Менингиттен көз жұмған балалар қаралған емханалар жауапқа тартылады

165

Алматыда менингококк жұқпасынан қайтыс болған екі баланың жағдайының ауырлығын бақылай алмаған жекеменшік емханалардың басшылығы жауапқа тартылады.

Алматыда дерттен қаза тапқандардың екеуі 5 жасқа дейінгі балалар. Екі баланың анасы аурудың алғашқы белгілері басталғанда жекеменшік емханадағы өздерінің жеке дәрігерлерінен кеңес алғаны белгілі болды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова айтты. Оның айтуынша, қайтыс болған екі бүлдіршін алғашқы белгілері пайда болған кезде жекеменшік емханаға қаралған. Қазір департамент паталогоанатомиялық зерттеу нәтижесін күтіп отыр.

«Сараптама нәтижесінде арнайы тексеру басталады. Тексеру бойынша медициналық мекеменің қызмет көрсету сапасы, жеделдігі, диагностика жүргізу сапасы анықталады. Содан соң материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі», — деді Айзат Молдақасымова.

Егер жекеменшік емханалар ауруды дер кезінде анықтай алмай, уақыт созғаны расталса, Қазақстан заңнамасы бойынша бірнеше жаза қарастырылған.

«Ең алдымен медициналық қызмет көрсетуге лицензиясынан айрылады. Сондай-ақ, аккредитациясы тоқтатылады. Сонымен қатар, баланы алғаш қарап, қате диагноз қойған дәрігерлерге жеке жаза қолданылады», — деді ол.

Департаменттің мәліметінше, бүгінде Алматыда 48 адам менингит жұтырдым деген күдікпен дәрігерге жүгінсе, 32 адамда зертханалық түрде расталған.

Дереккөз: inform.kz

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *