Қасірет белдеуі

216

Тарихтың қасірет белдеуі болған 1937 жылы кеңес өкіметі өзінің саяси куғын-сүргін науқанында халқымыздың сүт бетіне шығатын кіл қаймақтарын сыпырып алып, тағы бір жойқын тағылық танытқан. Репрессияның қара дауылына ұшырап, қыршыннан қиылған белгілі қоғам қайраткері, 1936 жылы Әділет Халық комиссариатынан прокуратура бөлінгенде республиканың тұңғыш прокуроры болған, Қазақ ССР Халық Комиссарлар Советі төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Сүлеймен Есқараев қырық бір жасында нақақ атылған. Сол аз ғұмыры ішінде қарапайым жұмысшыдан белгілі мемлекет қайраткерлігіне дейін көтерілген оның өмір жолына тоқтала кетелік. 
Алдымен энциклопедиялық әдебиеттерден алған және қолда бар архивтік материалдарымыз С.Есқараевтың ұлы Марат Сүлейменұлымен 1996 жылы алғаш кездескенімізде толыға түскен еді. Ұзақ жылдар байланыс саласында қызмет етіп, Талдықорған облыстық байланыс басқармасын, одан кейін республикалық «Баспасөзодағын» басқарған арыстың тұяғы бізге сол жолы өзінің талай жылдар бойы тірнектеп жинаған құжаттарын көрсеткен болатын. Сарғайған қағаздар сол заманның куәсіндей үнсіз сөйлейді. Соның ішінде шекесінде «Казкрайком ВКП(б)» деп жазылған С.Есқараевтың өз қолымен 1935 жылы 26 қазанда толтырған жеке карточкасының көшірмесі бар. Онда 1897 жылы тамызда Қызылорда облысында туғаны, 1918 жылдан партия мүшесі, әке-шешесінің мал баққан шаруа екендігі жазылған.

Ол еңбек жолын он үш жасында Қызылорда станциясындағы кірпіш зауытында қалып құюшы болып бастапты. Одан кейін теміржол депосында 1919 жылға дейін жұмысшы, балғашы болған. Сол жылы қыркүйекте Ташкенттегі партия-совет мектебінің алты айлық курсына оқуға түскен.
1920-21 жылдары Сырдария облыстық Советінің съезін шақыру жөніндегі нұсқаушысы (Шымкент қаласы), 1921-22 жылдары Ташкент облыстық Төтенше комиссариаты бастығының орынбасары, 1922-23 жылдары Түркістан Компартиясы Орталық Комитеті партия алқасы хатшысының орынбасары, 1923-25 жылдары Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы, Сырдария губерниялық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1925-28 жылдары ҚАССР Ішкі істер Халық комиссары, 1928-30 жылдары Орынбордағы Өлкелік қызыл милиция мектебінің бастығы, 1930-33 жылдары Мәскеудегі Жоспарлау академиясында оқып, 1933-35 жылдары Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.
С.Есқараев 1936-37 жылдары республика­мыздың Әділет Халық комиссары, сосын жоғарыда айтқанымыздай, Қазақ КСР-ның бірінші дербес прокуроры болды. 1936 жылы Әділет Халық комиссариатынан прокуратураны бөлу жөнінде қаулы шықты, республика прокуратурасының бұл туралы №1 бұйрығына алғаш қол қойған С.Есқараев. Одан кейін Халық Комиссарлар Советі төрағасының бірінші орынбасары лауазымында қызмет етті.
Ал С.Есқараев қай кезде қамауға алынды? Марат Сүлейменұлының Орталық Мемлекеттік архивтен алған анықтамасында С.Есқараевтың Халық Комиссарлар Советі төрағасының бірінші орынбасары болып қол қойған құжаттар 1937 жылдың 1 тамызына дейін кездеседі екен. Және де анықтамада одан кейінгі қызметі туралы ешқандай мәлімет кездеспегені ескертілген. Сүлейменнің қызы Әлия мен ұлы Марат бізге әкелерінің тамыз айында тұтқындалғанын айтқан еді.
–1937 жылдың тамызында әкем ұсталды. Біз ол кезде шешемізбен саяжайда тұратынбыз, жұмысбасты әкем қаладағы үйден бізге сиректеу келіп тұратын. Бір күні түнде үйге бейтаныс адамдар баса-көктеп кірді де тінту жүргізді. Суреттерді алып кетті. Қаладағы пәтерге келсек, онда да ойран салынған, сонда әкеміздің ұсталғанын білдік, – деді Әлия апай әңгімесінде. – Сол жылы желтоқсан айында шешем Мария (ол Марат екеуміздің өгей шешеміз, Мәскеуде тұрғанымызда өз анамыз Мәуия Марат жасқа толмай тұрып ауырып қайтыс болған.) «Жиналыңдар әкелеріңе барамыз» деді. Түрменің суық қақпасынан ішке ендік. Әкемді алып келді, алғашқыда танымай қалдық, әбден жүдеген, бет-аузы ісік, ұрған-соққаны көрініп тұр, біз еңіреп жыладық. Әкем менің жағдайымды сұрады, сабағымды білді, сосын: «Менің осында қамалып жатқаным қателікпен жала жабудан болып отыр, түбі кінәсіз екендігім айқындалады. Менің ешқандай жазығым жоқ, маған сен, мен тазамын, амандық болса әлі-ақ үйге ораламын» деп жұбатты. Сол кезде надзиратель келіп әкемді алып кетті. Соңғы көргенім сол…
Сол жолы кездескенімізде жасы жетпіске келіп қалған Әлия апай осыны айтып отырғанда көзінің жасын тоқтата алмай қойды. Бұл көз жаста баланың әкеге деген махаббаты, «халық жауының баласы» деп, талай жыл көзтүрткі болған ыза мен шер, жетімдіктен көрген қорлық, бәрі-бәрі бар. Заман-ай десеңші, әкесі де, балалары да бір күндері шындық ашылады деп ойлады ма екен?
Әлия апай әңгімесін жалғастырып:
– Сосын бізді үш-төрт бөлмелі осы Алматыдағы Фрунзе көшесіндегі (қазір К.Байсейітова көшесі, 21 үй) үйімізден қуып шығып, бір бөлмелі пәтерге әкеп тықты. Кешікпей шешем Мария да ұсталды, ол «АЛЖИР»-де он жыл түрмеде болып келісімен сонда жабысқан сырқаттан айыға алмай қайтыс болды, – деді.
Сүлеймен Есқараев өзі адал әрі заң қызметкері болғандықтан әділдік үшін, сондай-ақ өзін-өзі ақтауға бар күшін салғаны анық. Бірақ тоңмойын заман, әпербақан НКВД қызметкерлері оған жол бермегенін Қызылорда облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасының аға тергеушісі подполковник Әмірхан Бәкіров өзінің «Реабилитирован посмертно» деген мақаласында («Қызылорда» қалалық газеті, 1994 жыл, №13, 24 қыркүйек) нақты архивтік мәліметтермен дәлелдейді. Автор С.Есқараевтың 1937 жылы 4 тамызда қамауға алынғанын жаза келіп, 1938 жылы 4 қаңтарда алынған жауаптан үзінді келтіреді. С.Есқараев республика прокуроры болғанда НКВД органдарында тәртіп орнатуға талпынғаны енді келіп алдына кесе-көлденең тұра қалады.
Сұрақ: НКВД тергеген контрре­волю­циялық істерге талдауды кім, қашан жасады?
Жауап: 1936 жылдың аяғында арнаулы ­сектор бастығы Дубровский мен оның көмекшісі ­Бекарыстанов.
Сұрақ: Бұл талдау қандай мақсатпен жасалды?
Жауап: СССР прокуратурасы нұсқауына сәйкес НКВД органдары қызметіндегі кемшіліктерді көрсету үшін.
Сұрақ: Бұл талдау қашан және кімге жіберілді?
Жауап: СССР прокуратурасына.
Кезінде прокуратураның жүргізген осы тексеруінің нәтижесінде НКВД-ның кейбір қызметкерлері жазаланғаны анық, демек, олардың әріптестері енді бұрынғы республика прокурорынан өш алғысы келгенін, мұндай оңтайлы сәтті пайдаланып қалуға тырысқанын аңғару қиын емес.
С.Есқараев кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасап, жасырын ұйымдарға қатысты деген өзіне тағылған айыптарды мойындамағанымен кеңес өкіметінің керең саясаты ештеңені тыңдаған жоқ. Арысты ату жазасына кесті. Ал зайыбын соттап, төрт баласы аңырап қалады, бұрын аралас-құралас болып жүргендер енді «халық жауының балаларына» жақындауға шошынады. Ағайынның аты ағайын, Сүлейменнің туған бауырлары Ахмет, Сейдалы, Жұмабек он жасар Әлия мен сегіз жасар Маратты, Марияның төркіндері төрт жасар Ерік пен екі жастағы Мариэттаны қамқорлығына алады. Ахметтің бәйбішесі Рахия сол кезде көрегендік танытып, Сүлейменнің құжаттары мен фото-суреттерін киізге орап қораға көміп тастайды. Соның арқасында көп құжат сақталып қалғанын Марат аға ризашылықпен қайта-қайта айтқан еді.

Суретте: сол жақтан алтыншы тұрған С.Есқараевтың ұлы Марат Сүлейменұлы отбасымен және туыстарымен әкесінің жерленген жеріне келіп тағзым еткен сәті. 1997 ж.

Суретте: сол жақтан алтыншы тұрған С.Есқараевтың ұлы Марат Сүлейменұлы отбасымен және туыстарымен әкесінің жерленген жеріне келіп тағзым еткен сәті. 1997 ж.

1997 жылы ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Нури Муфтах, Марат Сүлейменұлы және осы жолдардың авторы С.Есқараевтың архивте сақталған үш томдық №11020 қылмыстық ісімен таныстық. Онда С.Есқараевты 1937 жылы 4 тамызда қамауға алынғаны туралы ордер бірінші болып тіркелген. Осы орайда бір айта кететін жайт, ол тап сол кезде Халық Комиссарлар Советі төрағасының бірінші орынбасары лауазымында еді. Оның қалай тұтқындалғаны туралы қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов өзінің естелігінде жазған. 1937 жылдың сол күні Қазақстан КП(б)-ның съезі өтіп жатады, онда Сүлеймен Есқараевтың атына ауыр сындар айтылады, сол бойда жиын үстінде бұл айыптауларды тексеру үшін комиссия құрылады. Журналист Н.Муфтах «Казнен как враг народа» атты мақаласында («Заң және заман», №3, 1997 ж.) осыған орай жазушының естелігінен үзінді келтірген. Оны мазмұндап айтар болсақ, Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі Ғ.Мүсірепов те сол комиссияның мүшесі болып, Сүлеймен Есқараевпен бірге НКВД-ға барады. Комиcсия мүшелері Сүлейменді айып таққан тұтқынмен бетпе-бет сөйлестіріп, жағдай анықталған соң босататын шығар деп ойлайды. Бірақ НКВД қызметкері Сүлейменді бөлек алып кетіп, ­дауыстары естілмейтін аралықта әлгі тұтқынмен кездестіреді де қайта оралып, «Сүлеймен Есқараев жасырын саяси ұйымда болғанын мойындады, ол қамауға алынды» деп хабарлайды. Сосын Сүлейменді түрме қызметкері ішке алып кетеді. Бұдан кейін амалы құрыған комиссия мүшелері съезд өтіп жатқан мәжіліс залына қайта оралады.
Сонымен, бұрын республика прокуроры, ішкі істер Халық комиссары болған, қамауға алынған сәтте Қазақстан үкіметі басшыларының бірі Сүлеймен Есқараевтың жеті айдан астам уақыт бойы НКВД түрмесінде жатқанда қаныпезер тергеушіден басқа ешкімді көрмей, прокурормен де сөйлесе алмай, бәрінен күдерін үзген. Тергеушінің істі тергеу барысында С. Есқараевты әбден азаптап қорлағанын, қинағанын қолдан мінсіз жасалған жауаптар мен жасалған хаттамалардың әр бетіне айыпталушының қойған қолынан да байқау қиын емес. Бастапқыда С.Есқараев деп қолын анық қояды да одан кейінгі беттерде қол қоюға шамасы жетпей, екі-үш әрпін ғана әзер таңбалағанын көреміз. Сонда тергеушінің алдын ала дайындап әкелген сұрақ-жауаптарының әр бетіне қандай азаппен қол қойғанын ойлағанда саяси тұтқынның қандай күйде болғанын білесіз.
Тергеу аяқталғаны жөніндегі қаулыда С.Есқараевтың өз қолымен жазған мынадай жолдар бар:
«С переквалификацией прежде предъявленного мне обвинения со статьей 58 п. 10. 11 на статьи 58 п. 2-7-11 не согласен, ибо эти статьи предусматривают уже совершенные деяния, а в моих показаниях совершенных деяний нет, кроме одних разговоров из чужих слов. В худшем случае мне можно было предъявить статью о недоносительстве, оставив прежнюю квалификацию (то есть, 58-10 «антисоветскую агитацию и пропаганду»). Кроме того я не согласен, когда ходжановскую группу рассматривают, как подпольную организацию».
Алдын ала тергеуде және одан кейін де С.Есқараев өзін республика прокурорымен кездестіруді бірнеше мәрте өтінеді. Соңғы рет сотқа бір күн қалғанда, яғни 1938 жылы 24 ақпан күні айыптау қорытындысын алғаны туралы қолхатқа «Желаю переговорить с прокурором» деп жазған екен. Бірақ оның өтініші бұл жолы да орындалмайды. Әскери коллегияның сотқа дайындалу мәжілісінің сол күні жасалған хаттамасындағы мына жолдарды келтіре кетелік: «Председатель диввоенюрист Горячев, члены бритвоенюристы Алексеев и Микляев определили: 1.С обвинительным заключением согласиться и дело принять к своему производству. 2. Ескараева С. передать суду выездной сессии Военной коллегии Верховного суда Союза ССР по ст. 58-2, 58-7,58-8,58-11 УК РСФСР в порядке закона от 1 декабря 1934 года. 3.Дело заслушать в закрытом судебном заседании без участия обвинения и защиты и без свидетелей». Бұл тапсырма сол күйінде орындалған. КСРО Жоғары Соты Әскери коллегиясы 1938 жылы 25 ақпанда өз үкімімен Сүлеймен Есқараевты ату жазасына кесті, сот мәжілісі 15 сағат 20 минутта басталып, 15 сағат 40 минутта жабылғаны қылмыстық істе жазулы тұр. Адам тағдыры осылайша небәрі 20 минут ішінде шешілген! Сүлеймен Есқараев сол кезде небәрі 41 жаста ғана еді.
Марат Сүлейменұлының мына бір күйініп отырып айтқан сөзі естен кетпейді. «Мен жиырма жыл бойы совет өкіметіне наразы болып келдім. Ал сол өкімет 1957 жылы 5 қарашада әкемді СССР Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясы ақтаған соң мені шақырып алып, «Маратжан, кешір, әкеңді бекер атқан екен, жазықсыз екен, қателесіппіз» деді. Оған не дейсің?!» деген еді әңгімесінде. Кезінде өзін комсомол қатарына қабылдамағанына, өзі қалаған прокурорлық оқуға бара алмағанына да «халық жауының баласы» деген көзтүрткі себеп болған екен. 1958 жылы Мәкең Д.А.Қонаевтың қабылдауында болады.
– Димекең мені өте жылы қарсы алды. Қос қолын ұсынып, «Сүлекеңнің баласы екенсің ғой, әкең тамаша адам еді» деді. Сөйтсе әкем Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы болып жүргенде Димекеңді бір бюрода қызметке бекіткен екен. Ол кісі маған көп жақсылық жасады. «Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін» деген сол, – деп Марат Сүлейменұлы сол бір жылдарды еске алған еді.
Марат Сүлейменұлының саяси қуғын-сүргін құрбаны болған әкесінің сүйегі жатқан жерді қалай тапқаны да өз алдына бір тарих. 1938 жылдың наурыз айында «халық жауы» деп атылған 19 комиссардың Боралдайда жасырын көмілген жерінің табылуы да оның арқасы дер едік. Кейін сол жерге саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш орнатылды. Әкесін жақсы білетін әрі сол 1938 жылы Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Шақпақ Артықбаев талай жылдар бойы ешкімге тіс жармаған бір сырды 1966 жылдың жазында өзіне айтып еді. Яғни Ш.Артықбаев оны Боралдайға апарып, 19 комиссардың жасырын көмілген жерін көрсетеді. Олар: Ұ.Құлымбетов, Н.Сырғабеков, С.Есқараев, И.Молдажанов, Х.Нұрмұхамедов, В.И.Иванов, В.Е.Случак, М.А.Чудочкин, Б.М.Берлин, Л.Н.Михайленко, Т.Жүргенов, Ж.Сәдуақасов, А.Досов, І.Құрамысов, С. Сафарбеков, А.Мусин, Х.Көшекбаев, Ж.Сұлтанбеков, А.Кенжин.
Оның сыры былай екен: 1938 жылдың ­наурыз айында Ш.Артықбаевтың шофері үш-төрт күн жоғалып кетеді. Бастығына алғашқыда айтпағанымен болған істі баяндайды. Оны НКВД-ның екі қызметкері ұстап алады да жүк машинасын жүргізуді үйреттіреді. Ол он тоғыз мүрдені тиеген машинаны жүргізіп, НКВД қызметкерлерінің жол көрсетуімен Боралдайға түн ортасында келеді. Шофердің аты Айтжан екен, ол НКВД қызметкерлері қан-қан қапқа салынған мүрделерді алдын ала қазылып қойға шұңқырға тастап жатқанда іштей санайды ғой… он тоғыз не ­жиырма! Ш.Артықбаев бұлардың 19 екендігіне шүбә келтірмейді, себебі соның алдында ғана газеттерде СССР Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының көшпелі сессиясы өзінің жабық сот мәжілісінде ұлтшыл-фашист, троцкистік-бухариншілдер деп айып тағылған оларға ең қатал үкім шығарылғаны айтылып, аты-жөндері келтірілген еді. Ешкімге айтпаймын деп шоферге уәдесін берген ол келесі күні түнде екеуі оқиға болған жерге машинаның жарығын жақпай жасырынып барып тастан белгі қойып кетеді. Көп кешікпей Ш.Артықбаев та сотталып, он бес жыл айдауда болады. Арада ­жиырма сегіз жыл өткен соң тұңғыш рет құпия сырды ­Марат Сүлейменұлына айтады.
– Сол жолы Шақпақ аға екеуміз Боралдайдан кеш бата Алматыға бір үлкен шаруа бітіргендей болып оралдық. Әкем жатқан жерден бір уыс топырақ ала келдім. Арыстар жатқан жерді көрсеткен Шақпақ аға кейін қайтыс болды. Тоқырау жылдары бұл тақырып жабулы болатын, сондықтан мен ешкімге тіс жармадым. Бірақ сол кездің өзінде әкем жатқан жердің бір уыс топырағын туған жері Қызылордаға апарып, үлкен зираттың ішінде сол топырақты салып әкеме ескерткіш орнаттым, – деді Мәкең. Кезінде бұл екінің бірі тәуекел ете алмайтын батыл қадам еді.
Елімізге жариялылық келіп, өшкен жанды, талай құпиялар ашылды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1997 жыл – Жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланды. Жазықсыз атылып кеткен арыстар аруағына бас иілді. Кезінде көзінің тірісінде Ш.Артықбаевтың Марат Есқараевқа көрсетіп кеткен Боралдайдағы 19 комиссар жерленген жерге саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнатылды. 1997 жылы С.Есқараевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойы туған жері Қызылордада аталып өтіп, оған сол кездегі Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, 2-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Степан Иванович Шуткиннің өзі қатысты. Сол жылы ҚР Бас прокуратурасының және Алматы қаласының прокуроры Ерғали Серікбайұлы Мерзадиновтың бастамашылдығымен Алматы қаласындағы бір көшеге С.Есқараев есімі берілді.
Иә, есіл ерді елі ұмытпайды. Айтпақшы, Сүлеймен кезінде Мәскеуде бірге оқыған, пікірлес досы, кейін белгілі жазушы болған Мариэтта ­Шагинян құрметіне кіші қызының атын Мариэтта деп қойған екен. Сол Мариэтта әкесінен айырылған соң екі жасында Қазандағы нағашыларына кетсе, өскен соң атамекені – Қазақ еліне қайта оралады. Туған жердің қасиеті деген осы!

Самат ИБРАИМ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *