«Астана – Еуразия жүрегі» көрмесі ашылады

242

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2018 жылдың 4 шілдесі күні сағат 12.00-де «Астана – Еуразия жүрегі» атты көрме ашылады. Бұл көрме экспозициясына Қазақстан суретшілері мен мүсіншілері, сондай ақ балалар шығармашылығын дамыту орталығы және бейнелеу өнері студиясы шәкірттерінің жұмыстары қойылған.

«Астана – Еуразия жүрегі» көрме экспозициясы көрермен назарына ұсынылған шығармалардың әр алуандығымен екшеленеді. Көрмеде бейнелеу өнерінің барлық саласы – сурет, кескіндеме бойынша академиялық еңбектер, сондай ақ қазақ халқының көне және қазіргі кезеңдегі қолөнері, көркем қолданбалы өнер туындылары коллекциясы, мүсіндер топтамасы кең көлемде қамтылған. Сән салтанаты асқан Астана бүгінде мемлекетіміздің тыныс-тіршілігінің айнасы, қарқынды дамып отырған мегополис. Көрме экспозициясында Жұмаділхан Керімбек, Мұратбек Тұрбай, Елена Шарапова, Ардақ Амантаева, Есіл Қазбекова және т.б.шығармаларымен қатар Мәлік Жүнісбаев, Саят Битуғанов, Дәурен Досмағанбетов сынды мүсіншілердің қолтумалары бар.

Көрме экспозициясына белгілі 20 шебердің, балалар шығармашылығы орталықтарының және бейнелеу өнері студиялары шәкіртерінің жұмыстары қойылды, бұның өзі өнердегі ұрпақтар сабақтастығын аңғартады.

Ал «Астана – Еуразия жүрегі» атты көрме ерекше форматта өткізілмек. Аталмыш көрме экспозициясына кәсіби суретшілер мен мүсіншілердің жұмыстарымен қатар балалар шығармашылығын дамыту орталығы және бейнелеу өнері студиясы талантты шәкірттерінің мерейлі астанамыздың көне тарихы, бүгіні мен болашағын бейнелеген саналуан қолтумалары шығарылды. Көркемөнер мектептері мен бейнелеу өнері студиялары шәкірттерінің түрлі техника мен жанрда (кескіндеме, акварель, қолданбалы өнер және т.б.) орындалған авторлық жұмыстары жас шеберлердің идеялары мен шығармашылық бағыт-бағдарын аңғартады. Бұл жолы: «Лидия Дроздованың Арт-Шеберханасы», «Шедевр», «Веселая ромашка», «Да Винчи» және т.б. бейнелеу өнері студиясының суретшілері өз қолтумаларын көрермен назарына ұсынып отыр. Балалар Астананы өз қабылдауынша бейнелеуге тырысады, бірі сюжет негізіне зәулім кешендерді («Байтерек – өмір дарағы», «Хан Шатыр», «Астана Цирк») таңдаса, өзгелері тек қиялына ерік берген, ал енді бірі кенеп бетіне көрген «дүниесінен» алған әсерін бейнелеген. Көрме жеткіншектердің шығармашылық жолында тарих қойнауына бойлауына, елордамыз Астананың күннен-күнге асқақтаған келбетіне баса назар аударуына, креативті бейімділігін арттыруға, шығармашылығын шыңдауға деген талпынысын қолдап бағыт-бағдар беруге және әр баланың қолтумасының ойлы, мәнді де сапалы шығуына ықпал етеді.

Көрменің ашылуы күні балаларға концерттік бағдарлама, шеберлік сабақтар және I, II залдар экспозициясы бойынша экскурсиялар мен қызықты бағдарлама дайындалды.

Көрме аясында педагогтар мен шәкірттер балалар шығармашылығы орталығында қалыптасқан шынайы шығармашылық өмірмен танысуға мүмкіндік беретін шеберлік-сабақтарын өткізіп өнердегі өз тәжрибесімен бөліседі. Өнерсүйер халықтың назарына бейнелеу және қолданбалы өнердің 200 астам туындысы қойылды.

Көрме 2018 жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *