Президент Куба үкіметінің төрағасы Мигель Бермудеске көңіл айту жеделхатын жолдады

257

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Куба Республикасы Мемлекеттік кеңесінің және Министрлер кеңесінің төрағасы Мигель Марио Диас-Канель Бермудеске көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Kazgazeta.kz ақпарат агенттігі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Гавана қаласының маңында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

«Осынау қиын сәтте, қаза болғандардың туыстары мен жақындарының, сондай-ақ барлық Куба халқының қайғысына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын. Зардап шеккендердің бәрінің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.

Еске сала кетсек, жұма күні Кубада жүздеген жолаушы мінген Cubana de Aviacion әуе компаниясының Boeing-737 ұшағы апатқа ұшырады. Гаванадан Ольгинге қарай бет алған ұшақ Гавана әуежайынан ұшқаннан кейін бірнеше минуттан соң жерге құлаған. Ұшақты жалға алған Global Air компаниясы ұшақ бортында барлығы 110 адам, соның ішінде, 104 жолаушы және алты экипаж мүшесі болғанын хабарлады. Granma басылымы өзінің Twitter парақшасында апаттан үш әйел адам мен бір ер адам тірі қалғанын жазды. Ер адам ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Зардап шеккендерге қазір реаниматолог, хирург, невролог, ортопед және басқа да мамандар көмек көрсетуде.

Aviation Safety Network порталының мәлметі бойынша, бұл апат 1999 жылдан бері Cubana de Aviacion компаниясы үшін бірінші рет орын алып отыр. Куба билігі қайғылы оқиғаға байланысты қаралы күн жариялады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *