АСТАНА АУАСЫ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

239

Астананың ауасы… Бұл тақырыпты жайдан-жай қозғап отырғанымыз жоқ. Өйткені, естеріңізде болса, астананы Алматыдан Ақмолаға көшірер кезде небір әңгіме айтылған жоқ па?

           -Ойбай, не дейсің, Ақмоланың ауасы нашар екен, саз балшықтың сасық иісі қолқаны қауып, тынысыңды тарылтатын көрінеді…

          -Суы да сапасыз, адам денсаулығына зиян дейді ғой. Жұрттың көбі дүкеннен таза су сатып ішуге мәжбүр көрінеді. Оған қалалықтардың барлығының бірдей қалтасы көтерсе жақсы ғой…

         -Былайғы жұртты қойшы, қақаған қыста шіренген шенеуніктердің өздері  бүрсең қағып, барар жері, қонар үйі болмаған соң, сырт киімдерімен кабинетінде  ұйықтайды дейді ғой. Жанға жайлы Алматыны тастап барғанда көрген күніміз осындай болса, онда жаңа астанаңа рахмет!

       -Саз балшық пен батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес дейді. Тұрғындардың көбі резеңке етік сатып алып, жұмысына жеткен соң, аяқ киімін ауыстыратын көрінеді.

         — Жапырайған жатаған үйлерден шыққан түтін қаланы тұман сияқты басып қалғанда «Елордамыз осы» деп көрсетудің өзі ұят-ау…

          -Оны айтасыз, Ақмоланың ескі екіқабатты үйлерінде тұрмысқа қолайлы жағдай жоқ болған соң тұрғындар күл-қоқысты аулаға тау-тау етіп үйіп қояды дейді ғой.

           -Оған шыбын-шіркей үймелеп, кешке қарай ызыңдаған  масасы мазаңды алған кезде ұйқың қашып, екі қолыңды төбеңе қойып, бас ауған жаққа қарай қаңғып кеткің келеді.

         -Ақмоланың жойқын желі соққанда адамдарды қаңбақша қақпақыл жасайды дейді, сол рас па? Олай болса, астанасы бар болсын, жылы орнымызды суытпай, үйренген жерімізде отыра берейік.

         -Тал-терек ексең, ертеңіне-ақ қурап, семіп қалады екен. Шілденің ми қайнатар ыстығында саялайтын, паналайтын бұтақ таппай зар боласың дейді ғой.

        -Ақмоланың ана басынан мына басына жүгіріп шығуға болады екен, бар болғаны екі-ақ көше. «Аялдамаларда бүрсең қағып автобус күтпей, жаяу жүрсең барар жеріңе тез жетесің» дейді ғой таныстарымыз…

          Осыдан жиырма жыл бұрын ел-жұрттың арасында осындай әңгіме болғанына көбіміз куәміз.

          Шынында да астана Алматыдан Ақмолаға ауысқан алғашқы жылдары оңай болмағаны рас. Ел-жүртқа әңгіме өзегі болған әлгі мәселелерді көпшіліктің көргені де, бастан өткергені де өтірік емес. Бірақ қазір сол бір қиын-қыстау уақыт көрген түстей өте шыққаны да шындық.

         Жиырма жылдың ішінде бұрыңғы сұрықсыз Ақмола адам танымастай Астанаға айналды.  20 жыл – тарих үшін қас қағым сәт. Бірақ осы аз уақыттың ішінде таңдай қағып тамсанатын елорда тұрғызылды.

         Шыны керек, Ақмола астанаға айналған алғашқы жылдары жұрттың көбі елорданың дәл бүгінгідей дәулетті де сәулетті қалаға айналатынына күмәнмен қарады. Үмітттен күдік басым болатын. Оны сол кезде осы істің басы-қасында жүрген шенді-шекпенділер де жоққа шығармайды. Президенттің пәрмені мен нартәуекелі арқасында аз уақыт аралығында ескі қаланың орнына жайнаған, жасыл желекті жаңа қала салынды.

         Астана қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов сол жылдары елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтің орынбасары әрі астананы көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі болатын. Сол кісі ұйқысыз-күлкісіз түндер мен күндердің көп болғанын жоққа шығармайды. Қазір сол күндерді сағынышпен еске алады. Ол  сол жағалаудағы құрылыс жүмыстарының бел ортасында жүрді. Әрбір нысанның қазығы қағылып, құрылысының қарқынды түрде жүргізілгеніне куә. Сол бір жылдары қалалықтарды жылумен, сумен қамтамасыз етуде іркіліс болмауын күндіз-түні қадағалап, апат бола қалған жағдайда оны тез арада қалпына келтіруге шенуніктердің де білек сыбана кірісіп кеткенін біреу білер, біреу білмес. Бірақ, шындығы осы. Өйткені, сол бір шақта Елбасы қаланың тіршілігін күн сайын көзден таса қылмай, артық-кемін елеп-екшеп, қатты қадағалаған болатын.

          Елорда күн санап емес, сағат сайын көркейіп, ауқымы күннен-күнге артып, қанатын кең жая бастады. Жүздеген жаңа тұрғын үй кешендері мен әкімшілік ғимараттары бой көтерді.  Елорданың ертеңіне күмән-күдікпен қарап отырған ағайындар Астанаға қарай ағыла бастады. Өйткені, Астананың болашағы зор екеніне көздері жетті. Осы қалада тіршілік-тірлік жасап, өсіп-өнуді мақсат еткен жұрт «астаналықпын» деп асқақ түрде айта бастады. Астананың сәулеті мен дәулетіне, тұрмыс-тіршілігіне байланысты құлаққа жағымды әңгімелер айтылатын болды.

          Астана  тұрғындары қазір миллионнан асты. Халық саны өскен сайын олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері жақсара бастады. Сондықтан болса керек, бұрынғыдай емес, енді Астананың ауасы мен тазалығы, суы мен кескін-келбеті жайлы жағымды әңгімелерді жиі-жиі еститін болдық.

      Тақырыпқа тамызық болып отырған әлеуметтік-коммуналдық мәселелерді дер кезінде шешу қажеттігін Елбасының өзі де талай мәрте айтқан болатын. Мәселен, Астана қанатын кең жайған сайын елордадағы тазалық жұмыстарына бұрынғыдан да ерекше мән беру қажеттігі туындады.

         Астана тек сәулетті ғана емес, таза қала болуы тиіс. Өйткені, бұл Қазақстанның бас қаласы. Оның үстіне келімді-кетімді кісі көп. Сырт көз – сыншы. Күнделікті өмірде күйбең тірлікпен жүріп, көбіміз әсте байқай бермейтін тұрмыстық кемшін тұстарымызды сырт көз бірден аңғара қояды. Ауасы да, суы да, айналасы да – бәрі-бәрі кіршіксіз, мұнтаздай таза болуы қажет.

          Қазір тұрғын үйлердің аулаларында аузы-мұрнынан төгіліп, ашылып-шашылып жатқан күл-қоқысты көрмейсіз. Контейнерлер орналасқан орындардың да айналасы таза. Әне бір жылдардағыдай қуыс-қалтарысқа немесе тал-теректің тасасына оңды-солды, бей-берекет тастай салатын қоқыс көзге түспейді. Аяқжолдардың бойы да жинақы. Көктем шыға алабажақ көрініске енетін қоршаулар мен белгілер, орындықтар мен қоқыс жәшіктері, шам бағандары мен көпірлердің жан-жағы сырланып, тазаланып ретке келтіріледі. Көше бойларын тазалайтын техникаларды да жиі көресіз. Не керек, Астанадағы күнделікті тазалық жұмыстарына қазір жұрттың  көңілі толады.

       Бұл мәселеге  қаржы қарастыру да жылдан-жылға  артып келеді. Мәселен, 2017 жылы осы мақсатқа 15,1 млрд теңге бөлінген. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Жұмыс ауқымы кеңейгендіктен, қаланы таза ұстау жөніндегі механизмдер де қайта қаралып, жаңа бағдарлама­лар қабылданды. Сол бойынша жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.

        Қай қалада болсын, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды уақтылы полигонға шығаруға баса назар аударылады. Өйт­кені, дер кезінде әкетілмеген қоқыс ауаны ластап, айналаның көркін кетіріп, тұрғындардың арыз-шағымын тудырады.

          Мамандардың есептеуіне қарағанда, қазір Астанада күніне орта есеппен 1 мың тоннадан астам қоқыс-қалдық полигонға шығарылады екен. Бұл тазарту мекемелері үшін өте ауқымды жұмыс екені айтпаса да түсінікті шығар. «Астана-Тазарту» серік­тестігінің мәліметіне қарағанда, алты жылдың ішінде Астанадан 1 миллион тоннадан астам тұрмыстық қоқыс шығарылған. Бұрын барлық қоқыс-қалдықты полигонға апарып төге салатын. Қазір оны сұрыптау мен өңдеу жолға қойылды.

        Астанада тұрғын үйлер мен мекемелердің аулаларына пластикті бөлек, қағаз қалдықтары мен шыныны бөлек тастайтын контейнер­лер қойыла бастады. Өйткені, бұл қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі. Осындай қалдық түрлерін сұрыптап, жинау үшін өткен жылдың өзінде Астананың үш ауданында 530 контейнер қойылған. Алдағы уақытта оны 700-ге дейін көбейту жоспарда бар. Астаналықтар да бұған түсініктікпен қарай бастады.

         Пластик қалдықтарды бөлек сұрыптаудың сыры неде? Оның себебі – пластик бұйымдары, мамандардың зерттеуіне қара­ғанда, 500 жылға дейін іріп-шірімейтін көрінеді. Бейберекет тастай салынған мұн­дай қалдықтардың қоршаған ортаға зияны да орасан. Адам денсаулығына қауіпті заттарды ауаға бөледі. Сондықтан, оны қайта өңдеуге жіберген жөн.

Осыдан 15-20 жыл бұрын желдің әсерінен Астана көшелері мен айналасында қалықтап жүретін полиэтилен пакеттерді жиі көруге болатын еді. Көбіміз байқай бермейміз, күнделікті өмірде жиі пайда­ланатын полиэтилен пакеттер  аспан астында жүз жылға дейін сол күйінде, ірімей-шірімей жататын көрінеді. Сонымен бірге, пакеттер жасыл желектің «жауы» екен.  Көк шөптің өспей, тал-теректі де қурататын – осы пакеттер. Сол себепті оны қоқыс қонтейнерлеріне тастаған кезде астаналықтар  абай бола бастады. Өйткені, желдің екпінімен желбіреп барып, тал-теректер мен гүлзарлардың үстіне қонатын болса, есіл ең­бек еш болады деген сөз. Қазір Астанадағы тазалық сақшылары қолдарында арнайы құрылғылары бар, «ұшып-қон­ған» полиэтилен пакеттерді теріп жүреді. Полиэтилен пакет қоршаған ортаның көркін ке­тірумен бірге, жасыл желекке кесірін ртигізетін «кесел» бол­ғандықтан да олар осылай жасауға мәжбүр. Статистикаға сүйенсек, бір жылдың ішінде жер шарында 4 триллион пакет пайдаланылады екен. Соның бар-жоғы 1 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберілетін көрінеді.

«Астанада тал-терек өспейді, қурап қалады» деген әңгіме де бос сөз болып қалды. Мемлекет басшысының бастамасымен  елдорданың жасыл желек белдеуі жасалды. Астанадан басталған орман-тоғай алабы Көкше жеріне дейін жетіп қалды.

 Жыл сайын 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында елордада экологиялық сенбілік өткізу дәстүрге айналды. Үлкен-кіші, кәрі-жас, шенеуніктер мен қарапайым адамдар осы сенбіліктен шет қалмай­ды. Әсіресе, қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері өте белсенділік көрсетіп жатады. Олар тазалау жұмыстарымен ғана айналыспайды, тал-терек отырғызуға да ерекше күш салады. Былтырғы сенбіліктің өзінде 6750 түп ағаш отырғызылды. Есіл өзені­нің, Ақбұлақ пен Сарыбұлақтың бойында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді.

Осыдан жиырма жыл бұрын Астанада бар-жоғы екі-ақ көше бар болатын. Қазір көп. Оның қатары алдағы уақытта да көбейетіні сөзсіз. Өйткені, Астана өсіп, көліктер көбейді. Бірақ, бір шетінен көліктер Астананың ауасын ластап отыр. Қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттардың 50-55 пайызы көліктердің «үлесінде». Мұны азайтудың амалы – көлік­терге газ қондырғыларын орнату. Бұл ерекше қарқын алмаса да, жүргізушілер арасында осын­дай қадамға барғандар аз емес. Олардың қатары алдағы уақыт­та да артатыны сөзсіз. Өйткені, қазір елордада көліктерді газ­бен жүруге көшіретін қондыр­ ғыларды орнататын фирмалар 10-ның үстінде. Егер сұраныс артып жатса, келешекте көбеюі де әбден мүмкін. Астанадағы экотаксилердің бәрі газбен жүреді. Бұл осыдан біраз жыл басталған еді, қазір экотаксилердің қатары біршама артты.

Астана билігінің ауаны таза ұстау бағытында ерекше мән-маңыз беріп отырған ісінің бірі – «Astana bike» жобасы. Қазір ауа райы қолайлы уақытта Астанада 150 велобекет, 1000 велосипед елорда тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді. Жаз айларында 7000-ға жуық адам осы қызмет­ті пайдаланады. Жылдан-жылға олардың қатары артып келеді.

 Міне, Астананың ауасы мен тұрмыс-тіршілігіне байланысты бүгінгі ахуал осындай. Кешегі күндер келмеске кетті. Астана ауасы таза, жанға жайлы, келешегі кемел қалаға айналды.

                                                              Ғалым  ОМАРХАНОВ

АСТАНА.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *