Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра

244

 

Маусымның 13-і күні Елбасының Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілген еді. Соған орай, кеше яғни Шілденің 1-інде Қазақстан көлемінде ұлттық домбыра күні аталып өтті.

Домбыра – бүкіл-бүтін ұлттың жұлын-жүйкесі. Онда ғасырлар бойы шертілген шемен мұң да, шежіре сыр да бар. Халықтың ұмытылған тарихы, қағазға түспеген ойы, идеясы ғасырлар қойнауынан өтіп, домбыра арқылы жетті.

Тіл өлсе де, мәдениет өлмейді. Мәдениет – халықтың, ұлттық меннің мендігін паш ететін өлмес атрибуттарының бірі.  Кейбір жер бетінен жоғалып кеткен, тілі де, тарихы да ұмыт қалған елдердің музыкалық мұрасының өміршең болып келе жатқанының куәсі болып отырмыз.

Кезінде бір халық, бір ұлт боламыз деген саясаттың тоқпағы домбыраның  да біраз құқайды басынан кешіруіне мәжбүр етті. Тілді, дінді, ділді ауыздықтағанмен домбыраның қоңыр үніне ешкім шек қоя алмады. Ауызбен айтып жеткізе алмаған мұңымыз домбыраның қос ішегінде шертілді. Сондықтан да болар, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиев «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп тебіренді.

Бүгін әр қазақтың төрінде ілулі тұрған қасиетті қара шанақтың көкейінен төгілген тәтті, сырлы, мұңлы, шежірелі күй жас ұрпақтың ұлттық менін қалыптастыруда ерекше рөл атқаруда.

Соңғы жылдары мыңдаған домбырашының бір мезетте бір күйді тартуы үрдіске айналып барады. Осыдан біраз уақыт бұрын Үрімжіде «Кеңес» күйін бірден 13 мың адам тартып, Гиннестер кітабына енген еді. Сол кезде біздің көкейімізді қасиетті қара шанақтың басқа елдің рухани, мәдени мұрасы ретінде танылып кетпей ме деген күмән тудырғаны рас. Өйткені, оны Қытайда тұратын қандастарымыз жүзеге асырғанымен, әлемдік ұлттық саясаттың айқындауынша, олар жеке ұлт ретінде танылмайды. Қытайдың бір провинциясы ретінде саналады. Сол себепті де, әлемде теңдесі жоқ бұл өнердің Қытайға телініп кетуі ғажап емес. Осыдан кейін ғана, Қазақстанда 500 домбырашының «Сарыарқа» күйін орындауы секілді шаралар қолға алына бастады.

Ал биылғы «Рухани жаңғыру, болашаққа бағдар» бағдаламасының аясында Ұлттық домбыра күнін арнайы тойлап өтетін болдық. Бұл домбыраның рухын асқақтатып, киелі мұрамыздың кеңінен насихатталуына жол ашатыны анық. Ендеше, жақсы бастамаға ақ жол дейік.

Е. Байнұр




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *