Шикі мен пысқан тамақты қатар сақтамаңыз

262

Тамақтан улану – бұл асқа­зан-ішекке тамақпен немесе сусындармен бірге зиянды бак­те­риялардың түсуінен ішкі орган­­дардың жұмысының бұзы­луы. Құрамында агрес­сиялы химиялық заттары немесе бак­териялары бар тамақты ішкен­нен кейін, ток­син­дер қан құра­мына ақырын сіңіп, улану ту­дырады. Таралу жолы – али­ментарлы, берілу жолы – тағам өнімдері арқылы.

Тамақтан улану екі топқа бөлінеді: микробты және микробсыз. Микробты улануға токсикоинфекция, токсикоздар, этиологиясы аралас (микс) жатса, ал микробсызға таби­ғатынан улы және белгілі жағдайда улылық қасиетке ие болған өнімдермен болатын улану жатады.

Табиғаты микробты және мик­робсыз тамақтан уланулар санита­риялық-гигиеналық және санитарлық эпиде­мияға қарсы норма мен ереже­лер қада­ғаланбауының нәтижесінде туындауы мүмкін. Табиғаты бакте­риалды тамақтан улану – белгілі микроорганизмдердің тірі қоздыр­ғыштары немесе олардың тіршілік өнімдерімен (токсиндері) зара­ланған асты тұтынғаннан кейін туын­дап, организмнің әлсіз не айқын улану белгілерімен өтетін ауру. Тағамдық улануды көпшілік жағдайда алтын түсті стафилококк (Staphylococcus aureus) және ішек таяқшасы (Escherіchіa colі) сынды бактериялар туындатады. Ста­фи­лококтар және ішек таяқшалары –терісінде іріңді зақымданулары бар адамдардан тағамдық заттарға жиі түсе­ді. Стафилококпен зақымданған тағам­дық заттар сыртынан иісі және дәмі жағы­нан сапалы заттардан өзгеше­лігі жоқ, сондықтан энтероток­син­мен улану мүмкіншілігі өте жоғары. Микробтармен сүт және сүт тағам­дары, торттар және пирож­ныйлар, ет, балық және көкөніс тағамдары зақымданады. Стафилококтар жоғар­ғы концентрациялы тұзға және қантқа төзімді. Олар қыздырғанда 800С  өледі, бірақ 1000С қайнатқанда 1,5–2 сағатқа дейін шыдайды. Энтеро­токсин асқазанда бұзылмайды, қан арқылы сіңіп, бүкіл организмге таралады. Улану белгілері орташа 1,5–2 сағатта пайда болады.

 ТАМАҚТАН УЛАНУДЫҢ СЕ­БЕП­­ТЕРІ: көбіне жеке бас гигие­насының, санитар­лық-гигиеналық талаптардың және тамақ­тарды дайындау барысында техноло­гиялық процестердің сақталмауы. Улану көбінесе мерзімі өтіп кеткен, өмір сүру деңгейі бактерияға ұшыраған, сондай-ақ, химиялық заттармен бүлінген азық-түлікті қолданғанда пайда болады. Тағамдық уланулар – бактериялық токсиндері бар және микроорганизм­дер мен залалданған заттарды қолдану нәтижесі. Тамақтан улану мәселесі әсіресе, жыл мезгілінің жылы уақыттарында маңызды болып саналады. Жазда азық-түлік өнімдері­нің ластануына үлкен қауіп бар. Себебі, шыбын-шіркейлер молаяды, олар микроб­тарды тасушылар болып саналады және күннің ысуы тағы басқа да факторлар бар.

ТАМАҚТАН УЛАНУ БЕЛГІЛЕРІ: жүрек айну, құсу; диарея; асқазан және/немесе ішек ауруы; жалпы әлсіздік, ұйқы қашу; бас ауруы.

САҚТАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ: асха­на­лардан тамақтанғанда абай болыңыз; асханада жұмыс істейтін қыз­меткерлердің мерзімінде бакте­риоло­гиялық  зерттеуден өткені абзал; тері аурулары немесе қолында іріңді жара­қаттары бар қызметкерлер  жұмысқа қабылданарда қадаға­ланғаны абзал; қауіпсіз тамақ өнім­дерін таңдаңыз; тамақ­ты дайындау технологиясын сақта­ңыз; пісірілген тамақты бірден пайда­ланыңыз; азық-түліктерді мұқият сақта­ңыз; алдын-ала дайындалған тамақты мұқият қыздыру керек; шикі және піскен тамақ өнімдерін қатар сақтамаңыз; қолыңызды жиі жуып тұры­ңыз; таза суды пайдаланыңыз; тамақты жән­дік­тер мен кеміргіштерден аулақ сақтаңыз.

ТАМАҚТАН УЛАНУДЫҢ АЛ­ДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ: инфек­ция көзін оңашалау; тамақтан улануды шақы­ратын қоздырғыш­тардың азық-түлік­терде тұқымдану жолдарын үзу; эпиде­миологиялық жағынан қауіптілік туғы­затын азық­тарды залалсыздандыру; уланудың алдын алу үшін санита­рия­лық ережелерді, әсіресе жеке бастың гигиенасын қатты сақтау керек; микро­ор­ганизмдердің көбеюі мен токсин түзудің алдын-алу қажет.

Ас – адамның арқауы. Өмір сүру үшін тамақ жейміз, ас ішу арқылы өзімізге керекті витамин, белок секіл­ді орга­никалық заттарды тұтына­мыз. Бірақ тағамдарымызды пайда­ланбас бұрын оның сапасына, құра­мына, пайдалану мерзіміне қараған жөн. Міне, сол кезде ғана тамақтан уланудың алдын алып, көп­теген аурумен ауырмаймыз. Сала­уат­ты өмір салтын сақтап жүрейік. Ауы­рып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!

Ботакөз СЫЗДЫҚОВА,

дәрігер-бактериолог.

Ақмарал СЕРІКБАЕВА,

маман.

Назым КЕКЕЖАНОВА,

зертханашы,

ҚР ДСМ ҚДСК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Алматы қаласы бойынша филиалының Бостандық аудандық  бөлімшесі.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *