УНИВЕРСИТЕТТЕН ЕҢ МЫҚТЫЛАР ТҮЛЕП ҰШАДЫ!

512

Балалық шақ пен ересек өмір арасында бір-ақ кеш бар, ол – түлектер кеші. Қарап отырсақ, жәй ғана тіркес, ал мағынасы қандай терең?!

Қазақстанның білім беру тарихында тұңғыш рет үлкен оқиға: Алматы технологиялық университеті жанындағы Қазақстан-Швейцария институтының туризм, мейрамхана және қонақ үй бизнесі мамандықтары бойынша алғашқы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. 2014 жылдан бастап «Туризм», «Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі», сондай-ақ «Іс-шараларды ұйымдастыру» салалары бойынша кадрлар даярлауға арналған қос дипломдық білім берудің қазақстан-швейцариялық бірлескен бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаны сәтті аяқтағаннан кейін, түлектерге Халықаралық менеджмент, туризм және қонақ үй институтының (HTMi, Швейцария) дипломы және ҚР мемлекеттік үлгідегі академиялық бакалавр дәрежесі тағайындалған диплом беріледі.

Бұл оқиғаның ауқымдылығы неде? Қонақ үй бизнесі саласында білім беру моделі алғаш рет Швейцарияда қалыптасты, оның мектептері аталған салалардың эталоны болып табылады. Швейцарияда алынған диплом әлемдегі жетекші қонақ үйлерге есігін айқара ашады. Ал, HTMi (Hotel and Tourism Management Institute Switzerland) – Швейцарияның академиялық дәстүрлеріне сәйкес жоғары білікті және жан-жақтан талап етілетін мамандарды дайындайтын әлемдегі алдыңғы қатарлы қонақ үй және туристік менеджмент институттарының бірі. Сондай-ақ, аккредиттеу жөніндегі Британдық Кеңес (BAC) тарапынан аккредиттелген жалғыз Швейцария мектебі болып табылады.

АТУ бас ғимаратының аумағы бір сәтке басқа әлемге айналды. Алтын түстес өрнектермен безендірілген, асыл қара түсті мантия қою қызыл түсті мантиямен жарасымды үйлесіп, ашық әрі жарқын көрініс тудырды. Ал көріністің атмосферасы мүлде ерекше: жүздері қуанышқа толы түлектер өздерінен екі есе бақытты ата-аналарымен, туыстары және достарымен бірге өмірлеріндегі асыға күткен маңызды кездерінің бірі, салтанатты сәтке жетті.

Іс-шараны АТУ ректоры, академик Т.Қ. Құлажанов құттықтау сөзімен ашты. Ол түлектерді, олардың ата-аналары мен қонақтарды айтулы күнмен құттықтап, HTMi басшылығына алғысын білдірді. Ол ынтымақтасу тарихымен бөлісіп, қос дипломдық бағдарламаның артықшылықтарына тоқталды. «Қуанышқа, бақытқа, жаңа ашылулар мен естен кетпес кездесулерге, шаттыққа толы студенттік жылдарыңыз артта қалды.

Сіздерге бұл қайталанбас сәттер мен жарқын естеліктерді ұмытпауларыңызды тілеймін. Дендерің сау, аспандарың ашық, жолдарың айқын болсын!», — деп Т.Қ. Құлажанов жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар, іс-шараның тарихи оқиғасы: АТУ мен HTMi арасында 2019 жылы екінші жоғары білім: туризм және еліміздің қонақжайлылығы саласы мамандарын бірігіп оқытудың 2 жылдық бағдарламасына хаттама жасалды.

Осылайша әсерлі көңілмен альма-матер өз түлектерін үлкен өмір, ақ жолға шығарып салды.

Ақтоты Тұрсынәлі,

АТУ Медиа орталығы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *