Медицина үздіктеріне – миллион теңге

118

«Үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері» және «Үздік хирург» аталымдары бойынша қара үзіп шыққан жеңімпаздар бүгін Талдықорған қаласында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында әрқайсысы 1 миллион теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Денсаулық сақтау мамандарына марапатты облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар табыстады, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Медицина мамандарын құттықтаған Ж. Омар облыста денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылатынын айтты. Жаңа емдеу нысандары ашылып, қолданыстағыларына күрделі жөндеу жасалуда, жылдан жылға материалдық-техникалық базалары нығайтылып, кадр мәселесін шешу шаралары атқарылып келетінін атап өтті.

11 номинация бойынша өткен облыстық байқаудың қорытындысы негізінде марапаттау салтанаты атқарылды. Мәселен, Қарасай аудандық орталық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Дамиля Қылышпаева «Үздік дәрігер», Талғар ауданы Кеңдала дәрігерлік амбулаториясының меңшерушісі Мадина Карамшук «Үздік ауыл дәрігері», Талдықорған көп салалы ауруханасының хирург дәрігері Еркен Исаев «Үздік хирург», ал Қапшағай қалалық ауруханасы директорының орынбасары Айсұлу Оңғарова «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджер-ұйымдастырушысы» атанды. Өз кәсібінің шеберлері миллион теңгенің сертификаты мен арнайы дипломдарға ие болды.

Ұжымдар арасында Жамбыл ауданы Ынтымақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясы «Үздік ауылдық дәрігерлік амбулатория», Іле аудандық орталық аурханасы «Үздік аудандық орталық аурухана», Талдықорған қалалық балалар ауруханасы «Үздік медициналық мекеме» номинацияларының жеңімпазы болды. Жүлдегерлерге 250 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлық сертификаты берілді. Сонымен қатар үздік медбике, үздік ауыл медбикесі, үздік фельдшер, денсаулық сақтау саласының үздік әлеуметтік қызметкері де анықталып, оларға да 300 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар ұсынылды.

Сонымен қатар Л. Тұрлашов табысты еңбек еткен қызметкерлерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.

Медицина мамандары арасынан сала ардагері Әшімғали Жұмагелдин мен Ескелді аудандық орталық ауруханасының дәрігері Алесья Попова сөйледі. Денсаулық сақшыларының құрметіне мерекелік концерт қойылды.

Көпшілік «Көктем Гранд» қонақ үйінің фойесінде отандық өндірушілердің фармацевтикалық өнімдерінен ұйымдастырылған көрме мен өңірдегі денсаулық сақтау саласының даму жолы туралы бейнефильмді тамашалады.

Жалпы, өткен жылы Алматы облысында 17 денсаулық сақтау нысаны қолданысқа берілген. Олардың қатарында 7 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Биылғы жылы Жамбыл аудандық ауруханасында перзентхана бөлімінің құрылысы, Сарқан аудандық ауруханасы стационарының жаңғырту жұмыстары, Текелі қалалық ауруханасының, 4 дәрігерлік аурухана, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 1 медициналық пункттің сейсмокүшейту жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа бюджеттен 11,7 млрд. теңге бағытталып отыр. Денсаулық сақтау саласының биылғы жылғы бюджеті 46,4 млрд. теңге. Өңірдегі медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да айрықша көңіл бөлініп, биылғы жылы 3,4 млрд. теңгеге қосымша заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *