Халықтың ақпараттық сауаттылығын арттыруды мектептен бастау керек – Саясат Нұрбек

481

АҚШ-тың, Еуропаның журналистика мектептері оқу бағдарламаларын өзгертіп жатқанда елімізде де жаңа бағдарламалар енгізу қажет. Бұл туралы XV Еуразия медиа форумының кеңесшісі, тәуелсіз сарапшы Саясат Нұрбек мәлімдеді

«Қазіргі таңда ақпаратты даярлау мен оны шығару мерзімі қысқарып кетті. Бұрын журналистер үшін ақпарат жинау қаншама уақыт алатын, оларға редактор тапсырма беретін. Қазір жарты сағаттың ішінде жеке суъективті пікірі мен эмоциясына негізделген блогердің жазған ақпаратын бір сағаттың ішінде мыңдаған, миллиондаған адам көреді де, сол пікірге сүйенеді. Дәстүрлі БАҚ-тың ішкі өндірісінің өзі өзгеріп жатыр. Ақпарат даярлау ақпаратты тексеру, жалған хабар деген қазіргі таңда өте көп. Неге десеңіз эмоцияға негізделген жалған хабарға сену де оңай болып кетті, сондай-ақ жаңа технологиялардың арқасында тез таралады», — деді сарапшы.

Ол форумда осыған байланысты сұрақтар көтерілетінін, әлемнің әр тарапынан өте мықты мамандар келіп отырғанын, медиа форум осы саланың мамандары жиналып саланың түбегейлі проблемаларын талқылауға берілген бейтарап кәсіби, объективті ашық алаң екенін атап өтті.

«Ең басты үлкен мәселе – журналистка этикасы. Ақпараттық технологиялар бұл саланы қатты өзгертіп жатыр. Әлемде журналистиканы оқыту мәселесі бірінші орынға шықты. АҚШ-тың, Еуропаның журналистика мектептері толығымен оқу бағдарламаларын өзгертіп жатыр. Бүгінде ұялы телефонмен қалай түсіруге болады, толығымен технологияларға жұмылу және тез жазу, онлайн және цифрлық алаңдарды толығымен қолдану, журналистерді оқытудың өзі өзгері жатыр. Әлемдік журналистика мектептері оқушыларға мүлдем басқаша үйретіп жатыр. Бұл бізге де керек. Азаматтық журналистика феномені сахнаға шығып жатқанымен біз оны әзірге түсінбейміз. Тағы бір мәселе жаңа технологиялар көбейген соң жалған ақпарат көп болып кетті. Онымен күресу өте қиын», — деді Нұрбек.

Сарапшы жалған ақпараттың ара-жігін анықтау үшін бір ғана түбегейлі шешім барын, ол бұқараның ақпараттық сауаттылығын арттыруды мектептерден бастау қажет екенін айтты.

«Қазіргі таңда Еуропада, дамыған елдерде, АҚШ-та орта мектеп деңгейінде оқу бағдарламаларына «сыни түрде ойлау», «ақпараттық сауаттылық» деген пәндер енгізіліп жатыр. Ақпарат өте көп, сол себепті балаларды кішкентайынан ақиқат пен жалғанды ажыратуға қабілет беруіміз керек. Яғни жалған ақпараттың шығуын тоқтата алмайсыз, ол шыға береді. Неге десеңіз оның арқасында сенсация, рейтинг болады және тікелей коммерциялық мақсаттарға байланысты. Сондықтан оны шектеу мүмкін емес. Цензура мен жалған ақпаратты тоқтатудың арасындағы шекара өте жіңішке. Тек қана бір тұтынушыдан, ақпаратты қабылдаған бұқарадан бастауымыз керек. Бұқара ақпараттық сауатты болса олар рас-өтірігін өзі ажырата біледі де, рейтинг түседі. Қазіргі таңда журналистер, сарапашылар қауымдастығы осы мәселені көтеруі тиіс. Бір жағынан журналистер қауымдастық ретінде этикалық принциптерін сақтап, нығайтуы тиіс, екінші жағынан бұқараның да ақпараттық сауаттылығын көтеруіміз керек», — деп сөзін түйіндеді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Алматыда «Эволюцияның 15 жылы: құбылмалы дүние және өзгерім әкелген әлем» тақырыбында XV Еуразия медиа форумы жұмысын бастады. Форумның алғашқы күні сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін жеті авторлық мастер класстар өтеді.

Дереккөз: Baq.kz

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *