Жастар жеңіл мамандықтарды таңдауға тырысады – Ләйлә Сұлтанқызы

Бүгін Астанада ХІ Астана экономикалық форумын өткізу аясында «АЭФ-ке барамын» республикалық байқауы жеңіпаздарының есімдері белгілі болды

Байқау ережесіне сәйкес әлеуметтік желіні пайдаланушылар жеке аккаунттарында форумның ресми хэштегтерімен «АЭФ-ке неліктен барғысы келетінін» жазып немесе аталған тақырыпта бейнеролик түсіріп, оны желіде жариялау қажет болған.

«АЭФ-ке барамын» республикалық байқауы 4-15 мамыр аралығында ұйымдастырылды. Нәтижесінде қазылар алқасы үздік бес жұмысты іріктеп алып, бүгін Астанада оларды марапаттады.

Байқауда Халықаралық бизнес және коммуникация колледжінің студенті Әйгерім Тасболат (Алматы қаласы), «Жас Отан» жастар қанатының өкілі Әйгерім Серікжанова (Астана қаласы), Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мирас университетінің студенті Сонар Ержан, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, PHD докторы Шайхислам Лайсханов (Алматы қаласы), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Надира Сырлыбаева жеңіске жетті.

Енді олар Астана экономикалық форумына тегін қатысып, әрі форум спикерлерінің бірімен фотоға түсе алады.

Осы орайда жеңімпаздарды марапаттауға келген танымал қазақстандық тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы аталған форумның жастар үшін маңызды екенін атап өтті.

«Астана экономикалық форумы сияқты басқосулар жастарға керек. Неге? Себебі, қазіргі уақытта олар әртүрлі салаларға қызығады. Бірақ оларға «болашақта кім болғың келеді?» деген сұрақты қойсаң, жастар «ғалым боламын немесе әлем үшін маңызды бір жаңалық ашамын» дегеннен гөрі жеңіл мамандықтарды таңдауға тырысады. Менің ойымша, бұл – уақытша құбылыс. Өйткені, уақыт өте келе бәріміз ғылымға, жаңалық ашуға ұмтылатынымыз айдан анық», — деді тележүргізуші.

Осы орайда Ләйлә Сұлтанқызы қазіргі таңда мемлекет студенттер мен оқушылардың білім алуына жағдай жасап отырғанын атап өтті.

«Себебі, елімізде Назарбаев зияткерлік мектептері және басқа да білім ордаларында ашылды. Ондағы жас жеткіншектер ғылыми бағытқа ден қойып жатыр. Осы өзгерістерді мен өз ұлдарымнан байқаймын. Мысалы, менің 11 жастағы ұлым бар. Қазірдің өзінде ол ғылыми жобаларға қатысып жүр. Бұл – жақсылықтың нышаны. Сондықтан АЭФ – жастарға үлкен мүмкіндік береді. Форум аясында олар әлемдегі беделді тұлғаларға өз сұрақтарын қойып, өз идеяларымен бөлісе алады. Менің ойымша, жастар бұл мүмкіндікті жіберіп алмауы керек», — деп түйіндеді сөзін ол.

Ал аталған байқауда жеңіске жеткен Әйгерім Серікжанова АЭФ-те талқыға саланатын, әлем үшін маңызды 11 тақырыптың қайсысын таңдайтытнын жеткізді.

«Футурологтардың айтуынша, келешекте әлемде су тапшылығы пайда болып, адамдарға азық-түлік жетіспейді. Қазірдің өзінде дүниежүзіндегі кейбір елдерде табиғи байлықтар үшін соғыс болып жатыр. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Сондықтан мен форум барысында осы мәселеге қатысты сарапшылардың пікірін білгім келеді», — деді ол.

Сондай-ақ, «АЭФ-ке барамын» байқауының тағы бір жеңімпазы Әйгерім Тасболат жаңа технологиялар мемлекеттің дамуына пайдасын тигізетінін айта келе, әлемдегі цифрлық өзгерістер жайлы көбірек білгісі келетінін алға тартты.

«Мен «Цифрландыру әлемі» секциясына қатысқым келеді. Себебі, мен техникалық мамандық бойынша білім алып жатырмын. Бұл саладағы мәселелер мен үшін қызықты. Мысалы, біз елімізде цифрландыру процесін жеделдетсек, ол басқа салаларға қалай әсер етеді? Осы сұрақ мені қатты толғандырады. Сондай-ақ, 2020 жылға дейін дамыған елдер өз экономикасының 20%-ін цифрландырмақ. Неге? Форумда осы сұрақтарға жауап тапқым келеді», — дейді студент.

Айта кетейік, ХІ Астана экономикалық форумы 17-19 мамыр аралығында елордада өтеді.

Дереккөз: Baq.kz




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *