Жазғы каникул кезінде 2,5 миллионнан астам бала сауықтырумен қамтылады — ҚР БҒМ

210

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және іспен шұғылдануын ұйымдастыру туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Министрдің айтуынша, биыл Қазақстанда 1-10 сынып оқушыларының жалпы саны 2,815 млн адамды құрайды. Жазғы каникул кезінде 15 597 сауықтыру лагері мен алаңдары жұмыс істейді деп жоспарлануда.

«Балалардың жазғы демалысы екі бағытта: сауықтыру және іспен шұғылдандыру бойынша ұйымдастырылады. Сауықтырумен 1-10 сынып оқушыларының жалпы санынан 2,595 млн бала немесе 92,2%-ы қамтылады. Жазғы кезеңде іспен шұғылданумен (секциялар, үйірмелер, клубтар, саяхаттар және т. б.) 2,557 млн немесе оқушылардың 91% қамтылады», — деді Е. Сағадиев.

Дарынды балалардың және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қаржылық және материалдық көмек көрсетуге жергілікті бюджет есебінен биыл 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Балалардың жазғы демалысын және іспен шұғылдануын ұйымдастыру жөніндегі ведомствоаралық жұмыстарды үйлестіру үшін санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігінің, балалар жарақатының, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алуды, медициналық қызмет көрсетуді және сауықтыруды жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың қамтамасыз етуі бойынша шараларды қарастыратын ҚР Премьер-Министрінің өкімі әрекет етеді.

Демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын және іспен шұғылдануын, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың 2016–2018 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылуда. БҒМ, ІІМ бірлескен бұйрығымен 2017–2019 жылдарға арналған балаларды жүзуге үйретуді ұйымдастыру жөніндегі шаралар жоспары  бекітілген. Министрлік Ведомствоаралық шаралар жоспары аясында жүзу жаттығуларында қамтылған балалардың саны туралы ақпаратты бақылайды.

Өңірлердегі жағдай туралы Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев, Астана әкімі Ә. Исекешев, Алматы әкімі Б. Байбек және Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары В. Крылов баяндады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әкімдердің, ішкі істер, денсаулық сақтау министрлерінің назарын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне аударды. Сондай-ақ балалар лагерлерінің жұмысына қоғамдық бақылауды күшейту және ата-аналар мен мұғалімдер арасында үнемі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Бақылау жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Досаевқа жүктелді.

Анықтама: Қазақстанда жаз мезгілінде 1104 аула клубы жұмыс істейтін болады, онда 144 190 бала (2017 ж. — 1088, онда 150 864 бала) қамтылады. Жаз қорытындысы бойынша спортпен және туризммен 735 мың, немесе 26% оқушы қамтылатын болады.

453 еңбек және демалыс лагерінің, онда 24 мың бала, 451 мектеп орманшылығының, онда 32 мың оқушы, 5365 маусымдық еңбек жасағының, онда 137 мың жоғары сынып оқушысының жұмыстары жоспарлануда. Жалпы, еңбекпен 32% немесе шамамен бір миллионға жуық оқушы қамтылатын болады (2017 ж. — 951 мың бала, 35,5%). Жазғы кезеңде 7 мың жазғы олимпиадалық резерв мектебінің, көшбасшылар активінің, тілдік мектептің, дебат клубтарының, 14 мыңнан астам қызығушылықтар бойынша клуб пен үйірменің, аула клубының жұмыстары ұйымдастырылады, спорттық, туристік, экскурсиялық-танымдық және шығармашылық бағытта 19 мыңнан астам іс-шара жүргізіледі.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *