Дархан Кәлетаев Атырау облысы Дін істері басқармасының Ақпараттық-талдау орталығының жұмысымен танысты

142

Дархан Кәлетаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында облыстық Дін істері басқармасының Ақпараттық-талдау орталығының жұмысымен танысып, өңірдегі мешіттерде қызмет жасайтын имамдармен кездесті, — деп хабарлайды ҚР Діні істері және азаматтыұ қоғам министрлігінің баспасөз қызметі. 

Кездесу барысында министр мешіт имамдарының уағыз айтуына назар аударды. Оның айтуынша, уағыздар «Уағыз айтудың бірыңғай тәртібінде» бекітілген қағидат бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан БАҚ беттерінде сөйлейтін 44 имамнан тұратын арнайы пул қалыптасқан. БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде имамдар пулында бекітілген діни қызметшілер ҚМДБ-мен келісе отырып пікір білдірулері қажет деп санаймыз. Бекітілген тәртіп бойынша уағыз айтудың шеңберінен аспауларыңыз орынды болады деп санаймыз. Қоғамда дінге қатысты біржақты және өте сезімтал тақырыптарға пікір білдіру кері іс-әрекет туғызуы мүмкін. Біз діннің оң әлеуетін халқымызды біріктіруге, елімізді ілгері дамытуға жұмылдыруымыз керек», —  деді Дархан Кәлетаев.

Сонымен қатар, министр ҚМДБ бекіткен «Мешіттердің ішкі тәртіп ережесін» жетілдіруді ұсынды. Оның айтуынша, ережеге қатысты Министрлікке қазіргі уақытта көптеген азаматтардан шағымдар мен өтініштер келіп түсуде. Ереженің қолданыстағы заңнамаға қарсы келмеуі және адамның құқықтарын шектемеу қажеттігі айтылды.

2017 жылғы 15 ақпанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасында өзара әрекеттесу туралы Келісімге қол қойылған. Құжатта Діни басқарманың дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша мемлекетпен тығыз қарым-қатынас орнату мәселелері қарастырылған.

Атырау облысы бойынша 29 исламдық, 3 православтық, 2 католиктік және 7 протестанттық бағыттағы діни бірлестіктер тіркелген. Өңірдегі 29 мешітте 68 имам жұмыс жасайды.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Әт-Тақуа» мешітіне барды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *