Мемлекет басшысы KADEX-2018 көрмесінің басты ерекшелігін айтты

4

Астанада өтіп жатқан халықаралық КADEX-2018 қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған көрменің басты ерекшелігін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

«Халықаралық КADEX-2018 қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылуы құтты болсын! Бесінші рет өткізіліп отырған айтулы іс-шара биылғы жылы Астананың 20 жылдығына тура келіп отыр. «Қазақстандағы ғарыш күндері» атты халықаралық форумының ұйымдастырылуы — биылғы көрменің басты ерекшелігі», — деді Елбасы.

Осы орайда Мемлекет басшысы көрмеде ғарыш саласына арналған арнайы павильон жұмыс істейтінін атап өтті.

«Мұнда әлемнің ғарыш саласының жетістігіне арналған арнайы павильон ашылды. Бүгінгі КADEX көрмесі қару-жарақ және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы әлемдік маңызы бар шараға айналды. Әлемнің 28 елінен келген 318 кәсіпорын өз өнімдерін осы көрмеде ұсынады», — деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев көрмеге келген азаматтар отандық қорғаныс өнеркәсіп кешенімен және ғарыш саласының соңғы жетістіктерімен танысатынын жеткізді.

«Бұл ретте электрондық жүйе мен байланыс, қару-жарақ жүйесін дамыту ісіне баса мән берілген. Ақпараттық қауіпсіздік саласын жетілдірудің тың жолдарын зерттеу ісіне назар аударылды. Көрме Қазақстанның қорғаныс өнәркәсібінің әлеуетін арттырып, оны жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді деп сенеміз. Осы шараға қатысушылар арасында өзара тиімді келісімшарттар жасалуына тілектестік білдіремін», — деді Президент.

Сөз соңында Елбасы көрмеге қатысушылар мен ұйымдастырушылардың жұмысына зор табыс тілеп, аталған шараның жоғары деңгейде өтуі үшін қазақстандық тарап қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтты.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *