«Үлкендерге сөз қайтарып, дауыс көтерген емеспін»

405

Жақында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстанның халық әртісі Роза Әшірбекованың 80 жылдық мерейтойына орай Сұлтанәлі Балғабаевтың «Енелер мен келіндер» премьерасы қойылды. Қойылымда келін рөлін сомадаған театр әртісі Аида Жантілеуовамен қазіргі келіндер жайлы әңгімелескен едік.

Жаңа қойылым көрермен көңілінен шықты ма екен?

Мұндай тақырыпта қойылым қойылу керек еді. Қазақ халқының қыз-келіндері әдет-ғұрып, салт-дәстүрге сай өмір сүретіні рас болса. Ауылдың тыныс-тіршілігіне сай деп айта аламын. Бұл спектакль қазақ көрерменіне жетеді деп ойлаймын. Қойылым барысында залдағы көрерменнің эмоциясы мен қалай қабылдағаны байқалады. Көрермен жылы қабылдады.

 Сіз сомадаған келін образының ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

Бұл нағыз қазақи мінезден шыққан образ болды. Еліміздің солтүстігі, оңтүстігі немесе шығыста келінді ұстау, келінді тәрбиелеу өзгеше ғой. Келіннің киінуі, салтты сақтауы кейбір жерде атымен жоғалып барады. Қойылымда келіннің әдебінен көріністер болды. Менің образым оңтүстіктің келініне жақындау болғандай. Жаңа түскен келін сәлем салудың әдетін әрең меңгереді. Келін келгеннен бастап отбасы өзін-өзі тәрбиелей бастайды. Екі енесі де келінмен бірге келін болады. Себебі олар да салт-дәстүрден алшақтап кеткен. Ене мен келін арасындағы қарым-қатынастарды Айгүл апалар көрсете білді. Келіннің енеге сөз қайтаруы, араларындағы келіспеушіліктер де көрсетілді. Ал мен ибалы келіннің образын көрсеттім.

Сіз өмірде қандай келінсіз?

Мен жаман келінмін деп айта алмаймын. Үлкенді сыйлай аламын. Ешқашан үлкендерге сөз қайтарып, дауыс көтерген емеспін. Намысыма тиіп, қорлық сөз айтылған жағдайлар болмаса ондайдан сақтасын. Жасы үлкеннің алдын кеспеген болармын. Келін ретінде ата-енемді құрметтеймін. Қайын жұртым заманауи қалыпта өмір сүретіндіктен сәлем салуға мән бермейміз.  Кейде қонақтарға ет қойғанда сәлем саламын. Ең бастысы сыйластық емес пе.

Қоғамдағы ене мен келін мінезі қойылымда толық көріне алды ма?

Көп жерде көрсете алды. Бірақ барлығын бірдей жеткізді деуге болмайды. Көрген адамға белгілі.  Біз өзімізді бақылай алмаймыз. Дегенмен көп нәрсені айта алды. Келінді былай қойғанда, қыз тәрбиесі  биік тұрады. Жат жұрттағы қыздың әрекетіне келсек үлкен тәрбие мектебін керек етеді. Қазір екінің-бірі қайын жұртын төркініне жамандап барады. Таныстарым мен достарым, туыстарым арасында көріп жүрмін. Сол сияқты спектакльде қызы анасына енесін жамандап келеді. Ал анасы қызын әндейді. Қолпаштайды. Қақбас кемпір десе, анасы да қосылып айтады. Сондай дүниелер, шын мәнінде  өмірде кездеседі. Соны көрсету арқылы отбасының түзелуі көзделеді. Соңында барлығын түсінген тәрбиелі отбасы қалыптасады.

«Астанаға 20  қадам» жаңа киноның түсірілім тобынан байқадық. Бұл киноға қалай келдіңіз?

Әрине, кастинг арқылы хабарласады. Барлық түсірілімге кастинг арқылы келемін. Ешқашан таныс болмаса телефон арқылы өтіп көрмеппін. Астананың жиырма жылдығына орай 3 отбасының басынан өткен қиыншылығы көрсетіледі. Астанамен бірге осы отбасылар да өседі. Олардың табысы мен жеңісін көрсететін сериал десем болады. Шілденің басына дейін түсірілім жұмысы аяқталады.

 

Өз болмысыңызды сезім мен нәзіктіктен басқаша етіп көрсеткіңіз келеді екен.  Соған лайық рөлдер бұйырды ма?

Біреу 18 жасында өзін танытады. Біреу 40 жасында өзін таба алмай жүреді. Шүкір, маған берілген рөлдер ұнайды. Қолымыздан келгенінше, қазақ қоғамына керек дүниелерді жасап келеміз. Актриса болғасын жан-жақты болғымыз келеді. Оңбаған да, батыр да болғымыз келетіні рас. Қазір табиғатымыз бен жастығымызға сай рөлдер алып жүрміз.

Шығармашылығыңыздан басқа қандай жаңалығыңыз бар?

Енді қазір өмірім тұрақталған. Отбасым мен балаларым аман-есен. Солармен бірге жұмысымды қатар атқарып жүріп келемін. Менде бәрі жақсы. Бәріне шүкір етемін.

Сұхбаттасқан Алтын Бейімбетқызы

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *