Апорт – Астанадағы «Жетісу» саябағының басты символы

135

«Жетісу» саябағында Астананың 20 жылдығына орай жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оның  негізгі элементтерінің бірі Алматының көркіне айналған алмамен тікелей байланысты. Қазақстан жері, соның ішінде Жетісу алманың отаны.  Сол себепті, саябақта 400-дей алма ағашы отырғызылған, алма тақырыбымен байланысты декоративтік элементтер шоғыры бар. Бұл саябақтың ерекшеліктері туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Мұнда Апорт ағашының мүсіні көз тартады. Ол жемісі төлігіп тұрған мәуелі алтын ағаш. «Молшылық» деп аталатын композицияның идеясы тереңде жатыр. Аспалы қос қоржыннан төгіліп жатқан алмалар – Жетісу табиғатының жомарттығының, молшылықтың нышаны.

«Апорт» алаңы «Бақыт» композициясын толықтыра түседі. Онда саябақ орындығында отырған қазақ ақсақалы мен оны оның жанында қолына апорт алмасын ұстап, орындықта түрегеп тұрған немересі бейнеленген.

«Апорт» және «Молшылық» мүсіндерінің авторлары Д.Нұржанов пен К. Гришиненко, ал «Бақыт» композициясын Қ. Жарылғапов пен М. Азмағанбетов дайындаған.

«Апорт» алаңына «Жетісу жүрегі» мүсіні де сән қосып тұр. Жарты алма бейнесіндегі жүрек Астана мен Алматы облысының бірлігі мен рухани сабақтастығын білідіреді. Сондай-ақ, бұл мүсіннен ашықтықты, адалдықты, ал алманың дәні бейнесінен өсіп-өркендеуге деген құлшынысты ұғынуға болады.

Композиция қоладан жасалған. Диаметрі 1, 4 метрді құрайды.

Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Алматы облысында бақ өсіруді дамытуға, соның ішінде Апорт алмасына ерекше көңіл бөлінуде. 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыста 23 мың гектар жеміс-жидек, соның ішінде 1500 гектары – алманың «Апорт» сорты, оның 743 гектары бүгінгі күні жемісін беріп тұр. Ал биылғы жылы Облыста маусым айының соңына дейін 1192 гектар жерге жеміс ағаштары отырғызылса, соның 700 гектары – алма бағы, сол алма бақтың 72 гектары апортқа тиесілі. Атап өтсек, облыста интенсивті бақтарды дамытуға да айрықша назар аударылады. Соның арқасында әр гектарынан қарапайым бақтағыдан қарағанда 5-6 есе көп өнім алуға болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 2 мың га интенсивті бақ болса, биылғы жылдың бірінші жартысында 408 га интенсивті алма бағы отырғызылған. Жеміс ағаштарын отырғызу жұмыстары жалғасуда және күзгі маусымда да жалғасатын болады.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *