«Антына берік, рухы мықты, жанкешті тәртіп сақшыларының» мерекесі тойланды

381

Бүгін Алматыдағы Астана алаңында полицейлердің мерекесіне орай салтанатты шеру ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары қатарға қаздай тізіліп, жауынгерлік қойылым үлгісін көрсетті.  Қоғамның бейбітшілігі мен тыныштығын күзеткен полиция күні эстрада әншілерінің қатысуымен қызу атап өтілді.

Ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын сауысқандай сақ, қырағы сақшылардың еңбегі өлшеусіз. Олар қашанда қоғамның тәртібі мен қауіпсіздігін бақылайды. Мерекеде бірқатар полиция қызметкерінің ерен еңбегі ерекше атап көрсетіліп, арнайы жүлдемен сыйланды.

Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек полицейлер мен мемлекеттік қызметкерлерді мерекесімен құттықтады.

«Бұл қос мерекенің тойлануы кездейсоқ емес. Қоғамдық қауіпсіздік қызметінде тұрған полиция қызметкерлерін де, еліміздің әлеуметтік, экономикалық өркендеуін іске асырушы мемлекеттік қызметшілердің де басты мақсаты халықтың мүддесіне арналады»,-деді әкім.

Бауыржан Байбек полиция күні мен мемлекеттік қызметкерлер күнін белгілеудің маңызын атап өтті.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  үкімет үйі болған, бүгінде тарихи құнды жәдігерге айналған мына еңселі ғимаратта 1992 жылы 23 маусымда ҚР Ішкі істер органдары туралы заң қабылданды. Ал осыдан 20 жыл бұрын мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізуші мемлекеттік қызмет істері жөнінде агенттік құрылды. Мемлекеттің өркендеуі ең әуелі мемлекеттік қызметкерлердің білімі мен білігіне тікелей байланысты»,-деді ол.

Әкімнің айтуынша, елімізде борышына адал,  рухы мықты, қылмысқа қасқайып қарсы тұратын жанкешті полицейлер легі қалыптасты. Бұған мысал, жедел шақырту бойынша полиция старшинасы Рахметжан Хаким қарақшы кепілге алған қыз баланы құтқарған. Ал полиция майоры Дархан Айымбетов пен аға лейтенант Әбілқайыр Пернебеков көп қабатты үйде болған өрттен қарт ананы құтқарып алған.

 

                                                                                                                                                                                                                                                Алтын Бейімбетқызы

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *