Катерина Гордеева: Бұрынғы империя құрамында болған елдерде империялық пиғылдағы телевидениені көрсету өте зиян

744

Қазақстанға ат басын бұрған ресейлік журналист Катерина Гордеева www.manshuq.com cайтында «Мы не похоронили общее прошлое» атты сұхбат берген екен. Сұхбаттың Қазақстанға, Қазақстанның ақпараттық саясатына қатысты бөлігін ықшамдап www.kazgazeta.kz сайтының оқырмандарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. Сұхбаттың толық нұсқасымен https://manshuq.com/life-katerina-gordeyeva-06-2018 сілтемесі арқылы танысуға болады.

-Сіз Қазақстанның Ресейдің ақпараттық ықпалында екенін білетін шығарсыз. Біздегі барлық ірі кабельдік желілер ірі ресейлік арналарды таратады. Басқару тетігін 20 рет басқаннан кейін, ресейлік арнаға тап боласыз. Осы тақырыпта жиі мәселе көтеріліп тұрады, ақпараттық қауіпсіздік немесе қауіп туралы жиі сөз таластырамыз. Біздің тұрғындардың бүкіл-бүтін бір бөлігі осы бағдарламалармен сусындап, осы арналар ұсынған категориялар бойынша ой толғап, осы арналардағы үгіт-насихатпен бой түзеп келеді. Екі ел арасындағы кейбір түсініспеушіліктер осы тақырыпта өрбиді. Соңғыларының бірі: Владимир Соловьевтің бағдарламасында («Жексенбілік шығарылымында» (Воскресный выпуск) әдеттегідей сыртқы саясатты талқылады. Осы бағдарламада әңгіме Қазақстан туралы өрбігенде қазақ тілінің латын графикасына көшуі туралы мәселеге ойысты. Латыницаға көшу туралы заң қабылданып, ол іс басталып та кетті. Ал Соловьев болса: «Біз ұлы қазақ халқының тарихынан бір нәрсені білмейтін секілдіміз? Қазақ халқына деген құрметім зор, алайда онда латыницаның болмағанын білемін. Әлде болды ма?» дейді кекесінмен, сонда залдан біреу: «Меніңше, олардың тілі де болмаған» деп айғайлап жіберді. Бұның соңы қандай жанжалға ұласқанын білесіз бе? Ақыры Сыртқы істер министріне бұл жағдайды түсіндіруге тура келді. Осыған орай, бізде ресейлік телеарналар ұлттық немесе шовинистік бағыттағы әңгімелерді емін-еркін таратады деген пікір қалыптасқан.

-Бәлкім, солай шығар. Көрмеңіздер. Ес ақылы бүтін адам Соловьевті көре ме? Меніңше, бұрынғы Совет одағы елдерінде, қазіргі тәуелсіз мемлекеттерде ресейлік телеарналардың көрсетілуі өте зиянды құбылыс. Неге итальяндық немесе француздық телеарналарды көрмеске?

-Мәселе, тілде шығар?!..

-Егер, тіл соншалықты маңызды болса, өз контенттеріңізді жасаңыздар. Мұнда халықтың басым бөлігі орысша сөйлейді екен, өз телебағдарламаларыңызды жасауға не кедергі? Меніңше, бұрынғы империя құрамында болған елдерде империялық пиғылдағы телевидениені көрсету өте зиян.

Ресейдің телеарналарында көрсетілетін ғажап өмір үйіндегі жадау өмірмен көмкеріледі. Ол Соловьевтің Ресейдің ұлы держава екендігін масаттана сөйлегенін көрді де, үйіне қайтты, жүз қадам былай аттамай жатып, ауылындағы аурухананың жабылып, мектептердің қирап жатқанын көрді. Сонымен көкке көтерілген көңілі су сепкендей басылды. Ал Еуроодаққа мүше Латвиядағы жағдай бізден гөрі жақсы. Олар телеарнадан естіген дүниесін өмірдің өзге проблемаларымен салыстырып, сабасына түспейді. Адамдар шын мәнісінде күші мығым Ресейді құрметтей бастайды, ондағы өмір шынымен телевидениедегідей деп ойлайды.

Шовинистік пиғылға келетін болсақ, бұл да әрқалай. Орыс адамы Литва, Латвия және Эстонияны бір-бірінен айыра бермейді, бір атаумен «Прибалтика» деп атайды. Өйткені, ол онда бала кезінде демалған.

-Сол секілді қырғыз, қазақ пен өзбекті бір-бірінен айыра бермейді, бәлкім.

-Мен бұны мысалға алмаған едім. Өйткені, сізді ренжіткім келмеген. Сол үшін сіздерден алыс мәселені мысалға алдым. Владимир Рудольфович Соловьевті Қазақстанның латыницаға көшуі неге сонша алаңдатуы тиіс, мен де осыны түсіне алмадым. Маған оның ешқандай қатысы жоқ.

-Оның пікірінше, Қазақстан осылай тату көршіліктен алыстап бара жатқандай…

-Демек, Владимир Рудольфович Соловьевтің Қазақстанға қатысты қандай да бір империялық амбициясы бар болғаны. Ол, бәлкім, оны да өзіне қосып алғысы келетін шығар? Оған Украинаның біраз бөлігін қосып алғаны аз болып тұр ғой? Бірақ бұл оның жеке қиялы ғана.

 

Постимпериялық синдромның басты проблемасы – империяны қайта жасақтау арманы. Бұл арман – ешкімге тамақ болмайтын арман. Бірақ, бұл біздің, Ресейдің проблемасы. Қазақстанның проблемасы сонда, сіздер оны көресіздер, талқылайсыздар. Қарамаңыздар. Бұл сіздердің намыстарыңызға тиетін сезім. Соловьев деген кім ол? Мен оның осында гастрольмен саяхаттап келіп кеткенін естідім.

-Иә.

-Демек, сіздер бұдан кейін де оны шақырып отырсыздар.

-Оны бұған дейін шақырған. Енді шақыра қоймас деген үміттемін. Тіпті, сіздің келуіңізге орай да фейсбукте: «Ресейлік журналистер келеді. Соловьев емес» деген әзілдер жүрді.

-Бұл алып елден қалған бөлшектің үлкен проблемасы. Адамдар өткенді аңсайды, бірақ оның қандай болғаны естерінде жоқ. Мәселен, менің ұлы әжем 1937-1956 жылдар аралығында Қарлагта отырды. Оның осы тар қапастан өзге өмірі болмады. Ол қызының қалай ержетіп, немерелерінің дүниеге қалай келгенін көрмеді. Бізді телевидение емес, санамыздан әлі өшіп үлгермеген, алайда біз аз білетін ортақ өткеніміз біріктіруі керек.

Біз бұл түйткілдерді әлі шеше алған жоқпыз. Біз бұл тұрғысынан ештеңені бірге жасап жатқан жоқпыз. Бұл барлық республикалардың трагедиясы. Латвияға да көптеген адам өз қалауымен келген жоқ. Онда Сібірден, Пермьнен және Ижевскіден келгендер жетерлік. Олар латвиялық болмаса да, өздерін латвиялықпыз деп есептейді. Оларды өз отанымен байланыстыратын жалғыз дүние – орыс тілі. Орыс тілінде тек Соловьевті көру жеткіліксіз, сонымен бірге оны өз ата-бабаларының қайда туып, қайда айдалғандығын, олардың арқалаған жазасын, қандай айыптары үшін жазаланғандығын білу үшін де пайдалану керек. Орыс тілін өткенді жаңғырту әрі оны есте қалдыру үшін де пайдалану керек.

— Яғни, бұл туралы айтылуы керек пе? Бізде бұл тақырып жайында көп талқыланбайды.

— Бұл өте күрделі тақырып. Бұл туралы сөз қозғау өте қиын.

-Бізге тарихи тұрғыдан ағару қажет пе?

-Барлық жағынан ағарту керек әрі аз да болса өткен тарихымызды сүйе білуіміз керек. Алайда «Советтер одағында бәрі жақсы болған еді» деген мағынада емес, өз туғандарымызды еске ала отырып, өткенді сүйе білу керек.

Дереккөз: www.manshuq.com




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *