АУДАРМАҒА АБАЙ БОЛҒАН АБЗАЛ

324

       Журналист үшін айналаның бәрі тақырып. Жүресің, көресің, естисің. Тақырыпқа тамызық табасың.

      Қазақстанның елордасы – Астана күннен-күнге көркейіп, сәулетті болып келеді. Ғимараттары да, көшелері де көп. Құрылыс өте қарқынды. Құрылыс ауқымы кеңейгеннен кейін жаңа көшелер қосылады. Әңгіме – осы көшелердің атауы мен аудармасыжөнінде.

       Атау бергенде абай болғанымыз абзал. Өйткені, Астанаға алғаш келген қонақтардың қала картасына көз жүгіртіп, одан өзіне керекті нысанды немесе көшені іздейтіні анық. Міне, осыған байланысты бас қату мен шатасу басталады. Елбасы да бір алқалы жиында осы мәселені айтқан болатын. Көшеге атау бергенге абай болу керектігін ескерткен еді. Мемлекет басшысының бұл сын ескертпесімен толық келісуге болады.

         Негізі өркениетті елдердің үлкен қалаларында көшелерге адамдардың есімі берілмейді, «№1 көше», «107 көше», «209 көше» деп нөмірленеді. Астанада да бар, осындай сан бойынша белгіленген көшелер. Мәселен, №187, №188 көшелер… Бұл құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қойылған болуы керек. Дәл осы үрдісті жалғастыра берсек несі айып, несі сөкет? Керісінше, өте ыңғайлы. Басқа да көшелер осылай нөмірленсе дұрыс емес пе?

        Көпшіліктің ішінен «Хандарымыз мен атақты адамдарды есте қалдыру үшін олардың есімдерін көшелерге беру керек» деп дау айтатындардың шығатыны сөзсіз. Бірақ, оларды есте қалдырудың басқа да жолдары мен мүмкіндіктері бар ғой. Ал, көшенің атауы күндердің күнінде өзгеріп кетуі әбден мүмкін. Сонда не болады? Мәселен, оң жағалаудағы Мирзоян көшесі Қаныш Сәтбаев көшесі болды, №70 көше Күйші Дина көшесіне ауыстырылды. Орынбор көшесі қазір Мәңгілік Ел даңғылы. Сонда көшенің атауын ауыстыра бергеннен ұтарымыз қайсы? Мұның бәрі қосымша шығын екені кез келген адамға түсінікті. Шығыннан бұрын көшеге уақытша атау бергеннен не пайда? Осыны тиісті орындардың ойластырғаны дұрыс-ау. Оның үстіне, жасырып керегі не, кейбіреулер өздерінің аталары мен бабаларының атына көше беру үшін жанталасып, алашапқын болатынын көз көріп жүр. Елге еңбегі сіңбесе де, лайықты із қалдырмаса да көшеде аты-жөні жазылып тұрса болды деп ойлайды-ау шамасы. Осы ойын жүзеге асыру үшін шенді-шекпенділер мен билік басындағы ағаларын жағалайды. Сөйтіп, белгісіз адамдардың атына көше беріліп кететіні де жасырын емес. Сондықтан мұны тоқтатудың бірден-бір жолы – нөмірлеу.

 Жоғарыда айттық, Астанада Күйші Дина көшесі бар. Осы көшенің атауы соңғы жеті-сегіз жылда екі-үш рет өзгерді. Дәулескер күйшінің атында көше болғаны дұрыс-ақ дейік. Бірақ, «күйші» сөзіне байланысты шатасатындар көп. Әсіресе, қазақ тілін жете түсінбейтіндердің «Куюши» тегі ме, есімі ме?» дегенін де естідік. «Дина Нұрпейісова көшесі» деп түсінікті етіп жазуға болмай ма? Әлде «Нұрпейісова атақты күйшінің тегі емес» деген пікір айтылды ма екен? Өйткені, осындай дерек бар екенін білеміз.  Анық-қанығын білмек оймен белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Дихан Қамзабекұлына хабарластық. «Күйші Дина көшесі» деген атауды өткізген Ақселеу Сейдімбек ағамыз болатын. Мәскеуде «Академик Королев» көшесі бар, біз де неге осындай тәртіпке көшпеске?» деп уәж айтып еді» деді Дихан Қамзабекұлы. Ақселеу ағамыздың да айтқаны қисынды шығар. Бірақ, мемлекеттік тілді түсінбейтіндер, тілін бұрап сөйлейтіндер «Күйші» сөзін келеке, мазақ етпесіне кім кепіл?. «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының қойылымында осы мәселе көрсетілді. «Куши Дина» көшесін іздеп, тілін бұрап сөйлеп, шатысып жүрген кейіпкерді көрдік. Сондықтан көшеге атау бергенде осыны да ескергеніміз жөн-ау. «Ұшқыш Гагарин көшесі», «Ақын Абай көшесі», «Батыр Бауыржан көшесі» деп айтпаймыз ғой.

          Ең бастысы – көшелердің аудармасына аса сақ болған жөн. Мысал ретінде айтайық, көшенің орысша атауы «улица Омарова» деп жазылды дейік. Қате емес, дұрыс. Енді осының қазақшасы «Омаров көшесі» деп жазылуы керек ғой. Мемлекеттік тілді түсінбейтіндердің кесірінен бе, жоқ әлде соны дайындағандардың салдыр-салақтығынан ба,  қазақша аудармасын да сол күйінде «Омарова көшесі» деп жаза салады. Ер кісі әйел адамға айналып шыға келеді. Тағы да қайталап айтамыз, мұны мысал ретінде, аудармаға абай болу керек деген мақсатта айтып отырмыз. Қазақ тілің білмейтіндер көше атауын иеленген ер адам ба, әйел адам ба, басы қатып жүрмес үшін айтып отырмыз. Көше атын иеленген тұлғаның аты-жөнін келеке еткендей тірлік жасамайық деген оймен айтып отырмыз. Бұл ана тіліміз бен  көшеге есімі берілген белгілі адамды қорлау емей немене? Сондықтан осы мәселеге тиісті орындар өте абай болса екен.

       Көше дегеннен шығады, Астанада атауы қайталанатын көшелер де аз емес. Абай даңғылы бар. Абай қысқа көшесі бар. Абайдың 150 жылдығына берілген көше бар. Ұлы Абайға қанша көше берсек те артық емес шығар, бәлкім. Бірақ, астаналықтар мен елорда қонақтарын шатастырғаннан басқа мұның қандай пайдасы бар?!. Александар Затаевич көшесі бар, Александр Затаевич қысқа көшесі бар. Атбасар көшесі бар, Атбасар қысқа көшесі бар. Мұндай мысалдар көп.

           Сондықтан тиісті мекемелер мен комиссиялар осының бәрін реттеуге мән берсе дұрыс болар еді. Өйткені, бұл ұсақ-түйек емес, бәрімізге ортақ, өте маңызды мәселе.

Ғалым ОМАРХАНОВ.

АСТАНА.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *