Ілеспе аударманы қалай ілгеріте аламыз?

4

Биыл ақпан айының соңында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдаған кезде салаға қатысты бірқатар мәселелерді сөз етіп, соның ішінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берген еді. Президент өз сөзінде «Үкімет пен Парламент өз жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуі тиіс» дей келе, жиындарды ілеспе аудармамен қамтамасыз ету жайын да тілге тиек еткен болатын.

Жалпы Елбасының қазақ тілін дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту орайында айтып отырғаны бұл ғана емес. Бұдан жиырма жыл бұрын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Алтын қыран» марапатын алғанда: «Барлық жиындар ілеспе аударма жасала отырып, қазақ тілінде жүргізілуі керек» десе, Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХІІІ сессиясында «…Кеңестерде қазақ тілінде сөйлесін, бірақ ілеспе аударма арқылы сөйлейтін болсын» деген пікірін ортаға салды.
Әрине, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл сөздер биліктің үш тармағында да қазақ тілі басым болуы керектігі, басқа ұлт өкілдері үшін ілеспе аударма жасалуы керектігі күн тәртібіне енді қойылып отырған мәселе емес екендігін айғақтай түседі.
Елімізде бұл қағидатты әу бастан берік ұстанған бірден-бір орталық орган – Қазақстан Республикасының Парламенті. Қос палата да Тәуелсіздік алғалы бері барлық отырыстарын (жалпы отырыстарын ғана емес, бюро, комитеттер отырыстарын да) ілеспе аудармамен қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік тілде өткізеді. Бұл – жоғары заң шығару органында нық орныққан, қанша басшы ауыс­са да, олардың қазақ тілін білу деңгейі қандай болса да бұзылмайтын тәртіп екеніне Сенат аппаратында өзім қызмет еткен жылдарда көзім әбден жеткен.
Тағы бір айта кетерлігі – бұл органда әуел бастан кәсіби ілеспе аудармашыны табу оңай еместігін түсінушілік бар. Сондықтан кадр іріктеу кезінде аудармашының осы қиын мамандықты игергеніне мән беріледі. Аппаратта қызмет ететін ілеспе аудармашының еңбегі бағаланып, мүмкіндігінше жағдай жасалып отырады.
Осы ретте, кезінде ілеспе аудар­машыларға көмек ретінде шығарған «Мақал-мәтелдердің, тұрақты тір­кестердің қазақша-орыс­ша мағына­лық аудармасы» деген кітапшамды сыйға тартқанымда Сенат Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың еңбек жолының басында өзі де ілеспе аудармашы болғанын, оның қаншалықты қиын әрі жауапкершілігі зор мамандық екенін айтқанын мысалға келтіре кеткім келеді. Бәлкім содан да болар, сол жылдары Сенатта ілеспе аудармашыларды дайындауға зор мән берілетін. Сөйтіп, қызмет ете жүріп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шәкірт тәрбиеледім. Оларды тәжірибеден өткізуге Сенат аппараты мүмкіншілік жасады. Өзімізде еңбек ететін қызметкерлерді жетектеп жүріп, баулыдым. Нәтижесінде онда қазір Қарашаш Ысмайылова, Гүлнәр Салықова, Сәтжан Мейірманов сияқты мықты шәкірттерім жұмыс істеуде.
Бұл дәстүр қазір де жалғасуда. Ілеспе аударма бастау алып, жиынды ілеспе аудармамен жүргізу мәдениетін қалыптастырушы орган ретінде Сенат аппаратының басшысы Серік Сыдықов қолдан келген көмегін көрсетіп отырады. Ілеспе аудармашыларды дайындау, біліктіліктерін арттыру, әсіресе ілеспе аударма жасау шеберлігі ұдайы шыңдауды талап ететіні белгілі. Үнемі жаттығып жүрмеген спортшыдан жеңіс күтуге болмайтыны сияқты, түрлі сала ­жиындарын аударып машықтанбаған ілеспе аудармашы да қарайып қалады. Кәсіби маман ретінде, ілеспе аудармашы шәкірттерімнің басшыларына осы жайды құлаққағыс етсем деймін.
Мәжіліс аппаратындағы аударма бөлімін басқаратын Дәуітәлі Омашұлы өзі де кезінде ілеспе ­аудармашы қызметін атқарған азамат ретінде осы салада жас буын мамандарды даярлауға мән беру дәстүрін қалыптастырған.
Бірнеше жыл бойы Үкімет отырыс­тарында ілеспе аударма жасап келе жатқан Динара Құсманова да – бүгінде тәжірибе жинаған білікті аудармашы. Ұлттық банкте Саида Нәжімеденова сынды білгір мамандар бар.
Бұлардың есімдерін мақтанышпен атасақ та, тұтастай алғанда бізде тап осындай деңгейде аударма жасай алатын ілеспе аудармашы тіптен аз. Себебі ілеспе аударма әрі қиын, әрі денсаулыққа зиян маман­дық болғандықтан, оны игеруге ұм­тылушылар қатары көп деп айта алмаймыз. Хорда ән айтатынның бәрі бірдей жеке концерт беретін әнші болмайтыны, коньки тебе білетіннің бәрі мәнерлеп сырғанау шебері болмайтыны сияқты, жазбаша аударма жасай алатындардың кез келгені ілеспе аудармашы бола алмайды. Ілеспе аудармашылардың аз болуының бір себебі осында жатыр.
Осыған дейін Елбасы қанша рет назар аудартса да, тіпті ірі халық­аралық жиындарда қазақ тілінен ілеспе аударма болмауынан ұятты жағдайларға тап болып жүрсек те, ұзақ жылдар бойы бұл мәселенің түйіні шешілмей келді. Ілеспе аударма­ның ана тіліміздің мерейін өсіріп, ха­лықаралық деңгейдегі жиындардың жұмыс тілі болуы үшін керек екенін тіл саласындағы шенеуніктер елемей-ақ қойып еді. Сеңнің қозғалуына Мемлекет басшысының 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында қазақ тілінде сөйлеген сөзі себепші болды. Сөйтіп, 2016-17 жылдары Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің тапсыруымен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығы курс ұйымдастырып, өз әдістемемді қолдана отырып, 2 топты оқытып шығардым. Солардың ішінен бірнешеуі «жүзден жүйрік» шығып, ілеспе аудармашылар қатарын толықтырды. Тағы бір нәтижеміз – курсқа қатысқан Ақтөбе облыстық тіл басқармасының басшысы Г.Төлебаеваның өз өңірінде сол форматта курс өткізуі болды. Нәти­жесінде экономикасы қарқындап дамып, еліміздің миллион тұрғыны бар қаласы болайын деп тұрған Ақтөбеде өтетін жиындарда қазақ тілі – жұмыс тілі болуын қамтамасыз ете алатын ілеспе аудармашы шәкірттер дайындалды.
Маған «Сіздің курсыңызға қаты­сып, сертификат алайын деп едім» деп хабарласушылар көп. Негізі курсқа қатысу – ілеспе аударма­шы болудағы бірінші қадам ғана. Өткен жылдан бері сондай сынақтан өткен бірнеше шәкіртім өз бетінше аударма жасай бастады. Тәлімгер ретінде бұл мен үшін зор қуаныш. Ал қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуде үлкен жетістік дер едім. Мұнда Ш.Шаяхметов атындағы орталықтың курсты кәсіби түрде ұйымдастырудағы еңбегі зор.
Ілеспе аудармашыларды тәр­биелеу­дің жақсы, ұтымды жолы «Хабар» арнасында жүргізілетін «Бола­шаққа бағдар» бағдарламасы­ның аударма мәселесіне арналған 14-шығарылымында ұсынылды. Ол – бір ұлттық университеттің жанынан жоғары курстар ашып, аударманың салалары бойынша (көркем аударма, ілеспе аударма) мамандарды дайындау. Еліміздің қазынасын сыртқа, ал әлемнің інжу-маржандарын қазақ оқырманына таныту үшін, өз елімізде ана тілімізді өгейліктен құтқарып, үлкен жиындардың жұмыс тілі ету үшін бұл курстар аса пайдалы болар еді.
Ілеспе аударма жиындардағы коммуникация құралы ғана емес, ол арқылы белгілі бір ұйымдар, ел алдында жүрген азаматтар туралы қосымша ой түзуге болады. Елімізде ілеспе аударманың пайда болуы мен дамуын ұзақ жылғы зерделеуіміз мыналарға көз жеткізді: ілеспе ­аударманы өзі ұйымдастыратын іс-шарасына терең мән беріп, оның қоғам өміріндегі белгілі бір проблемаларды шешудегі маңызын түсінетін; жиынға қатысушылардың уақытына құрметпен қарауды; көтерілген мәселелердің баршаға түсінікті болуын; олар бойынша қабылданар шешімнің ортақ тұжырымдамасы түзілуін көздейтін ұйымдар жүзеге асырады.
Сондай-ақ мына бір жай да көңіл аудартады: әдетте, жиындарын ілеспе аудармамен қамтамасыз ете отырып, қазақ тілінде өткізу сол іс-шараны ұйымдастырушының (бұл жерде: ұйым, мекеме басшысының) патриоттық болмысына, кейде олардың жеке басының қазақ тілін білу-білмеуіне тікелей байланысты болады. Елімізде өткізілетін жиындарға келген шетелдік қонақтар сөйленетін сөздерінің міндетті түрде қазақ тіліне аударылуына мән береді. Себебі бұл – бүкіл дүниежүзінде қабылданған әдеп нормасы. Өркениетті елдердің өкілдері үшін оны орындау – заңдылық. Бәрін белден басатын – өз отандастарымыз. «Жиналғандардың барлығы да орыс тілін түсінеді ғой» деген көзқарас халықаралық жиындардың жұмыс тілі – орыс тілі болуына, аударманың да шет тілінен орыс тіліне ғана жасалуына ықпал етуде.
Елбасы тапсырмасынан кейін бұл үрдіс бірте-бірте азаяды деген сенім мол. Осындай дәстүрді қалып­тастырушы Парламентке қоса, соңғы жылдары жиындарын мемлекеттік тілде жүргізетін «Нұр Отан» партиясы, отырыстары бұрын аралас түрде жүргізіліп келсе, соңғы кездері таза қазақ тілінде өткізе бастаған Үкіметтің үлгісімен министрліктерде, өңірлерде қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге сәйкес қолданылатынына сенгіміз келеді.
Өз кезегінде бұл алдымызға тағы бір міндет қойып, сол жиындарда ­аударма жасайтын мамандарды көптеп тәрбиелеу қажеттігіне алып келеді. Ал ол – соңғы бір-екі жылдан бері шешілуі қолға алынып, нәтижесін де бере бастаған мәселе. Енді оны, жоғарыда, айтылғандай, ұлттық университет жанынан жоғары курстар ашу арқылы орнықтыра, тереңдете түссек – туған тіліміздің төрге шығуы үшін үлкен қолдау болар еді.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
аудармашы, филология 
ғылымының кандидаты




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *