Ораза – сабыр мектебі

332

Мұсылманның бес парызының бірі – Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау екені баршамызға белгілі. Иман жолына шынайы бет бұрған халқымыз Рамазан айында Алланың рақымына бөленуді үміт етіп, сауабы мол ізгі амалдарды атқаруға ниеттеніп отыр. Ораза – бұл Алла мен адамның арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлы ғибадат. Иман жолы сабырлық пен тақуалықты талап етеді. Ал Ораза нағыз, шынайы тақуалыққа жетелейді.

ОРАЗА – сабыр мектебі. Рамазан – рухани жаңару айы. Жерді мекен еткен аң мен құстың, барлық тіршілік иесінің жыл мезгілдерінде жаңару, түлеу, өзгеру үдерісінен өтетіні белгілі. Ал Алланың адам баласына берген шексіз нығметі, теңдессіз сыйы саналған ораза – тікенді жерге табан тигізбей, сақтанып жүретініміз секілді, күнәға бетпе-бет келуден сақтайтын, жан дүниемізді, мінез-құлқымызды жақсылыққа тәрбиелейтін, рухани түлеп шығатын құлшылық. Ауыз бекітудің адам өмірін ізгілікке бастайтынын білген пенде одан бас тартуы мүмкін емес.
ОРАЗА – мұсылман күнтізбесі, хижра жыл санауы бойынша, тоғызыншы айға тура келетін қасиетті ораза айында таңның атысынан күннің батысына дейін астан тыйылу арқылы орындалатын ислам дінінің бес парызының бірі. Сонымен бірге ораза деп мұсылман адамның кез келген күні астан тыйылу арқылы орындаған ғибадатын да айтады. Мұсылман дінінде оразаның парыз, уәжіп, нәпіл сияқты түрлері бар. Ораза айында ішіп-жеуден тыйылу барлық мұсылманға орындалуы міндетті шарт, яғни мұсылманның бір парызы болса, басқа күндері орындалатын ораза не уәжіп, не нәпіл болып саналады.
Уәжіп ораза – адамның осы күні ұстаймын деп нақты күнді белгілеп тұтқан атаулы оразасы немесе күнін белгілемей, бірақ өздігенен ниет етіп қойып кез келген күні өтеген оразасы. Ал нәпіл оразалардың ішінде сүннет, яғни Мұхаммед пайғамбардың орындаған түрлері бар, оларға күнара немесе әр аптаның дүйсенбісі мен бейсенбісінде ұстаған оразалар жатады. Бұлардың біріншісі, хадистер бойын­ша Дәуіт пайғамбардан қалған амал болса, екіншісінің негізіне хадистердегі Мұхаммед пайғамбардың «Адамның істері Аллаға дүйсенбі мен бейсенбі күндері тапсырылады» деген сөздері алынған.
ОРАЗАНЫҢ МАҢЫЗЫ. Ораза араб тілінде «ас-саум» – өз нәпсісін тыю, жаманнан алыстау деген мағынаны білдіреді. Ораза исламдағы бес парыздың ішіндегі намаздан кейінгі үшіншісі. Оразаның қандай жағдайда қабыл болу-болмауы, қандай жағдайда бұзылып, қандай жағдайда бұзылмайтыны туралы шариғатта бекітілген. Ораза адам нәпсісін тыйып, рухани өсуге, өз бойындағы жаман әдеттерден арылып, көркем мінезін тәрбиелеп қалыптастыруға мүмкіндік беретін құлшылық. Ораза ұстаған адам көз күнәсі, сөз күнәсі сынды нәпсіні қоздыратын құмарлық сезімдерден арылып, әрдайым ізгі амалдар жасап, Алланы еске алып, дұға-тілекте болуы тиіс. Бос уақытында діни кітаптар оқу және бес уақытқы парыз намазынан сырт, нәпіл намаздарын оқып отырғаны дұрыс. Оразада істелген ғибадаттардың сауабы қаншалықты мол болса, күнәнің жазасы соншалықты аса ауыр болады деп саналады. Өйткені діни түсінікте, қасиетті рамазан айында адамның қас жауы, жер бетіндегі ібіліс шайтан атаулы бір айға кісенделеді. Демек, осы айда өткізген пенденің күнәсі шайтанның азғыруынан емес, тікелей өзінің себепшілігінен болады. Сол үшін оның жазасы ауырлайды.
Сонымен, бірлікте қазақы ­ортада оразада Құран аудару, қатым түсіру дәстүрі берік орын алған. Бұл ислам­дағы о­раза айында оқылуы сүннет саналатын тарауық намазымен байланысты. Тарауық н­амазы рамазан айында құптан намазынан соң оқылатын сүннет намаз, тарауықта Құранның бірінші аятынан бастап соңғы аятына дейін оразаның әр күні сайын бөліп оқылып, Құран аударылып шығады. Бірінші күнгі тарауық намаздарының уақыты ұзақ болады, себебі Құранның алғашқы аяттары ұзын болғандықтан, кейде қиямда жарты сағаттан да тұрып тұруға тура келеді. Сөйтіп, әр күнгі тарауық намазында оқылған пара Құрандардың саны біртіндеп азайып, ең соңғы пара Құран соңғы аятпен аяқталып, намаз уақыты қысқарып қалады. Тарауық ­намазы мұсылман адамның төзімділігіне тағы бір сынақ іспетті, күні бойы ораза ұс­таған адамның намазда ұзақ уақыт ұйып тұруы үшін де оның қанша нәпсісін тыю жігері қажет етіледі. Сондай-ақ Құран­ның барлық сөздері, тіпті әрбір ды­бысын түгел естіп түсінуге мүмкіндік туады. Тарауықты әдетте, ораза ұстаған мұсыл­ман­дар ауызашардан соң мешітте жина­лып оқиды. Тарауық намазына имам болу­ға мол­далардың ішіндегі қарилері таңдалады.
Себебі, қари дегеніміз – Құранды түпнұсқадан мақамға салып әдемі ­дауыспен бастан аяқ жатқа оқи алатын дін қызметкері немесе мұсылман адам. Мешітке бармаған жағдайда бұл намазды орындағысы келген мұсылман адам Құранды жатқа білмесе, оқып отырып та аударып шығып, қатым түсіруге болады.
АУЫЗ БЕКІТУ – ораза тұтушының таң намазы уақытынан бұрын тамақтанып, ауыз бекітуге ниет еткен діни сүннеті. Ауыз бекітуге байланысты қабылданатын осы таңғы асты сәре, сәре асы, сәресі деп атайды. Ауызашар сияқты ауыз бекітудің атқарылуы да сүннет болып есептелінеді. Адам ұйықтап қалып сәресі ішу уақытын абайсызда өткізіп алса кешіріледі. Сондай-ақ түнде жатар алдында ниет етіп тамақ ішіп, ауыз бекітіп жатса да ораза қабыл болады. Алайда таң намазын өтеу парыз болғандықтан, оның алдында тұрып сәресі ішу міндетті болып есептелінеді.
Ауыз бекіту – ораза тұтатын адамның таң қылаң бермей тұрған уақыттан күні бойы кеш батқанша Алланың ризашылығы үшін ең алдымен ас-cу ішуден, сосын жаман сөз айту сияқты басқа да жаман әдеттер мен әрекеттерден тыйыламын деп ниет қылып, таңғы асын – сәресін ішіп, соңында «осы ниетім қабыл болсын» деп дұға жасауы. Ауыз бекіту ораза ғибадатының бастауы. Оның дұға, яғни cөз түріндегі; таңғы асты ішу, дұға соңында бет сипау, яғни қимыл ишарат түріндегі белгілері бар. Бұлар бірімен-бірі тығыз байланысты, сондықтан олардың ауыз бекіту рәсімінде бірінің орындалмай қалуы ғибадатты тұтастықтан, толыққандықтан айырады. Осымен байланысты қазақ отбасында сәресіне ерекше мән берген.
Сәре – түннің таң алдындағы соңғы мезгілі, ал сәресі осы мезгілде, таң атпай тұрып ішілетін ас. Тілімізде сақталып келе жатқан «Сәресінде береке бар», «Сәресін ішпей үйден кетпе» деген нақыл сөздер осының белгісі. Ислам дінін қабылдаған қазақтар үшін ораза аса маңызды парыздың бірінен саналған. Сондықтан оның дұрыс өтелуі үшін ораза тұтушы адамға оның отбасы түгел тілектес болатын. Мәселен, отағасының немесе ораза тұтып жүрген үйдің қарияларының сәресін олардан ерте тұрып әзірлеп беру ерекше сауаптан саналатын, сол үшін үйдің келіндері сәресін дайындауға асыққан. Олар өздері ораза ұстамаса да, ораза тұтқан адамнан ерте тұрып, асын әзірлеп ерекше құрметпен күткен. Сәресіне ет-сорпа, тары-талқан, қатық-айран сияқты адамға күні бойы әл беретіндей қуатты тамақ ұсынған, шөлдетпейтіндей астың тұзды болмауына мән берген, шөлдететін сүр тағамдарды сәресінің ас мәзіріне қоспаған.
АУЫЗАШАР – ораза ұстаған адам­дар­дың күн батқаннан соң тамақтанатын уақыты. Таң атқаннан күн батқанға дейін тамақтан тыйылып «ауыз бекітіп» ораза ұстаған адам, ауыз ашатын уақыт болғанда «бісмиллә»-сін айтып ең әуелі судан немесе тұздан ауыз тиеді. Ораза уақытында парызын өтеушілерді ауызашарға шақырып, дәмді, сыбағалы тағамдар ұсынып, құр­меттеу сауап алу белгісіне саналады. Ауыз­ашар дастарқанында мұсылмандық тағам­дар ғана қойылады. Көшпелі ортада ауызашар қазақы үрдіспен атқарылды. Яғни ауызашарға келгендердің үлкендеріне кәделі мүшелер, әйел мен жастарға тиісті сыба­ғалы мүшелер тартылады. Жиналған жұрт ислам қағидалары жайында әңгіме ай­тып, құтпа, нәпіл намаздарын оқып тарқасады.

ҚАСИЕТТІ АЙДАН КҮТІЛЕТІН ПАЙДА

Ораза тұтқан кезде дініміздің басқа бұй­рық­тарына да мән беруіміз керек. Оларға мән берілмесе тұтылған оразаның сауабы азаяды немесе жоқ болады. Оразаның және басқа бұйрықтардың мақсаты – дұрыс адам болу. Ораза тұтқан адам жаман істер жасайтын болса, оразадан күтілген пайдаға қол жеткізу өте қиын. Хадис шәрифте былай деп бұйырылған: «Қаншама ораза тұтқан адамдар бар, олар ашығу мен шөлдеуден басқа ешнәрсе ала алмайды». Оразадан күтілген үлкен пайдаларға қол жеткізу үшін:
– Көзді пайдасыз нәрселерге, харамға қараудан, жүректі жақсы нәрселерден тыятын жағдайлардан сақтау керек.
– Тілін жалған, өсек, арандатушы сөздер­ден сақтау қажет. Оразаның сауабын сақтау үшін тілді түрлі жамандықтардан қорғау керек.
Хадис шәрифте былай делінген: «Ораза – барлық жамандықтардың қалқаны. Ораза тұтқан адам надандыққа салынып, жаман сөз айтпасын. Егер біреу онымен ұрысса, «мен оразамын» деп жауап берсін».
– Ғайбаттаған адам мен оны тыңдаған адам күнәға ортақ болатындықтан харам нәрселерді тыңдаудан құлақты сақтау керек.
– Көзді, тілді, құлақты жамандықтардан қорғау секілді қол, аяқ және басқа мүшелерді де харамдар мен күмәнді нәрселерден қорғау керек. Харам нәрсе жеуден сақтану керек.
– Сәріде әртүрлі және күшті тамақтар жеуге болса да шектен тыс көп жеп, асқазанға ауырлық түсіру дұрыс емес. Ауыр жұмыс істемейтін адам аса көп жеп оразадан күтілген пайдадан құр қалмауы керек.
– Ауызашарда «тұтқан оразамыз қабыл болды ма екен?» деп ойланып, қорқу керек және оразаның қабыл болуы үшін Аллаһу та’алаға жалбарыну керек.
– Рамазанда Аллаһтан көп кешірім сұрап, Құран Кәрім оқу керек және дінін дұрыс жа­зыл­ған ғылымхал кітаптарынан үйрену керек.
Хазреті Имам Раббани былай дейді:
Мүбәрәк Рамазан айы – өте қасиетті, мәртебелі ай. Бұл айда жасалған нәпіл намаз, зікір, садақа және бүкіл нәпіл ғибадаттарға берілетін сауап басқа айларда жасалатын парыздардың сауабына тең. Бұл айда жасалған бір парыз басқа айларда жасалатын жетпіс парыздай болады. Бұл айда ауыз бекіткен бір адамға ауызашар беріп, ауыз аштырған адамның күнәлары кешіріледі. Тозақтан азат болады. Сол ораза тұтқан адамның сауабындай сауап бұған да жазылады. Ораза тұтқан адамның сауабы да мүлдем азаймайды. Құран кәрім Рамазан айында түсті. Қадір түні осы айдың ішінде. Рамазан айында ауызды шам уақыты кіруімен ерте ашу, сәре тамағын да имсак (фәжр) уақытына жақындатып кеш жеу сүннет болып табылады. Расулуллаһ бұл екі сүннетті орындауға қатты мән беретін еді. Ауыз ашуға асығу және сәре тамағын кешіктіру,бәлкім, адамның төмендігін, әлсіздігін, ішіп-жеуге және барлық нәрсеге мұқтаж екендігін көрсетуде. Ғибадат ету дегеніміз де осы. Құрмамен ауыз ашу сүннет. Ауыз ашқанда «Зәхәбәз-зама-у уәбтәлләтил уруқ уә сәбәтәл-әжр иншаллаһу та’ала» дұғасын оқу, тарауих намазын оқу, хатым оқу маңызды сүннет болып табылады.

Сөз төркіні

«Айтамыз  жарапазан үйіңізге…»

ЖАРАПАЗАН – рамазан айында фольклорлық салттық өлеңмен атқарылатын ғұрып. Әдетте, жарапазан отыз күн оразаның кезінде, рамазан айында айтылады. Жарамазан «Жа-Рамазан», яғни арапша «рамазан келді» деген сөзден шығуы ықтимал деген пікір бар. Жарапазан айтуға арнайы шыққан балалар (кейде ересектер) ауыл аралап, жарапазан айтып, келген үйіне игі тілек пен құт-береке тілейді.

Жарапазан айтып келген адамға үй иесі құрт-майын, ірімшік, ұсақ бақыр ақша, т.б. беріп ырымын жасайды. Берген затын қабыл алған жарапазан айтушы алғысын айтып, кейде бата береді. Қазақтың дәстүрлі этнографиясының білгірі Ахмет Байтұрсынұлы осы ғұрып жөнінде былай деген еді: «Жарапазан – рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақы­тында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар, сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күн­діз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Олар жарапазанды екеу бо­лып жүріп айтады. Бірі жарапазан айт­қанда, екіншісі қостаушы болады».
Ал белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев­тың мәліметіне қарағанда: «Ораза айында үлкен айтушылар жарапазан айтып, түйе алса, кішігірім айтушылар үй жағалап, әйелдерден ауызашарға құрт, май, ірімшік сұраған».
Жарапазан өлеңінің мәтіні шаңыраққа жақсы тілектер білдіріп, көпшілікке сауапты іс жасау парыз, Жаратушының хақ екендігін, күнәһар жандарды о дүние тозағы, небір қиыншылық, ауыр жаза күтіп тұрғандығын ескертіп, діни уағыз-насихат түрінде болып келеді. Қазақ арасына жаппай тараған жарапазан өлеңінің сан алуан нұсқалары бар. Соның бірі былай басталады:
Ассалаумағалейкүм, уа, рамазан!
Бір келген он екі айда ораза иман!
Ассалаумағалейкүм, уа, рамазан,
Оразаң қабыл болсын,
ұстаған жан!

Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен,
Саба көркі – бие екен,
Сандық көркі – түйе екен.
Әшекейлеп сырлаған,
Ақ сарайдай үйі бар.
Ақ бөкендей қойы бар,
Қара сақал кермиық,
Қандай байдың үйі екен?
Айтамын жарапазан үйіңізге,
Ұстаған үй айнала шиіңізге.
Қой берсең, қозы берсең,
көпсін­беймін,
Келіпсіз биылғы жыл күйіңізге.
Айтамыз жарапазан үйіңізге,
Туырлық үй айнала шиіңізге.
Осы үйдің шаңырағы
шап-шақ екен,
Жеңгеміз осы үйдегі аппақ екен…
Айтамыз жарапазан есігіңе,
Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе.
Жалпы жарапазанның әу бастағы қызметі мен мәні – шаңырақ иеле­ріне құт-ырыздықты әсерлі ақ тілек, әдемі алғыс-бата арқылы шақыру, олардан жұт-қырсықты қаһарлы сөз сиқы­рымен қуып аластау мақса­тында жасалатын магиялық шаралар кешенінен туындаған сияқты. Сондықтан да, оның мәтінінде алғыс пен қарғыс алмакезек ауысып отырады. Мәселен, «Кірсін дәулет, шықсын бейнет», «Бай үйіне берекет, қаша берсін бәлекет», «Кірсін дәулет есіктен, шықсын бейнет тесіктен», «Келгенде қайыр-зекет бере алмасаң, жібермес ақыретте менің назам», «Асырсын-ау, асырсын, жамандығын жасырсын, осы үйге қастық қылған адамды, қара таспен бастырсын!» деген сияқты.
Араб-парсы елінде жарапазан жыры жоқ, ал оның түркі тектес көптеген халықтарда ортақ болуы­ның бір сыры – осы ежелгі жанрдың исламға дейінгі мәдениет­те ел өмірінде әбден белгілі болғанды­ғының дәлелі секілді. Жарапазан Ұлыс­тың ұлы күні – Наурызда айтыл­ған, кейіннен рамазан айында айтылатын болған.
РАМАЗАН БАТАСЫ – үш күнгі ораза айтта айтылатын бата. Ізгі тілек, жақсы ниет бата сөзге арқау болып, «құрбандығың қабыл болсын!», «айт мереке (мүбәрәк) болсын, әумин!» деп бет сипап, бата береді.
НӘПІЛ – парыз да, уәжіп те, сүн­нет те емес, мұсылман адамның өз ер­кі­мен жасайтын амал, ғибадаты. Мы­салы, нәпіл ораза, нәпіл намаз, нәпіл садақа. Нәпіл сөзінің араб тілін­дегі ма­ғынасы Аллаға сый дегенді білдіреді.
ОРАЗА АЙТ – мұсылмандардың ұстаған оразасы отыз күнге (шәууәл айының бірінші күні) толғанда өткізілетін діни мереке. Ораза айт үш күнге созылады. Айттың бірінші күні таңертең ерте мұсылмандар мешітке жиналып, жамағат пен екі рәкат намаз жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды. Үш күнгі ораза айтта, қаза болған оразаны ұстауға болмайды, үш күн өткен соң қаза болған оразаны толықтырып ұстауға болады. Ораза айтта жұртшылық тегіс тазаланып, әдемі киімдерін киіп, ауыл аралап, дәм татып, шүйіркелесе әңгімелесіп, бірінің жағдайын бірі сұрап қуанышпен табысып жатады. Үлкендерге сәлем беріп, ауырғандардың қалын сұрайды. Ренжіскендер болса бір-бірінен кешірім сұрасып, достасады. Қайтыс болғандардың бейітінің басына барып құран оқиды. Ораза айт, міне, осындай ішіп-жеудің ғана емес, рухани тәрбиенің, бірліктің мейрамы болып есептеледі [Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық, Алматы: Аруна, 2010].
АРАПА/ ҒАРАФА – мұсылмандық ғибадаттағы діни ұғым, оразаның ақырғы түні мен ғарапа кешінде Меккеге қажылық парызын өтей барған мұсылмандар құрбандық шалып, арапа күнін өткізетін, қажылық рәсімдерін жасайтын таудың атауы. Бұл тау Мекке қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан. Кейбір діни аңыздарда осы тауда Адамата мен Хауана жұмақтан қуылғаннан кейін 40 жылдан кейін бір-біріне зарығып жүріп кездескен деседі. Ғарафада болу рәсімі түс ауғаннан кейін, құрбан айттың бірінші күні таң намазына дейін өтеледі. Қазақ арасында кей аймақтарда айт алдындағы күні кешке дастарқан жасап, қонақ шақыруды арапаға шақыру дейді. Арапаға көбіне туған-туыс, көршілер шақырылады.

ЕPЕЖЕП – ҰЛЫҚТАУ, МАДАҚТАУ

Қазақ арасында ислам дінімен келген көптеген қасиетті саналатын ұғымдар (жерлер, айлар мен күндер) бар. Мұсылмандарда үш қасиетті ай қатар келеді. Олар, ережеп – Алланың айы, шағбан – Пайғамбардың айы, рамазан – жалпы мұсылмандардың айы ретінде айтылады. Мұсылмандардағы құрметті айдың бірі – еpежеп айы. Бұл қасиетті айларда мұсылмандар құлшылығын күшейтіп, түрлі ғұрыптар атқарған. Қазақы ортада осы мезгілде үш күндiк нәпіл оpаза ұстау дәстүрі қалыптасқан. Ережеп пен рамазан айын жалғастыратын қасиетті ай – шағбан айы. Бұл ай алдағы рамазан айының келетіндігін білдіреді. Қасиетті төрт айдың бірі Ораза айын – рамазан айы деп те айтады. Ислам дінінің бес парызының бірі бойынша рамазан айында отыз күн ораза ұстайды. Осы айда адамдар ашу-ызасын ұмытып, араздық болса татуласады, қателіктерді кешіреді. Ораза кезінде кешкісін бір-бірін кезекпен ауызашарға шақырысып отырады. Кешкісін немесе түнде ұл балалар үй-үйді аралап жарапазан айту дәстүрі бар. Сонымен қатар әрбір адам мешітке пітір садақасын апарып беріледі. Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) пайғамбарлық ету бұйырылып, Құран Кәрім түскен мұсылмандардың қасиетті төрт түнінің бірі саналатын – Қадір түнін қазақтар ғибадат етумен өткізіп, таңға дейін ұйықтамай тілек тілеген.
ЕPЕЖЕП АЙЫ – ислам дінінде белгіленген төрт құрметті айдың бірі. Қасиетті ережеп айында әрбір мұсылман пенде дұға, мінәжат, құлшылығын күшейтіп Жаратушы Иені ұлықтап, пәктеуді бұрынғыдан да күшейтеді. «Ережеп» сөзі араб тіліндегі «ражаба», яғни ұлықтау, мадақтау деген мағыналарды білдіреді. Бұлай аталуының бірден-бір себебі – арабтар Исламнан бұрын осы айды ерекше ұлықтап, қадір тұтып барлық жағымсыз істерден іргесін аулақ салған. Ал Ислам келгеннен кейін ережеп айының мәртебесі тіпті өсті. Бұл айда соғыспайтын, ұрыс-керіс, жанжал болмайтын. Бұл айда тәубә етушілерге Алланың нығметі мен шапағаты ерекше мол төгіледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жаннатта сүттен ақ, балдан тәтті бір өзен бар. Ол – ережеп деп аталады. Кімде-кім ережеп айында ораза ұстаса, Алла тағала сол өзеннен су ішкізеді» және «Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, рамазан – үмметімнің айы» деген. Ережеп айының алғашқы жұмасында болатын «рағайып түні» мұсылмандар үшін рухани салмағы зор қасиетті Рамазан айының келетіндігін алғаш сүйіншілеген хабаршы деуге болады. Қазақы ортада осы мезгілде үш күндiк оpаза ұстау қалыптасқан.

Сіз білесіз бе?

ҚАДІР ТҮНІ

Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) пайғамбарлық ету бұйырылып, Құран Кәрім түскен мұсылмандардың қасиетті төрт түнінің бірі. Қадір сөзі араб тілінен аударғанда «мән-маңыз», «өлшем», «құдірет» дегенді білдіреді. Оның мұсылмандар өмірінде пайда болуы пайғамбардың есімімен байланысты. Бүгінге жеткен бір хадисте жер бетіндегі үмметтер жасай алмаған, қысқа уақытта орындалып, сауабы көп ерекше ғибадатты өз үмметіне нәсіп етуді сұрағанда, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға Алладан Қадір түні бұйырылыпты деп көрсетіледі. Кейбір тақуа мұсылмандар бұл түнді ерекше ғибадат етумен, таңға дейін сергек жүріп, рамазанның соңғы он күнінің бәрінде де күтеді. Мұның себебі қадір түнінің дәл уақыты айтылмағандығында. Хадистерде осы уақыт тек ораза айының соңғы он жеті күнінің тақ күндері деп қана белгіленген. Алайда дін ғұламаларының анықтауымен бұл түн Рамазан (ораза) айының 27 түні болып аталып жүр.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ержан қажы Малғажыұлы. Ораза қабыл болсын! Ана тілі 2013 4 шілде
2. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының
дәстүрлi жүйесi. Энциклопедия. 4-том. – Алматы: DPS, 2011.
3. Исаұлы М., Жолдыбайұлы Қ. Ислам ғылымхалы, Алматы: Нұр – Мүбарак, 2008.
Бір өзінде мың айдың қасиеті, сексен үш жылдың сауабы бар қадір түні
// Алматы ақшамы. 9 тамыз 2012. №96. 7 б.
4. http://islamdini.kz

Бетті дайындаған 
Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, 
филология ғылымының кандидаты




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *