Оралмандар үшін жедел желі жəне «Қандастар» сайты іске қосылды

1842

Тәуелсіздік алғалы бергі жылдарда тарихи отанына ат басын тіреп, елге оралуды ниет еткен қандас бауырларымыздың саны күрт арта түсті. Ата-бабасының кіндік қаны тамған туған еліне оралғысы келген қазақтарға мемлекет тарапынан да біраз жағдайлар жасалып, жеңілдіктер қарастырыла бастады. Дегенмен, өзге елдің заңына бағынып, елінен жырақта өмір кешкен ағайындарымыздың Қазақстанға оралып, азаматтық алу, құжат рәсімдеу, ортаға бейімделу мәселелеріне келгенде заңнамалық сауаттылығы мен тілдік білімінің жоқтығы, оған қоса жергілікті халықтың оралман деп шеттетуі секілді түрлі психологиялық жағдайларды жеңіп, өз еліне тұрақтауына түрлі себептер кедергісін тигізіп, олардың жағдайын одан бетер қиындатуда. Аталған мәселелерді шешу барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Отан – оттан да ыстық» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Жуырда Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында аталмыш жобаның халыққа таныстырылымы өтті. Оған «Адырна» ұйымы, «КЕШ» құқық қорғау орталығының жетекшісі Кәмшәт Емұхамбетқызы, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі маман Әсима Сұлтан, орыс тілінің маманы Әлия Мұхаметкәрімқызы, БАҚ өкілдері мен шет жақтан келіп азаматтығын ала алмай жүрген бірқатар азаматтар қатысты. Олардың көпшілігі Қазақстан азаматтығын алуды армандайды.

 

Жоба аясында атқарылатын жұмыстар жайлы толығырақ ұйымдастырушылардан сұрап білген едік.

Жобаның басты басымдылықтары жайлы айтып өтсеңіз?
Арман Әубәкір, «Адырна» ҰЭБ қоғамдық қорының директоры:
— Біз «Отан оттан да ыстық» жобасы аясында ресми түрде жедел желі жұмысын іске қостық. Азаматтар құжат рәсімдеу барысында қандай да бір жемқорлыққа, түрлі алдамшы жағдайға тап болып жатады, тіл білмейтіні, кирил жазуын түсінбеу салдарынан, жаңа бір азамат айтып өтті, флюрографияны білмегені үшін 100 000 теңге берген. Білместіктен қаншама адамдар Қазақстанның азаматтығын алу үшін алданып, алдамшыларға құжат беріп, өздері бітіретін шаруаны екі ортада не ақша, не құжат жоқ болып қалған жағдайлар бар. Сол себепті, бізде шеттен келген қандастарымыз үшін заңгер тегін қызмет көрсетеді. Осы жоба аясында қуанышпен хабарлайтын жайт, “Қандастар» деген сайт ашылып жатыр. Ол сайтта латын және төте жазулар да іске қосылған. Бірақ әлі де толықтыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сайт арқылы да азаматтар, БАҚ өкілдері сауалдар жолдап, жазбаша түрде жауап ала алады. Одан бөлек сайт өзіміздің дәстүр, мәдениет, ұлттық құндылықтарымызды көрсетіп, тарихымыздан ақпарат береді. Өз жерімізде жүрген қандастарымыздың өзі түрлі мәдениеттердің ықпалына түсіп жатыр, ал сырттағы қазақтардың жағдайы тіпті қиын. Сонымен бірге біз онға жуық қандастарымыз шоғырланған жерлерде кездесулер өткіземіз. Құқықтық, заңнамалық тұрғыдан, қалай кәсіпті бастауға болады деген секілді кәсіпкерлікті дамыту, бизнес бастау бойынша курс өтеді. Құқықтық тұрғыдан бір айлық курс өтеді. Кирил қарпін үйрену, орыс тілін үйрену бойынша үш бағытта курстар өтеді. Шет жұрттан елім, жерім деп келген азамат осы жердегі қазақтардың тарапынан қандай да бір алдамшылдыққа, кертартпалық мінезге тап болатын жағдай өте көп. Сіз неге келдіңіз, квота үшін келдің бе деген сияқты толып жатқан сауалдар қойып, елін аңсап келген азаматтың көкірегінен итеретін жағдайлар кездеседі. Біз 130-дан астам ұлтты сыйдырған кезде өзіміздің қазақ бауырымызды неге сыйдырмаймыз деген мәселелердің шешімін табу біздің басты мақсатымыз. Қандастар мәселесінің төңірегінде екіжақты, шешімін таппаған сұрақтар көп. Соларды ескере отырып, жобаның соңында біз ұсыныстарды әзірлейміз.

— «Адырна» қоғамдық қорының бұл мәселені қолға алуына не себеп болды және жоба аясында білім беру неше азаматты қамтиды?

Жобаның ұйымдастырушысы Әлішер Омар:
— Бұл жобаның мақсаты «Адырна» ұйымының мүддесіне сай келеді. «Адырна» ұйымының негізгі мақсаты – ұлттық ерекшеліктерімізді дәріптеу, ұлттық құндылықтарымызды сақтау, қорғау. Қазақ ұлтының мүддесін қорғау. Қандастар мәселесі сол мүдденің бір құрамдас бөлігі болып табылады. Өйткені, дүние жүзі бойынша әрбір елде біздің қазақ диаспоралары бар. Әрине, әр ел өзінің заңын жүргізуге құқылы. Біз оған ренжімейміз. Мен халықаралық қатынастар маманы ретінде білем оны. Сол үшін біздің мүддемізге шетелде жүрген қандастарымыздың өз елімізге жедел түрде кіргізіп алу, азаматтық беру кіреді. Осы орайда Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясатының «Отан оттан да ыстық» деген жобасы шықты. Бұл жобаның басты мақсаты – еліміздегі оралмандарға заңнамалық көмек көрсету және бейімдеу курстарын жүргізу. Өкінішке орай, бұл жоба шетелдегі қазақтардың мұң-мұқтажын зерттеуге, шетелдегі қазақтардың мәселелерімен айналысуға негізделмеген және қысқа мерзімді қамтиды. Бірақ біз республикамыздағы қандастарымыздың мәселелерін шешуге белсене атсалысатын боламыз. Бұл жоба негізі Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясатының тапсырысы болғандықтан, 20 адамдық топты көздейді. Алайда, «Адырна» ұйымы ешкімді шектемейді. Өтініш білдірген ниетті азаматтардың бәрін қамтуға тырысамыз.

Шеттен келген қандастарымызға көмек беру үшін іске қосылған жедел желі қызметінің сенім нөмірі – 8778 808 77 08. Ал, толық ақпарат алу үшін «Қандастар» сайтына http://qandastar.kz/ домені арқылы кіруге болатынын естеріңізге саламыз.

Гауhар Түстікбаева,
«Қазақ газеттері».




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *