«Ұлттық мүдде – бәрінен қымбат»

83

Елдің ішінде ұлттық, елдік мәселелерге келгенде жанып сала беретін, бұл жолда қайрат, жігер танытпай қала алмайтын жандар болады. Солардың бірі әрі бірегейі еңбек ардагері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Төлеген Бүкіров.

Төлеген Нұрмағамбетұлының аза­мат­­тық белсенділігінің көпшілікке танылған шағы 80-ші жылдардың аяқ кезі. Бұл кездерде қазақ тілінің жайы оңып тұрмаған болатын. Дегенмен, «Тіл туралы» Заңның жарық көруі үміт отын жаққандай болды. Бұқара арасында қозғалыс туғызды. Жезқазғанда «Ана тілі» дейтін қозғалыс пайда болды. Қаладағы мекемелерде оның бас­тауыш ұйымдары құрыла бастады. 1990 жылдың басында қалалық «Қазақ тілі» қоғамы өмірге келді. Жиынға қатысқан делегаттар Т.Бүкіровты бір ауыздан қоғам төрағасы етіп сайлады. Қоғам мүшелері таңнан кешке дейін қазақ балабақшаларына, мектептеріне бала жинау үшін үй-үйді аралап, ата-аналармен жұмыс істеді. Ол уақытта шаһарда екі-ақ қазақ мектебі бар-тын. Орыс мектептерінде қазақша бастауыш сыныптарын, балабақшаларда қазақ топтарын ашу қолға алынды. Тіпті тұрғындарды қазақ басылымдарына жазылу ісі де назардан тыс қалмады. Аядай ғана Жезқазғандағы көшелердің дені өзге ұлт өкілдерінің атында еді. Сол уақыттары қалалық мәслихаттың депутаттығына сайланған қоғам төрағасы қалалық атқару комитеті мүшелері мен депутаттардың кеңейтілген отырысында осы мәселені көтерді. Нәтижесінде қаладағы 52 көшеге елге және осы өңірге еңбегі сіңген тұлғалардың есімін беру жөнінде шешім шығарылды.
Азаматтың жанқиярлық қимыл-әрекеті кейбір қадағалаушы орындарға ұнай да қоймады. «Ұлтшыл» деген атпен қара тізімге енгізілді. Алайда ол ел ішінде іріткі салатындардың, тату­лық­қа көлеңке түсіргісі келетіндердің қатарынан емес еді. Бар «кінәсі» – тіліне, ұлтына жанашырлық танытқаны. Ақырында мұның ізіне түсіп, қанша қазбалағанмен үркіп-шошитындай дерек-дәйек таба алмағаннан кейін мазалауды қойды. Бірақ жылға таяу созылған бұл тексеру, бақылау жүйкеге жеңіл соқпады.
Кейбіреулерге ұсақ-түйек көрінге­німен шын мәнінде иманды, адамгершіл іс саналатын мына шаруаның берік орнығуына да бастамашы болған өзі еді. Бірде қала маңындағы мұсылмандар қорымына құран бағыштауға барғанда әр жерде үйілген қоқыс қалдықтарын көріп, іші удай ашыған. Алдымен қала иманына істің жайын түсіндірді. Содан соң қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Көпеевтің кабинетінен бір-ақ шықты. «Партия екеумізді ажалдан арашалап қала алмайды. Бүгін жанынан өткенімізбен, ертең баратын жеріміз, қорымның ішін тазалайық» деген сөзіне ол да бірден келісіп, жұмыс күшін жұмылдырды. Міне, содан бері жылына бір мезгіл, көктем айында мұсылмандар қорымын тазалау, қоқыстан арылту дәстүрге айналды.
Төлеген Нұрмағамбетұлының ендігі бір қоғамдық қызметі – «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Кетбұқа ХІІІ ғасырда барша түркі жұртының тағдырында аса маңызды рөл атқарған, даналығына қаһармандығы сай ұлы баба. Аталған қор кемел тұлғаны зерделей зерттеп, жан-жақты тану, кең ауқымда насихаттау мақсатында осыдан бес жыл бұрын құрылған болатын. Содан бері ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылды. 2014 жылы көпшілік қолына «Абыз тұлға, аңыз тұлға – Кетбұқа» атты тарихи-танымдылық зерттеулер, көркем шығармалар топтастырылған жинақ тиді. Ал өткен жылы Жезқазған қаласында көз тартар еңселі баба ескерткіші бой көтерді. Міне, осы маңызды шаруалардың бел ортасында біз тілге тиек етіп отырған кейіпкеріміздің өзі жүрді.
«Жастармен кездесуге барғанда оларға халқымыздың ақылдылығы, батырлығы жөнінде айтудан еш жалыққан емеспін. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек. Ерлікке, өнегеге толы істерімізді насихаттау арқылы жас ұрпақты елін, жерін қадірлеуге, көңілімізге сай азамат болып өсуге ұмтылдыра аламыз» дейді Төкең.
Төкеңнің негізгі мамандығы – металлургтік. Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетін бітірген. Сүйікті кәсібінің арқасында жоғары қызметтік сатыларды да бағындырды. Олар былай болып шығады: сирек металдар цехының бастығы, «Жезқазған сирекмет» кәсіпорнының бас директоры, «Қазақмыс» корпорациясы­ның бас металлургі, бөлім бастығы, өндіріс жөніндегі директордың орынбасары… Бұлармен қоса Жезқазған кен-метал­лургия комбинаты кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары, Жезқазған мыс қорыту зауытының партком хатшысы қызметтерін атқарғаны да бар. Кәсіподақ комитетінде жүргенде оның тікелей ұсынысымен Алматыдағы тек маусымдық кестемен жұмыс істейтін ­пионер лагері жыл бойы балалар емделіп, демалатын және сол жерде оқуларын жалғастыратын жағдайға жеткізілді.
Азаматтың негізгі кәсібі бойынша жеткен жетістіктері қомақты. Бәрін тізбелемей-ақ көптің аузында жүрген елеулі бір еңбегіне тоқталып өтейік. Жезқазғандағы сирек металдар цехына басшылық еткен жылдары академик Сергей Калининмен танысты. Ол кісінің мына сөзі өзіне қанат бітіргендей болды: «Кезінде мен Қаныш Сәтбаевпен және зайыбы Таисия Алексеевнамен бірге Қарсақбай кен орнында сирек кездесетін металдарды іздестіруге қатыстым. 1960 жылдарға дейін біз кездестірген рений өндіріске керек болмады. Бірақ болашағы зор екендігін сезінетінбіз. Дүниежүзіндегі ренийдің отыз пайы­зы Жезқазған мыс кеніштерінде. Осмийдің 25 изотопы белгілі, оның жеті изотопы жиі ұшырасады, ал 187 изотопы әлемде тек қана Жезқазған кен орындарында сақталған. Бұл жердің ерекшелігі осында». Өндірісте көп пайдаланбағаннан ба екен, аталған металдың маңызын көп адам біле қоймады. Атақты ғалымның әлгі сөзінен кейін Төлегеннің көзден таса қалып жүрген элементке деген қызығушылығы арта түсті. Сөйтіп тәуекелділік танытып, таңсық металды зерттеуге білек түре кірісті. Республикадағы Геология институтымен, кейінірек Металлургия институтымен бірлесе жұмыс істеуге келісім жасалды. Цехтың көзі ашық, білікті де қабілетті қызметкерлері Алматыдағы Металлургия және ­байыту институтының зертханаларында шикізаттан таза осмий металын алу технологиясын меңгерді. Жасы сексеннен асқан академик Елизавета Пономарева цех басшысының ұмтылысына сүйсініп: «Мен осы жасқа келгенше өндіріс жетекшісінің институтқа келіп, қызметкерлерін оқытып-үйретіп жатқанын бірінші көруім» деп еді. Сөйтіп жүргенде «балапанды санайтын» кез де келді. 1995 жылдың 15 мамырында мыс өндірісінің қалдықтарынан таза осмий алынды. Бұл Жезқазған осмийінің туған күні болып тарихта қалды. Реті келгенде айта кетейік, кезінде Америкада осмийдің бір грамының өзі 120000 долларға бағаланыпты. Осының өзі металдың құны қаншалықты екенін айғақтаса керек.
Мынаны қараңыз, қолға алған істің аяқталуын күткендей араға бір күн салып жұбайы Ақмарал босанды. Сонда жолдастарының әзілдеп айтқандары ғой: «Баланың есімін Осмийбек немесе Осмийбай қояйық» деп. Бұл әрине, әзіл. Ұлдың аты Едігедей ер болсын деген ниетпен Едіге қойылды.
Төкең кезінде ғылыммен айналысуға да уақыт таба білді. Техника ғылымының кандидаты екенін де еске сала кетейік. Докторлық диссертациясы да дайын еді. Алайда қызметтік жағдай оны қорғауға мүмкіндік бермеді. Кезінде шетелдік ғылыми журналдарда көптеген құнды мақалалары жарық көрді. Ол бүгінде 16 патенттің, 57 ғылыми еңбектің авторы.
Таяуда жергілікті газет бетінен Төлеген Нұрмағамбетұлының отаншыл­дықты, патриоттықты арқау еткен ойтол­ға­нысын көзіміз шалды. «Ұлттық мүдде – бәрінен қымбат… Әр адам өз ұлтының патриоты болу керек. Әрбір қазақ азаматы өзінің ана тілін, мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрлерін сақ­таушы әрі дәріптеушісі болғаны жөн. Рухани жаңғыру үшін Абай айтып кеткен жат қылықтардан арылып, кейінгі толқынға дұрыс бағыт-бағдар беруіміз қажет» дейді көкейіміздегі ойды дөп басып.
Тіршілікте жеке бастың емес, ел, ұрпақ жағдайын да естен шығармай, айтар сөзін айтып, қолдан келер істі атқарып жүрген мұндай азаматтардың көп болғанын тілер едік.

Нұрперзент Домбай




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *