«Күнделік керектер» Шамғали Сарыбаевтың еңбегі хақында

83

Бүгінде латын әліпбиіне қайта оралу үстінде айтулы бір сәттер өтіп жатыр. Ой-санамыз әліпбимен бірге жаңғыратыны рас. Кириллден басқа жазулы бұрынғы еңбектерді белгілі себептер болмаса іздеп барып қарамайтын енді бізде 1929-1939 жылдар арасында қандай кітаптар шықты екен, қай кітапты қайта жариялауға болады, я болмаса қай еңбектер ескерусіз қалды екен деген ойлар көбейді. 
Былтыр Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Латын графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогы» деген атпен 1928-1942 жылдар арасында жарық көрген кітаптардың тізімі шықты. Бұл кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы 3 мыңнан аса кітап.

Сол тізімде көрінбеген еңбектің бірі – Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың 1936 жылы жарық көрген «Күнделік керектер» атты туындысы. Бұл құнды мұра академик Шора Сарыбаевтың жеке кітапханасында сақтаулы тұр. Бізді қызықтырғаны, ең әуелі, кітаптың «Күнделік керектер» деп аталуы болды. Содан кейінгісі – «күнделікті керек болатын не нәрсе?» деген сауал еді .
Қазақ тілінің табиғи (калька емес) сөзжасамында зат есім мен зат есім тіркесі сын есім мен зат есім тіркесіне қарағанда жиі ұшырасады. Ендеше табиғи сөзжасам бойынша сын есім тудыратын «-лы» жұрнағы бұл жерде артық болып тұрар еді. Екіншіден, кітап мазмұны бойынша – шаршытоп алдында сөз алу және шаршытопта сөйленген сөзді әлеумет болып тыңдау, жазба сөзді дайындау нормаларын жетік білу сол ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы күнделікті қажетті шаруа екен. Сөздің сөйленуі мен тыңдаушысына жетуіне дейін, тыңдаушысының зердесіне тоқуы мен жадында сақтауына дейін, жазба сөзді дайындаудан, жазылған мәтінді түсініп оқуға дейінгі «нәрселер» ол ­заман үшін – қазіргідей үшінші-төртінші дүниелер емес, бірінші екен.
Сонымен, біз бұл мақаламызда аталған кітаптың тілдік құралдарына тоқталуды жөн көрдік.
Шамғали Сарыбаев – қазақ тілінің тұңғыш әдіскер ғалымы, А.Байтұрсынұлы бастаған  қазақ  тiл   бiлiмi тұлғаларының iзiн баса келген ғалым. Кеңестік Қазақстанда мектеп ісін дұрыс жолға қою, мұғалім даярлау, қазақ тілін оқыту әдістемесін табу сияқты ең күрделі, қадірін көпшілік біле бермейтін, «істегені көрінбейтін істермен» айналысқан, бірнеше ғылыми-әдістемелік еңбектер­дің авторы. Ғалымның «Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері», «Жаздырып үйретудің әдістері», «Мектеп тәжірибелері», «Қазақ тілі методикасының программасы», «Үлкендер үшін әліппе», «Екпінді күш. 1 класс үшін оқу кітабы», «Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту методикасының мәселелері», «ІІІ кластың қазақ тілі оқулығына методикалық нұсқаулар», «Күнделік керектер (ана тілі мұғалімдеріне)» және т.б. тәжірибе негізінде (қазіргіше айтқанда апробацияланған, эксперимент жасалған) жазылған еңбектерін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
Ғалымның «Күнделік керектері» өзекті мәселеге арналады. Мәселен, баяндама не лекцияны дұрыс тыңдай білу, баяндамаға дайындалу, тезис жасау, конспектілеу, оқыған кітапты дұрыс қолдана білу… Тақырыбының өзі қызық: «Тыңдау жолдары», «Баяндамаға қалай даярлану керек», «Қалай баяндамалау керек?», «Тыңдағысы келмеу неліктен?», «Бір қалыпта тыңда», «Тыңдап отырып, демал», «Өзіңмен өзің болып кетпе», «Еліктіре де, тексерте де сөйле», «Таныстан жатқа, бөлшектен бүтінге», «Қалай сөйлеген сөз қонымсыз болады?», «Қысқа, ашық, тақ-тақ сөйле», «Оқығаныңды әр уақыт алақаныңда қылу үшін»…
Еңбектің тілдік ерекшеліктеріне келсек:
Алдымен байқалатыны – шет сөздердің қазақ тілінің айтылу заңына бейімделіп жазылғаны, мысалы: стенеграп, стенеграпшы, порма, пөнкіт, кәртішке, нөмір, кәнверт, спеске, жағырапия, зәметкі, рөл, әтметкі, аптаритетті, құлып, паспырт, әтірет, енженер, өктәбір, дөкібір, кәніспек, әнкет, нербі, пәмилие, зауыт, әтметкі, мәмент, пәлсепе, пропессир, просент, шкөл, доктыр, тәбіл, іздел, үстел, сыйпыр, сиез, диппекті, және т.б., ал мына сөздер қазақ тілінің өз сөзіне айналған: сүрек (срок), пәкіт (факт), кәнсәнтір, сөтке (сутка), ендікші (индукция), дедікші (дедукция).
Содан кейінгісі – орыс тілі емлесі­мен жазылған сөздердің де қатарласып жүргені, мысалы: справка, программа, объекті, схема, план, интонация.
Бүгінде қолданылмайтын мынадай терминдер де бар: келтірінді – справка, қияп – поза, мантық – логика, оғаз – нотация.
Қазақ оқырманының түсінігін арттыру әдісі – орысша-қазақша, қазақша-орысша нұсқаларын қатар қолдану дәстүрі – орынды пайда­ланылған. Айталық: Мұның істеген кәсіптеріне, профессиясына жанас­тырып сөйлеуде пайдасы бар. Олай болса схема деген қолыңдағы деректен (кітаптан) алып план-жоспар жасалмай айтар сөзінің міндетіне қарай (немесе айту керектігіне қарай) план жасасаң, мұның схема болады. Қағазыңның бас жағына баяндамаңның тақырып-темасын жазасың. Типтес (түрлес) баяндаманың схемасы бір болады да, типтес болмаған баяндаманың схемасы бір-бірінен басқа болады.
Қазіргі қазақ тілінде сурет, және, дәреже, әбден, қате, мағына деп қолданылатын сөздер сол кездің нормасына сай сүгірет, жана, даража, абдан, қата, мағана деп қолданылады. Қазіргі орфографиялық ережеге сай қазір, қажет, қайтіп, қатер, мұғалім деп жазылса, латынжазулы сол кездің емлесінде сингармонизм заңына бағындырылып не жіңішке, не жуан кәзір, әжет, кәйтіп, қатар, мұғалым және т.б. деп беріледі.
Қазіргі орфографияда бірге жазылатын сөздер тіркес күйінде берілген: еңбек ақы, бет ашар, көп жылдық, өнер кәсіп, ауыл шаруашылық, баспа сөз, бес жылдық, дем алып, жеңіл өнерлі кәсіп, ауыз екі, бір сыпыра, кер тартпалық, қол жаулық. Сондай-ақ сол дәуір нормасына сай көмектес септіктің мен/бен/пен жалғауы да кейде бөлек жазылған: мақсаты мен, реті мен, алды мен, қыздай қылады мен т.б.
Сондай-ақ автордың стильдік ерекшелігі ретінде кездей соғу, етек бастылық қылу, төбеге ұрғандай, алақаныңда қыла қою, алақаныңда ұстау, айдай асыла бермек, тақ-тақ сөйлеу секілді тұрақты сөз тіркестері мен малданбау, машықтану, дауамды сөздерін айтуға болады. Аталған тұрақты сөз тіркестері ішінде, әсіресе етек бастылық қылу, алақаныңда қыла қою, алақаныңда ұстау фразеологизмдері жиі қолданылады. Мысалы: Кейбір жолдастар баяндамаға кездей соғып кездеседі. Мұның бәрі де көңілді екінші нәрсеге аудырып, баяндаманы емін-еркін тыңдауыңа етек бастылық қылады. Кейбіреулер баяндамашының не болмаса мұғалімнің сөзін есіткеннен-ақ есі ауа, өзін өзі ұмытып тыңдайды да баяндаманың орта жеріне жетпестен-ақ 10-15 минуттан соң шаршап, төбеге ұрғандай тұрып қалады. Бұл жазғандардың бір пікірді түгендерлік болмаса да негізгі пікірлердің ұшығын көрсетерлік болсын (негізгі пікірлердің сирағы шығып тұрғандай қылып жаз, керек қылғаныңды тартып алғандай болсын). Тағы бір ескертетін нәрсе, жиналыста айтылған адамдарың барлығын, бар екендігін білсең, олардың бет пердесін аша («жатқан жыланның құйрығын баса») сөйлеу керек болады. Күні бұрын оқығандарыңа әбден назар салып жеті өлшеп бір пішу керек. Тыңдаушыларды сүттей ұйыту үшін, баяндамашы нені білуі керек? Кейбіреулер жұрт алдында қошемет қылып отырып, мәймөңкелеп отырып сөзін өткізгісі келеді, бұлай қылғанда ісімен жақпай «қыздай қыладымен» жаққан адамдарға ұқсайсың. Аспай-саспай түсіндіре, соқырға таяқ ұстатқандай, анық қылып сөйлеуді ұмытпау керек. Олай болатын болса, тыңдаушылар бекер аңырайып имамға ұйыған сопылардай болып қалмас үшін баяндамашы аудиторияның тыңдауын жаңалап отыруы тиіс. Аудиторияның ұясына су құйылған құмырсқадай қыл да, артынша су сепкендей басып тыныштандыра біл. Анық, ашық «тайға таңба басқандай» қылып сөйлеу – өзім үшін сөйлемеймін өзге үшін сөйлеймін дегенді мойындаған жолдастардың міндеті. Сөйлем арасындағы жақшалық сөздер оқығаныңды түсінуге етек бастылық қылады. «Арбаң сынып, өгізің сынып» оқитын болмай, сенің оқығаныңа жұрттың айызы қанатын қылып оқуың керек және т.б.
Сөзжасам жұрнақтары өнімді қызмет еткен:
-шы, -ші жұрнағы арқылы жасалған: баяндамашы, еңбекші, тыңдаушы, сөйлеуші, қосыла сөйлеуші, көмекші, көшіруші, қызметші, бағалаушы, жалшы, сауалшы, машинашы, тілші, тамашашы, спартакшы, жұмысшы, жұмыс істеуші, стенеграпшы, колхозшылар, жазушы, оқушы, қарсы шығушылар, жақтаушы, тәрбиеші, жетекші, итермеші, айғайшы, билікші, капиталшы, жәрдем беруші, кәсіпші, шепке алушы, раппакшы, кезекші; -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнағы арқылы жасалған: баяндамалық, жетекшілік, үгіттік, жақшалық, большевиктік, кәсіпшілік, шаруалық, көрнектілік, айшық, сабырлық, ақырындық, шаруашылық, ауылдық, шеберлік, жұмыссыздық, капиталшылық, тұрақтамаушылық, орталық, саясаттық, пәндік, көпшілік, мәдениеттік, ұғынғыштық, нанғыштық, басшылық, кемшілік, жетімсіздік, иесіздік, өмірлік, қоғамдық, ұғынғыштық, жолдық, кезекшілік, шеберлік және т.б.;
-ты, -ті, -лы, -лі, -сыз, -сіз: тәртіпті, өнерлі, тәртіпсіз, үздіксіз, оқымысты, ұғымды, сауатты, сауатсыз, сызықты, көрнекті, мәдениетті, жеміссіз, қолайлы, сиысулы, ұнамды, орнықты, келтірінді және т.б.; ­­
-ыс, -іс жұрнағы арқылы жасалған: айтыс, ұсыныс, талас, көтеріліс, төңкеріс, өндіріс, құрылыс, өзгеріс және т.б.;
-ым, -ім жұрнағы арқылы жасалған: өнім, ұғым, бөлім және т.б.;
-ма, -ме, -ба, -бе: бастама, лептеме, баяндама, айырма, көшірме, теңгерме және т.б.;
-ша, -ше жұрнағы арқылы жасалған: кітапша, бөлімше, тақырыпша, маңдайша, ұлғатша және т.б.;
-шыл, -шіл жұрнағы арқылы жасалған: оңшыл, солшыл, ұлы орысшыл, ұлтшыл, төңкерісшіл және т.б. сөздердің көбі қазір де актив қол­даныста, кейбірі тарих қойнауында осылай қалған.
Қорыта айтқанда, латын әліпбиіне оралу тарихымыздың төрінде қалған ойлар мен сөзқолданыстарды қайта зерделеуге осылай шақырады. Жаңаша ойлау деген ұлттың табиғатына, тілдің болмысына жат, өзгенің болмысынан шығару емес, жаңаша ойлау деген ұлттың болмысы мен табиғатынан шығатын, ұмыт қалған көне мен ескіні қалпына келтіре отырып, жаңаша ­пайымдау.

Құралай КҮДЕРИНОВА, 
С.Демирель атындағы университет
профессоры, филология ғылымының докторы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *