АСТАНАДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ЖАС АҚЫНДАР МЕН ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

767

Осыған дейін елімізде ұлттық әдебиет пен ақындық өнерді қолдау және насихаттау мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Жастар кеңесі құрылғандығын айтқан болатынбыз. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының төрағалығымен Кеңестің алғашқы отырысы  ҚР Ұлттық Академиялық кітапханада 30-ға тарта жас-ақын жазушылардың қатысуымен өтті. Кеңес форумының күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелер: «Жастар әдебиетінің бүгінгі жай-күйі», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отандық әдебиеттерді шетелге насихаттау» болды.

ҚР Мәдениет және спорт министрі: «Бұл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына оң әсерін тигізетін керемет бастама болып отыр. Осынау игі бастамамен баршаңызды құттықтауға рұқсат етіңіздер! Қашанда өнердің белсенді тұтынушылары — жастар. Еліміздің ертеңі мен баянды болашағы жастарымыздың қолында екені баршаңызға белгілі. Көк туымыздың биік желбіреуі үшін әр салада, оның ішінде әдебиет саласында ізденіп жүрген жастардың легі күн санап өсіп жатқандығы болашаққа деген сенімді нығайтады. Сіздердің әрқайсыңыздың отандық әдебиет пен мәдениеттің дамуы жөніндегі пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Сондықтан да, бүгін міне Сіздермен әдебиет саласындағы бірқатар мәселелерді талқылау үшін жиналып отырмыз», — деді барша қатысушыларды құттықтаған сөзінде.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын «Жас толқын» сериясымен жас қаламгерлердің еңбектерін жарыққа шығарып отырады. Биылғы жылы аталмыш дәстүр бойынша, Қуат

Қиықбайдың «Бейуақыт» және Бағашар Тұрсынбайұлының «Тіл мен жүрек» сын мақалалары шығарылды.  Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алудың негізгі мақсаты жазушыларға қаламақы төлей отырып, жаңа тақырыпта, жаңа бағытта шығармаларды шығару, жас қаламгерлердің толқынын артыру болып табылады.

 Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезек жастардың шығармашылық кемелденуіне септігінтигізетін «Әдебиет академиясын» құруды ұсынды. «Қазіргі технологияларды пайдалана отырып, жақын және алыс шетел интеллектуалдарының онлайн лекциялары таратылып оқытылса және академияда тегін ағылшын және өзге де әлем тілдері курстары жұмыс істеп тұрса деймін.  Мәселен, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының немесе Есенғали Раушанов, не Қабдеш Жұмаділов пен Бексұлтан Нұржекенің шеберханаларына түскен жас қаламгерлерге ортақ  лекциялар жүріп тұрса. Ол лекцияларда әлемдік мәдениетану, өнертану, философия, дінтану, мифологиялар тарихы, жалпы тарих, дүниежүзілік әдебиеттен бастап, жаратылыстану және нақты ғылымдардың жеңілдетілген бағдарламалық нұсқалары оқытылса игі еді. Сол кезде қаламгердің деңгейі әлдеқайда биіктеп, шарықтап өсер еді. Бұл 2 жылдық әдеби курстарды бітірген адамға Әдебиет магистрі атағы берілуі керек. Бұл жалғыз әдебиетке ғана емес, жалпы қоғам санасының интеллектуалдық дамып-өсуіне салынған зор инвестиция болар еді» — деді  ұсыныс білдірген Кеңестің бірінші орынбасарына министр Ұлттық өнер академиясынан факультет есебінде ашсақ деген өз ойын айтты.

Сонымен қатар, Кеңеске жиналған жас ақын-жазушылар еркін форматқа көшіп, Министрге нақты көзделген ұсыныстарын жеткізді. Қалқаман Сарин Мұқағали туралы кино түсірсек деген ұсыныс білдірді. Сондай-ақ, ол кітап мəселесін қозғап, қайта басу ісіндегі жеңілдіктердің қажет екенін жеткізді. Жас ақын-жазушыларды жұмыспен қамту, түркі əлеміне ортақ төл сыйлық дайындап, ауқымды байқаулар өткізу керектігін айтты. Ерлан Жүніс кітап шығару ісінде жас қаламгерлерге басымдық беріліп, кемі 20% жаңа буының кітабы шықса деген ойын айтты. Мирас Асан кітаптардың аудио нұсқаларын шығаруды ұсынды. Аудио антологиямен қоса, Ұлттық арнада үзіліп қалған «Поэзия əлемі» бағдарламасы қайта жалғасын тапса деп тілек білдірді.Мақсат Мəлік түрлі өнер ұйымдарының байланысын жетілдіру керектігін, театр, кино салаларына қаламгерлерді тарту қажеттігін айтты. Бейбіт Сарыбай драматургияға қатысты өз ойын ортаға салып, түйінді тақырыптардың шешімін табуға шақырды. Жаңа шығармалардың жарыққа шығуы үшін өнер академияларында 10 жас дарынға грант бөлу мəселесін көтерді.

Министр қозғалған мәселелер мен ұсыныстардың алдағы уақытта тезірек шешіліп, ұлттық әдебиетімізге қатысты жаңа заң баптарын қарастыратына уәде берді. Сонымен қатар, қазіргі таңда жалтартпа әңгімелерден аулақ болу үшін, яғни өсек аяңға сенбей нақты жұмысқа көшейік, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін және де әрдайым ұсыныстарды қарауға дайын екенін жеткізді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *