Тәрбия Айдымбаева: «Ең әдемі киім – ұлттық киім»

1

«Ең әдемі киім – қазақтың ұлттық киімі» дейтін белгілі сәнгер, тігінші Тәрбия Айдымбаеваның кәсіпкерлікпен айналысқанына 20 жылдан астам уақыт өтті. Осы мерзім ішінде өнер иесінің қолынан сан-түрлі ұлттық нақыштағы ерекше киім үлгілері шықты. Дүниежүзін шарлап, 17 жыл бойы жоғары сұранысқа ие болып келген «Адай қыз» костюмінен бастап, кеше ғана Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар-ламасын негізге ала отырып туындаған, құс бейнесіндегі «Рухани жаңғыру» атты жаңа туындысы көпшілікті тамсандырмай қоймады. Оның әрбір жұмысы ерекше ықыласпен шын жүректен шыққан жылы да, бірегей туындылар.

– Тәрбия, сіздің тігін тігумен айналысқаныңызға 20 жылдан асыпты. Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?
– Мен Алматы технологиялық универ-ситетінде оқыдым. 1997 жылы оқуды бітірген соң, Маңғыстауға барып, осы кәсіпті бастадым. Бірақ бірден бастау әрине қиын, алғашында жұмыс қажет болды. Көп жерден сұрастырып, жұмыстың ыңғайы болмағаннан кейін, үйде 1-2 айдай отырып қалдым. Бірде теледидардан жүгіртпе жол арқылы Ақтау қаласында үлкен сайыс өтетіні жайлы оқыдым. Бірден ұсыныс білдіріп, облыс көлемінде өтіп жатқан үлкен шараға атсалыстым. Институтта оқып жүрген кезде республика бойынша «Алтын адам» дейтін бір үлкен коллекция жасап, содан бірінші орын алған едім. Облыстық сайысты ұйымдастырушылар менің жетістігімді білгеннен кейін: «Сайысқа қатыстыра алмаймыз, бірақ қонақ ретінде аламыз, себебі, сіздің жұмыстарыңыз өте керемет екен» – деді. Әлі есімде, 7000 теңге сыйақы алдым. Ол бір үлкен қуаныш болған. Сол кезден бастап, менің киімдерімді көрген өнер ұжымдары маған: «Осындай жұмыстар бар, қалай қарайсыз, істей аласыз ба?» – деп ұсыныстар айта бастады. Әрине, мен тігуді өте қатты жақсы көремін, анам тігеді, нағашы әжемнен қалған дағды, яғни, бұл өнерге деген бейімділік менің қанымда бар.
– Осы уақыт аралығында сіздің қолыңыздан қаншама тамаша бұйымдар шықты. Өзіңіз айтып өткендей, талай өнер ошақтарының сахналық киімдерін дайындадыңыз. Олардың көбі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Дизайндық үлгілерін өзіңіз жасайсыз ба?
– Иә, киімдерді суретші ретінде өзімнің қиялымнан жасап шығамын. Олардың көбі бірегей. Бірақ, неге олай болатынын өзім де білмеймін. Кейде бір жұмысты бастағанда, тоқтайтын кезіңді де білмейсің. Ол сенің көңіліңнен шықпайды. Істей бергің келеді. Кейде апталап ойыңдағы дүниені шығара алмай аласұрасың. Айлап күтетін жұмыстар да болады. Бірақ шынын айтсам, бұрындары ешқашан тігінші болам деп ойлаған жоқпын. Мектепте оқып жүргенде өзіме киім тігіп алатынмын. Бірақ бұл мамандық менің өмірлік кәсібім болады деп ойлаған емеспін. Тамақ дайындағанды өте жақсы көремін. Технологиялық институтқа «Қоғамдық тамақтану технологиясы» дейтін мамандыққа түсем деген оймен барғанмын. Бірақ оқуға тапсырар кезде ол жерге конкурс өте үлкен болғандықтан, қолымнан келетін өнер ғой деп тігіншілік мамандығына құжаттарды тапсырдым. Институтта көп нәрсені үйрендім, тігін технологиясымен таныстым. Үлкен білім алдым. Менің мақсатым — адамдарға ләззат сыйлау. Олардың қуанғанын көру, әр адамның өмірінде бір-ақ рет болатын ең үлкен қуанышына ортақ болып, оған көмектесе білуіңнің өзі ерекше жігер сыйлайды.
– Сіздің жұмыстарыңыздың дені ұлттық нақышқа негізделеді.
– Мен дипломдық жұмысты да ұлттық нақыш тақырыбына қорғадым. Менің дипломға дейінгі шығарған коллекцияларым да осы тақырыпта. Мен бүкіл дүниежүзі бойынша Иран, Қытай, Моңғолия, Франция, Түркия және өзге де елдердегі қазақтармен араласам, өзім барып олардың тұрмысымен таныстым. Олар қалай тұрады, қандай киім киеді, олардың тарихы, үйі немесе жиһазы, ұлттық өнерді қаншалықты пайдаланады? Осының бәрі мен үшін қызық болды. Оны күнделікті тұрмыста пайдаланбасам да, ішкі жан-дүниемді қанағаттандыруым керек болды. Ол менің бала күнімнен келе жатқан қызығушылығым.
– Маңғыстауда «Тәрбия» сән үйі бар. Оның жұмыс істегеніне қанша уақыт өтті?
– Оқу бітіргеннен бастап аштым. Әрине, басында қазіргідей үлкен болған жоқ. Жеке кәсіпкер ретінде бастадым. Негізі алғашқыда атауын олай қойғым келмеген. Бірақ халық менің атымды білетін болғандықтан, Тәрбияға барамыз деп айта келе, солай қалыптасып кетті. Жақын күндері тағы бір жаңа линия шығардым. Оны «Тәрбия-Жәмилә» деп қойдым. Жәмилә деген тәтті қызым бар. Жаңа ұлттық киімдер сол қызымның атымен жүрсінші деп атадым. Онда күнделікті өмірге арналған киімдер, сөмкелер бар.
– Сіздің сән үйіңіздің филиалдары Алматы, Астана қалаларында да бар екен. Олардың ашылғанына көп уақыт болды ма?
– Жоқ, көп болған жоқ. Алматыда ашқанымызға екі жылға жуықтады. Ал Астанадағы филиалға бір жыл.
– Өткен жылы сән үйіңіздің 20 жылдығы болды. Оны жоғары дәрежеде атап өттіңіздер. Ақтау телеарналарынан реалити шоу ретінде үлкен жоба ұйымдастырғаныңыздан да хабардармыз.
– Рас, 20 жылдықты Ақтау қаласында кең көлемде атап өттік. Біздің негізгі сән үйіміз Ақтау қаласында. Он адамға 3 айлық тегін оқу жобасын ұйымдастырдық. Теледидар арқылы реалити шоу ретінде жеңімпаздарды анықтап, одан қалса сол он оқушы өзінің киімін тігіп, үлкен сахнада көрсетуге мүмкіндік алды. Менің ең алғашқы бақытты сәтімнің бірі – студенттік кезде гран-приді ұтып алғанда ректорымыз бірінші орын берген кезі. Сондықтан да, мен де өзгелерге сол бақытты сезіну сәтін сыйлағым келді. Олардың әрқайсысы үш айдың ішінде өзінің көйлегін тігуі керек болды. Олардың жұмысын көрсету үшін үлкен қонақ үйдің ішінде жиырма метрлік сахна құрылды. Осы сахнада ең үздік модельдерге киімін кигізіп, оның дизайнері екенін сезініп, 500-ден асқан халыққа иіліп сәлем етіп, қошеметіне ие болу меніңше әр адамға бақыт. Мен тігіншілерге сондай бақыт сыйлағым келді. Біздің еңбек өте қиын. Сондықтан, оның да ләззаты бар екенін сезіне білу керек.
– Жалпы бұл реалити шоуға қатысқысы келетіндер көп болды ма? Оларды қалай іріктедіңіздер?
– Шараны ұйымдастырғанда халықтан өте көп сұрақ болды. Қазылар алқасының құрамында телевидениенің бас редакторы және Раушан Аймырза деген ең үлкен жетістікке жеткен жас кәсіпкер қатысты. Елу адам ұсыныс білдірді, шоу барысында көбісі жылап, ренжіп, түрлі жағдайлар орын алды. Оның барлығы камераға түсірілді, бәрі әділ болды. Сондықтан, шынайы эмоциялар көрініс тапты. Шарт бойынша, онда өз бетінше оқуға жағдайы келмейтін адамдар таңдалуы керек болды. Мен жұмыспен қамту орталықтарына да хабарласып, барынша іріктеудің әділ өтуін қадағаладым. Мен кезінде бәрін өзім жеке бастадым. Еш жерде жұмыс жасаған жоқпын. Институттан кейін бірден жұмыс істеп кеткеннен соң, маған ешкім ондай мүмкіндік сыйлаған жоқ. Алайда, әр мүмкіндік адамды үлкен жетістікке жеткізеді.
– Жақында рухани жаңғыру деген киім үлгісін жасап шықтыңыз. Бұл белгілі бір тапсырыс па, әлде өзіңіздің шығармашылық ізденісіңіз бе?
– Біз әртүрлі жобаларға қатысамыз. Бұл ұсыныс болды. Айсұлу Дүтбаева дейтін кісі: «Осындай көйлек жасағымыз келеді. Қаншама дизайнерлерге хабарластық. Ешкімнің біріншіден, дизайны өтпеді. Екіншіден, олар жасай алмай жатыр. Бір апта уақыт қалды. Екі-үш ай бұрын бұл жобаны істейміз деп қолға алғанбыз. Сіз оны өз қаражатыңызға жүзеге асыра аласыз ба?» – деді. Мен келістім. Тапсырыс берушілер сахнаға шығар кезде ғана көрді. Екі түрін жасадық. Халық өте жақсы қабылдады. Маңғыстау облысында ол бір үлкен жаңалық болды. Мен алдымен рухани жаңғыру құсын зерттедім. Ол жеті түстен құрылған, жеті саны бізде қашанда қасиетті саналады. Қандай түстер бар? Оның барлығын зерттеп, қолымнан келгенше тырысып, компьютер арқылы жүзеге асырып, сондай мата басып шығардым. Ішкі көйлегін қолдан тіктік.
– Сіздің көпшілікке танымал керемет жұмыстарыңыздың бірі – Адай қыз. Қандай белгілеріне қарай сондай атау бердіңіздер?
– Адай қыздың шыққанына биыл он жеті жылдай болып қалды. Ол киім дүниежүзінің бәрін аралап шықты. Африка, Македония, Франция, Болгария, Сеул, Корея деген секілді дүниежүзінің барлық қалаларында болды деп айтуға болады. Қыздың үйден шыққан кезде киетін қызыл тоны болған. Оған арналған арнайы өлең жолдары да бар. Сол қызыл тонды жасадық. Негізі біз ұлттық киімдерді ғана тікпейміз. Сонымен қатар, мұражай экспонаттарын қайтадан жаңғыртамыз. Сондай бір ұсыныс түскен кезде Адай қыздың үлгісі пайда болған. Кейде халықтың ықыласына ерекше бөленетін хит әндер секілді бізде де бір үлгілер қалай халықтың жүрегін жаулап алғанын түсінбей жатамыз. Ұқсас екі көйлек тіксек, соның біреуі ғана халыққа өтімді болады. Мен осы күнге дейін ол жұмбақты шеше алмаймын. Адай қыз деген көйлектің тігілуіне менің басты сырласым, досым, әрі көмекшім анам барлық жағынан көмектесті. Сәукеленің де өзіндік үлкен тарихы бар ғой. Бір жобаны дайындарда әр суретші іштей оның суретін салып алады. Ертеректе сәукеле арқылы ол қыз бай болған ба, әке-шешесі бақуатты адамдар ма немесе жағдайы жоқ па, сәукелені қыздың анасы дайындағандықтан, болашақтан не тілеген, қандай теріні пайдаланған деген секілді әрбір деталіне дейін мән берген. Соның барлығын қолымнан келгенше зерттеп, ұлттық үлгіні сақтап қалуға тырыстым. Ол әрине табиғи алғашқы қалпында болуы мүмкін емес. Дегенмен, мен жазбаша әдебиет, кітаптарға сүйеніп, көп оқыдым. Сондықтан да, ол әдемі болып шықты деп ойлаймын. Осыншама жылдар бойы халықтың қошеметіне ие болуы да ізденістің арқасында шығар. Одан бері қаншама керемет жұмыстар жасалып жатыр. Кейде арнайы осы жұмыс әдемі болады деп барыңды салып, бүкіл қымбат тастармен әшекейлеп, қымбат маталарды пайдалансаң да, ондай танымалдылыққа ие бола алмайды. Ал, Адай қыз біздің басты қалаларымыздың афишаларында да жарқырап көрініп жүр. Өткен жылы ЭКСПО болған кезде Грузияның президенті біздің Елбасына сәлемдеме жолдады. Оның алдында бізге адам жіберіп, Адай қыз костюмын алдыртты. Оның мақсаты президентімізге сәлемдемені ұсынатын аруға осы костюмді кигізбекші екен. Мен алдыма осындай мақсат қойып, әдейі киім үлгісін жасасам да, бұлай болмас еді. Негізі, Адай қыздың жолы жеңіл.
– Онда оның бір құпиясы атында жатқан шығар?
– Жоқ. Аты кейін пайда болды. Мен ол киімді тігерде ешқандай атау ойлаған жоқпын. Еш нәрсені алдын ала жоспарлай алмаймын. Ол өздігінен «Адай қыз» аталып кетті.
– Шетелдің көбін аралады деп отырсыз ғой. Өзге елдер біздің ұлттық киімдерді қалай қабылдайды?
– Өте жақсы қабылдайды. Сенесіз бе? Кейде оның өзін сезіну бақыт. Мен әрдайым ұлттық киім біздің абыройымыз деп айтам, ол біздің мақтанышымыз. Ең әдемі киім – ұлттық киім. Неліктен? Мысалға бір керемет дүниежүзілік брендті алайықшы. Америка, Испания, Италия, дүниежүзінде қаншама елдер бар. Кез келген еуропалық үлгідегі брендті киюіңіз мүмкін. Бірақ дәл ондай киім сізден басқа тағы біреуде болуы әбден мүмкін. Ал, сіздің ұлттық киіміңіз дүниежүзі бойынша сіздікі ғана. Ұлттық киімді киіп шыққанда адам жігерленеді. Ол өзінің тарихы, өзінің бет-бейнесі, өзінің ата-бабадан қалған мұрасы. Менің тігін саласында жұмыс жасағаныма жиырма жыл, дегенмен кезінде мен еліктеп, үлгі алардай, үйренетіндей ұлттық нақышта киім дайындаған дизайнерлер болған жоқ. Себебі, ол 1998-99 жылдары ұлттық киімге сұраныс та болған жоқ. Ол кезде ашық-шашық көйлектер көп болды. Жеңі шолақ немесе арты ашық көйлектер болды. Мен сондай көйлектерге ою салдым. Сондай мәнерде алғашқы коллекцияларымыздың бірі шықты. Бірақ қазір Аллаға шүкір қоғам, экономика дамып жатыр. Менің ойымша халықтың жағдайы жақсарып, еліміз түзелді, енді біз жан-жағымызға қарайтын болдық. Тарихқа үңіліп, киімдеріміздің әдемілігін одан әрі аша түскіміз келеді.
– Күнделікті киюге арналған ұлттық коллекциядағы киімдер шығарып жатырсыз ғой. Сол киімдерге халықтың сұранысы қандай?
– Басқа жақты білмеймін, бірақ Маңғыстауда күнделікті киеді. Қарапайым күнде біз ұлттық киім кие береміз. Бізде киюге болмайды, ұят болады деген нәрсе жоқ. Ол жақта ұлттық киімге деген сән бар. Биыл сәнге айналған дүние келесі жылы ауысады. Жылдан жылға жаңа үлгі жасаймыз. Сондықтан, ол өзінше жатқан бір дүние. Бірақ қазір Алматы, Талдықорғаннан өте көп сұраныстар түседі. Көп адамдар ата-анасына алады, үлкен кісілер киіп жүргісі келеді, оның жылылығын сезінеді.
– Киімдеріңіздің бағасы қаншалықты халыққа қолжетімді?
– Мен қаншама сұқбатқа барам, бұл сұрақты барлығы қояды. Қолымнан келгенше бағаны түсіруге тырысам. Қазіргі кезде мендегі баға өте төмен деп айта алам. Бағаның өзі түрлі себептерге қарай қойылады. Мәселен, біздің матамыз өте қымбат, негізі баяғыда біздің ата-бабамыз арзан матаға ешқашан ою салмаған. Соны білуіміз керек. Кейбір нәрселерді артық қыламыз деп, тыртық қылып жатқан жағдайымыз бар. Бір оюларды жапсырмайтын жерге жапсырып жатқанды көргенде ыңғайсыз жағдайға түсемін. Ол маған ұнамайды. Біздің киім өзінің статусын жоғалтпауы керек. Арзан жасаймыз деп оның қасиетін, қадірін жоғалтып алмауымыз керек. Ою әрдайым қымбат матаға, яғни, бетінде түгі бар матаға жапсырылған. Технологиялық процесс сақталуы тиіс. Біздің әжелеріміз оюды түгі үлкендеу, әдемі мақпалға жапсырған ғой баяғыда, ал, мақпалдың сапасы қандай болған? Оған жапсырылған ою жіңішке болып көрінген, нәзіктігі сақталған. Ал, қазір тықыр матаға да, басқаға да оюды басып тастайды. Олай істеуге болмайды. Себебі, біз жалпы балансты жоғалтамыз. Егер олай болған жағдайда матаға көмектесіп, қосымша тәсілдерін енгізуің керек. Ол ұлттық бояудың сыры. Суретші ретінде қараған кезде оны байқауға болады. Халқымыз неге табиғи теріні пайдаланған? Ол оюдың белгілі бір дәрежеде балансын береді. Біздің ұлттық дүниелерді алып қарасаңыз, ешнәрсе бекер жасалмаған. Қазіргі кезде біз бұйымдарды қаракөл терісінен жасаймыз. Маңғыстауда Сенек деген ауыл бар. Құмда, өте әдемі, табиғаты керемет жерде орналасқан, Дубайға ұқсас десем артық айтқандық емес. Құмдар, бір жағынан қарасаңыз тау. Сол жерде қаракөл өндіріледі. Біз соларды өндірісте пайдаланамыз. Сондықтан, бұйымдарымыз да сапалы.
– Қазіргі таңда ұлттық нақышта киім тігетін дизайнерлердің қатары көбейіп келе жатқандығы қуантады. Халыққа таңдау жасау мүмкіндігі артып келеді. Дегенмен, осындай конкуренциядан ұтыламын деп қорықпайсыз ба?
– Конкуренция өсіп келеді. Ол киімде, сенің тіккен өніміңде ғана емес, конкуренция кризисте де болып тұр. Адамдарда Аллаға шүкір, қазір бәрі бар, халықтың көзі тойды. Енді халықты арзан дүниемен алдай алмайсыз. Тұтынушы бірінші орында затты аларда, бір жуғаннан кейін пайдаға асыра алам ба деп ойланады. Сапаға мән бере бастады. Конкуренция дегенде, өндіруші алдымен өзінің ар алдындағы адалдығын ойлау керек. Ертең мен тұтынушыммен кездескенде ұялмайтындай болуым керек. Егер 20 жылдан астам уақыт бойы осы салада жұмыс істеп келе жатсам, демек еңбегімнің бекер болмағаны. Уақытша көзбайлау дүние ұзаққа бармайды. Табыс көзі ретінде көмектесуі мүмкін. Алайда, оның ғұмыры қысқа. Қандай жұмысты бастасаңыз да, ол жүрегіңізге жақын, сүйікті ісіңіз болуы керек. Әрбір тіккен бұйымды өзіңізге жасағандай ұқыпты дайындасаңыз, ол нашар болмайды. Сапалы дүние иесін табады.
– Әңгімеңізге рахмет. Ісіңізге береке берсін!

Сұхбатасқан 
Гауһар Түстікбаева




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *