Бала бақшаның бала үшін маңызы қандай?

146

Қазір ата-аналардың көбісі балаларын 1 жастан асқаннан кейін-ақ бала бақшаға беруге құмар. Бірі мұны жұмысбастылықпен түсіндірсе, екіншілері қажеттілік деп айтады. Баланың ерте дамып, жетілуі үшін бала бақшаға барғаны жөн деп есептейді. Бірде бір танысым қызын екі жасқа тола салысымен бала бақшаға апарғанын айтты. Бірақ кейін бұл қадамына қатты өкінгендігін де жасырмады. Өйткені баланың бала бақшаға  бейімделуі қиынға соққан. Бала неліктен өзін бөтен адамдардың қасында қалдыратынын түсінбей, психологиялық күйзеліске ұшыраған. Тәрбиешілер уақыт өте бала үйренісіп кетеді деп айтқанымен, керісінше болған.  Сөйтіп, бала жай ғана ата-ананың қатал қадамына бойұсынған екен.

Әрине, бала бақшаның оң тұстары да аз емес: алғашқы достар, ұжымға үйрену… Дегенмен баланы ата-анадан тым ерте ажырату болашақта беймазалық пен үрейлілікке бой алдыратынына ықпал ететіні рас.

«Заманауи» ата-аналардың балаларына көп уақыт бөле алмайтындығы заман талабы болса керек. Бұл мәселеге жұмысбастылық пен балаға қарайласатын ата-әжелердің жоқтығы басты себепкер. Сондықтан мұндай қадамға мәжбүрлі түрде баратын ата-аналарды сөгу дұрыс емес.

Нейропсихология ілімі бойынша, баланың бала бақшаға баруы үшін қолайлы жас жоқ екен. Бала өзінің қауіпсіз емес ортада екендігін неғұрлым ерте сезінген сайын, оның жоғары психикалық функциялары, яғни зейіні, ойлауы мен сөйлеу қабілеттері соғұрлым кеш дамиды.

Екі жастағы бала өзін бала бақшада қалдырған анасымен кешкісін кездесетіндігін мүлдем түсінбейді. Анам кетті. Демек ол қайтып оралмайды деп ойлайды. Нәтижесінде  баланың жылауы, қырсығуы және тұйықталуы секілді жағымсыз қылықтары туындайды.

 «Балам  бала бақшаға барғанда мүлдем жыламады, жаңа ортаға тез бейімделді» деп ойлайтын ата аналар қателеседі. Себебі бала эмоциясын сыртқа шығармастан, айырылысуға  іштей күйзеледі. Ал бұл бала психикасы үшін әлдеқайда қауіпті. Тұрақты күйзелісте жүрген баланың миы сөйлеу қабілетін тежейді. Салдарынан бала бақшадағы шараларға, оқыту үдерісіне толыққанды қатыса алмайды.  Сол себепті балаларды 3 жасқа дейін бала бақшаға беріп, түрлі дамыту бағдарламаларын оқытудың қажеті жоқ. Психолог мамандардың басым бөлігі  осы пікірді ұстанады. Үш жасқа толған баланың жаңа ортаға бейімделуі едәуір жеңіл өтеді және оның психикалық дамуына  кері әсер етпейді.

Соңғы кезде баланы сәбилік кезеңінен бастап жан-жақты дамытуға тырысатын,  шет тілдерін оқытып, әр түрлі үйірмелерге қатыстыруға әуес ата аналар қатары артып келеді. Баланы былайша шаршатудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Барлығы  өз уақытымен болуы керек.

Балаға тәрбие мен  білім беру оңай шаруа емес. Бірақ бұл міндеттерді өзгелердің мойнына артып қою да үлкен әбестік. Мойындаңыз. Бала бақша балаңыз үшін керек пе, әлде өзіңіздің өміріңізді жеңілдету үшін бе?..

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *