы жаңа дәуірге нық қадам басатын сапалы ұлт келешегін қалыптастыруда жатқаны анық. Демек, мұның өзі бізден үлкен жауапкершілікті, ыждаһаттылықты талап етеді.
Олай болса, мақаламыздың әлқиссасын Құрманғазы бабамыздан бастап отырғанымыз бекер емес. Құрманғазы, Абай тәрізді қазақ руханиятының дара шыңдары өз туындылары арқылы өшкенімізді жаңғыртып, ғасырлар арасын жалғар алтын арқауға айналды. Бүгінде Құрманғазының күйлері қазақ даласын былай қойғанда, бүкіл әлемді шарлап кетті. «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлеріне елтімеген тыңдарман кемде-кем. Өнердің құдіреті дегеніміз осы. Ол ұлтыңды, еліңді жер жүзіне танытады. Шынтуайтына келгенде, Құрманғазыдай күйшісі бар халқымыз бақытты. Еуропа Шопен, Бах, Бетховенімен мақтанатын болса, біз аталған тұлғаларға бергісіз, кәсіби композиторлық білім алмаса да, өнері олардан бірде кем емес Құрманғазымызбен мақтанамыз. Құр мақтанып қана отырсақ, баба рухының аманатын ақтай алмай қалуымыз да мүмкін. Ең бастысы – насихат керек. Құрманғазы арқылы қазақтың құдіретті өнерін насихаттауымыз керек. Өзге елдер мұндайдың қыр-сырын әбден меңгерген. Ардақтыларының жүріп өткен жеріне дейін, табанының ізі қалған мекенге дейін қадағалап, оның қолы тиген заттарға дейін сақтап, әспеттейді, жарияға жар салып, жарнамалайды. Ал біз мұндайға дұрыс мән бермегендіктен бе, әлі де шорқақпыз. Барымызды жарқыратып көрсете алмаймыз. Әлем тұрмақ, әлі өзіміз тани алмай жатқан асыл құндылықтарымыз қаншама. Бұған бойымыздағы селқостығымыз, енжар­лығымыз, немқұрайдылығымыз да себеп болуда. Өзің құрметтемеген нәрсеге өзгеден қалай құрмет күтеміз деген заңды сауал туындайды. Сонымен, биыл сәуір айының басында Алматы қаласындағы Ықылас музейіне Құрманғазы Сағырбайұлының домбырасының көшірмесі жеткізілді. Сонау Астрахандағы Алтынжар ауылындағы музейде тұрған домбыраның көшірмесін Едіге Нәбиев деген әрі күйші, әрі домбыра жасаушы шебер жүзіктің көзінен өткізгендей етіп баба мұрасының күллі табиғи ерекшеліктерін, құрылысын, ағашының ерекшелігін, дыбысын сақтай отырып жасап шыққан. Қолының табы қалған деп отырғанымыз, бұл домбыра Құрманғазының тікелей шәкірттерінің бірі болған Ыбыр Досалиев деген күйшінің домбырасы. Құрманғазы бұл домбырамен шәкіртіне талай күй үйретіп, шығармаларын орындаған. Яғни бұл домбыра бүгінде Құрманғазының көзіндей, күйлерінің үніндей болып отырған бізге жеткен жалғыз мұра.
Музей директоры Ұлжан Байбосынова осы маңызды шара туралы былай дейді: «Құрманғазы бабамыздың 200 жылдық мерейтойы аясында ұлы күйшіге ­­­қатыс­ты мұраларды іздестіре бастадық. Сол іздестіру жұмыстарының барысында ­­­Құр­манғазы бабамыздың қолының табы қалған домбыраның бар екенін анықтадық. Астрахандағы Құрманғазы музейіндегі бұл домбыраның көшірмесін Батыс Қазақстан облыстық музейі жасатқан екен. Домбыраны жасаған шебер Едіге Нәбиевте екінші көшірмесінің бар екенін білген соң музейімізге алдырсақ деген ниетімізді білдірдік. Сөйтіп, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, Мәдениет басқармасы, музей басшылығы оң көзқарас танытып, облыстық делегация көшірменің бір нұсқасын музейімізге әкеліп салтанатты түрде табыс етті. Осы орайда айта кетерлігі, бұл домбыраның жай ғана көшірмесі емес, оның сол замандағы дыбысының табиғи қалпында сақталуы. Яғни ХІХ ғасырдағы домбыраның қоңыр үнін қайтардық десек, артық айтқандық емес».
Ықылас атындағы ұлт аспаптар музейі­нің қоры тағы бір құнды мұрамен толыға түскенін айта кетейік. Бұл күйші-домбырашы Ерғали Ещановтың домбырасы да ұстазы Құрманғазының домбырасымен қатар келіп музей сөресіне жайғасты. Музей директоры Ұлжан Байбосынованың айтуына қарағанда, Ерғали Ещановтың домбырасы Едіге Нәбиевтің қолында болған екен. Оны күйшінің ұрпақтары шебердің қолына аманаттап тапсырған көрінеді. Осындай құнды жәдігердің қолында екенін айтқан Едіге Нәбиев бұл домбыраны да Ұлжан Байбосынованың өтінішімен музей қорына табыстайды.
Жалпы қазақ күй өнерінде есімдері алтын әріптермен жазылған дүлдүлдердің домбыралары Алатау төріне жеткізіліп жатқаны қуанышты жайт. Құрманғазы­ның «Алатау» күйі бар екенін еске алсақ, бұл тіпті жарасымды дүние болып шықты. Алатауын күйге қосқан домбыраның өзі де Алатау баурайына келді. Бұл шараның ғанибеті де осында емес пе? Енді бұл домбыраларды тамашалауға жұртшылықтың қызығушылығы арта түседі деген үміт мол. Жағымды жаңалықты ести салып, музейге бет алдық. Құрманғазы бабамыздың, Ерғали Ещановтың көзіндей болып тұрған қос домбыра шынының ар жағында ғасырлар сазын тербеп, бүгінгі ұрпақтарына үн қатып тұрғандай. Бұл домбыралардан небір шабытты күйлердің төгілгенін ойласақ, оның қадір-қасиеті көз алдымызда тіпті биіктей түскендей болады. Әрине, бұл аспаптардың қазіргілерден едәуір айырмашылығы бар. Мойны мен шанағында, пернелердің санында, орналасу алшақтығында, ішектерінде, жалпы дайындалған материалда сол замандағы домбыраларға тән кескін мен мұндалайды. Айтулы тұлғалардың аспаптары болған­нан кейін, әрине, олардың түр-түсіндегі мазмұн да бөлектеніп тұратыны сөзсіз. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда қараған адамның мысын басатындай салмақты, салиқалы аспаптар. Музей директоры Ұлжан Байбосыновамен пікірлескенімізде, бұл домбыраларда ХІХ ғасырға тән қоңыр бояудың сақталғанын айтты. Демек, бұл аспаптармен күйді бүгінгідей жылдам тарту мүмкін емес, күйлер өзінің табиғатына сай қоңыр сазбен өрнектеліп орындалады. Аспаптар жайында сөз қозғағанда, бізге нағыз қазақи домбыраның бет-бейнесін, үнін қайтару керек деген ой туындайды. Ғасырлар көшімен жылжыған уақыт керуені қазақтың ұлттық аспаптарының жасалуына да айтарлықтай өзгеріс ендірді. Аспап жасау дәстүрі толығымен сақталып, бүгінгі күнге жетті деп айту да қиын. Демек, бұл арнайы зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Ол замандағы домбыраның бүгінгіден дыбыстық, саздық, құрылымдық жағынан артықшылықтары болғаны рас. Бүгінгі құрама домбыралар қоңыр үні жағынан бұл аспаптармен бәсекелес бола алмайтыны анық. Ал біз іздеген қазақи үн, қазақи бояу сол замандарда жатқан жоқ па? Демек, бүгінгі домбыра жасау өнеріне де басқаша көзқараспен зер салуымыз керектігі дәлелдеуді қажет етпейді. Әрине, заман бір орында тұрмайды, өзгереді. Бірақ дәстүрлердің барынша сақталғаны жөн. Қазіргі аспап жасаушылар мұндай мәселелерді қаншалықты жетік біледі. Әрине, ізденіп жүрген шеберлер бар. Қазақ домбырасының қоңыр үнін қайтарамыз, қалпына келтіреміз деген талпыныстар жоқ емес. Бәлкім, аспап жасаушылардың үлкен жиынын өткізіп, кешегі Құрманғазы бабаларымыздан сақталып қалған аспаптардың ерекшеліктерін жан-жақты зерттеп, аспап жасаудағы ұлттық принцип­терді айқындап алудың артықтығы жоқ шығар. Мұның барлығын сөз реті келіп тұр­ған соң тілге тиек етіп отырғанымыз ғой.
Алматы қаласының руханиятындағы айтулы шараның мән-маңызына қайта оралып, мақаламызды осымен түйіндейік.
Көрменің ашылуына қатысқан қала әкімі Бауыржан Байбек күйші домбырасының көшірмесін музей экспозициясына сал­танатты түрде апарып қойды. Кеште Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің домбырашылар құрамы және жеке орындауда Қажыбек Бекбосынов, Батыржан Мықтыбаев, Әсел Алина, Рахат Сәрсенов, Асылбек Ахатов, Едіге Нәбиұлы өнер көрсетті. «Құрманғазы домбырасы музей сахнасында» атты үш күндік көрмеде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұрған Құрманғазының мылтығы, шәкірті Дина Нұрпейісованың белбеуі және Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейі қорындағы Динаның камзолы, ХІХ ғасырдағы шапаны мен зергерлік бұйымдар жұрт назарына ұсынылды. Көрме соңы күй және дәстүрлі ән кешімен жалғасын тапты.
Қорыта айтқанда, мұндай рухани шараның өскелең ұрпаққа берер тағылымы қашанда мол. Күй мұрасы — халықтық мұра. Оның маңызына терең бойлау — осындай игі шаралардан басталары анық. Ендігі мақсат — тарихи жәдігерлерді барынша насихаттап, ұлттық құндылық ретіндегі мәртебесін биіктету.

Дәуіржан Төлебаев




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *