«ЕЛ ЖҮРЕГІ — АСТАНА»

181

Елорданың «Қазақстан» орталық концерт залында «Ел жүрегі – Астана» деген тақырыппен II Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің салтанатты ашылуы болды. Бұл ауқымды мәдени жоба Астананың 20 жылдығына арналып отыр.

II Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мен Қазақстан театрлары ассоциациясы өткізуде.

Салтанатты ашылу рәсімі әлем театрларының ұжымдарының өкілдері қызыл кілем үстімен өтуімен басталды. Фестивальдің әдемі ашылуы ерекше көңіл-күй сыйлап, 28 маусымға дейін созылатын театр мерекесін сезінуге мүмкіндік берді.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде бұл фестиваль театр өнерінің заманауи қалпын мен даму үрдісін жақсы түсінуге көмектесетінін атап өтті. Министр фестивальдің қатысушыларына жемісті еңбек пен шығармашылық серпіліс тілеп, қонақтар мен көрермендерге естен кетпес әсер тіледі.

Фестиваль концерттік бағдарламаға ұласты. Көрермендер «Наз» мемлекеттік театрының орындауындағы «Шашу» хореографиялық

композициясын, «Номад» этнофольклорлық ансамблінің «Мәңгілік ел» музыкалық композициясын тамашалады. М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Абай» қойылымынан үзінді қойды. А.Ниязова, С.Байғожин, М.Баспаева, Т.Гатауов сынды Мемлекеттік академиялық опера балет театрының солистері өнер көрсетті. Концертті «Астана мюзикл» мемлекеттік театры «Жайна, Астана!» музыкалық-хореографиялық композициямен қорытындылады. Фестивальдің ашылу салтанатын Берік Айтжанов, Елизавета Букова, Жанель Макажан және Марат Айтымбай жүргізді.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, Астана қонақтары мен тұрғындары тек отандық театр ұжымдарын ғана емес, сонымен қатар әлемдік театр труппаларының өнерін тамашалау мүмкіндігі бар. Себебі фестиваль аясында қаламыздың мерекесімен құттықтау үшін Италия, Ұлыбритания, Литва, Польша, Германия, Грузия, Жапония, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен театрлар келді. 13 елден келген театр ұжымдары өнерлерін ұсынады. Барлығы – 18 қойылым, 17 театр.

Астананың әлемдік аренадағы абыройын одан әрі асқақтата түсетін театр мерекесіне әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіби театртанушылар мен сыншылар арнайы шақырылып отыр. Атап айтқанда, Асанәлі Әшімов (Қазақстан), Йонас Вайткус (Литва), Давид Асатиани (Франция), Беатрис Пикон Валлен (Франция), Давид Папава (Ұлыбритания) бар. Олар әрбір спектакльді театр қойылымынан соң кеңінен талқыға салып, өз ойларымен бөліседі.

Осы кеште «Холл Энергия» сахнасында фестиваль бағдарламасы Италияның атақты «Piccolo Teatro di Milano» театрының қойылымымен жалғасты. Милан театры «Arlecchino servitore de du padroni» («Екі мырзаға бір қызметші» комедиясын сахналады. Дәл осы қойылым — «Piccolo Teatro di Milano» театрының басты спектаклі және әлемдік сахналарының алтын фонды. Театрдың негізін ХХ ғасырдың атақты режиссері Джорджо Стрелер қалап, соның арқасында танымал болды. Қойылымның премьерасы 1947 жылы қойылған. Бүгінгі күнге дейін қойылым 40 мемлекетте 2500 рет қойылып, Гиннес рекордтар кітабына енген.

Биыл екінші рет осындай кең ауқымда, биік деңгейде өткізіліп жатқан ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің әрбір күні жаңашылдыққа, қызыққа толы. Маусымның 28-не дейін жалғасатын халықаралық жобаның әр күнінде үздік қойылымдар ұсынылады. Әлемдік театрлар мен белгілі өнер саңлақтарының басын біріктірген «Астана» театр фестивалінің келесі күндері Өзбекстан, Польша, Ресей, Қытай, Литва, Германия, Ұлыбритания, Грузия, Франция елдерінің театрлары өз өнерін ортаға салмақ.

Ғалым ОМАРХАН

Астана




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *