ФУТБОЛДАН ҚАСИЕТ КЕТЕ БАСТАДЫ!!!

380

Дәл осылай айтуыма Ресейде өтіп жатқан кезекті әлем чемпионаты себеп болып отыр. Спорт журналистикасының жүйрік атын ерттеп мініп,доп секілді доп-домалақ,ұстазым Сейдахмет аға Бердіқұлов айтқандай,жұмыр жерді жүз кесіп өткен сапарымда бес рет әлемдік футбол чемпионатына барған екенмін. Олар—ИСПАНИЯ-1982,МЕКСИКА-1986,ИТАЛИЯ-1990,ФРАНЦИЯ-1998 және БРАЗИЛИЯ-2014 әлемдік доп додалары. Франциядан оралғанда ма,»Жас Алаш» газетіне берген сұхбатымда сұхбат тақырыбын «ФУТБОЛ — АҚЫЛДАҒЫНЫ АЯҚҚА ТҮСІРІП ОЙНАЙТЫН ОЙЫН!» деп өзім қойып беріп,футбол секілді миллиондар ойынына таңдай қаға отырып,баға бергенім есімде. Одан бері жиырма жыл ғана уақыт өтті. Ғалам дамуы үшін 20 жыл дегеніңіз қас-қағым сәт қана. Бірақ осынша аз уақытта ФУТБОЛ өз қасиетінен айырыла бастаған секілді… Ресейдегі футбол чемпионатының алғашқы ойынын көргеннен-ақ ойға оралған бұл бұзық пікір дәл осы күні тумап еді. Кейінгі жылдардағы өз чемпионатымыз бар, Еуропа алаңдарындағы ойындар бар, Еуропа чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы бар, футбол шайқастарын көріп отырғанда алаңдағы 22 футболшының футбол ойнаумен емес,футболды сылтау етіп, алға қойған өз мақсаттарына кісі өлтірсе де жетуге тырысатындықтарына мың рет куә болғанбыз. Әсіресе,арыстай жігіттердің футбол алаңында аяқ тиер-тиместен кескен теректей жалп етіп құлап,сирағы сынып,тірсегі опырылып,болмаса бүйрек-бауыры езіліп кеткендей аунап кеп домалайтындығы еріксіз ұялтатын.Әрі жасыл алаңда жантәсілім еткелі жатқандай болатын баhадүр жігіттердің бір көзі төрешіде болатынын олар өзінен басқа ешкім байқамайды деп ойлайтын секілді. Төреші онымен соқтығысқан футболшыны жазаласа ол одан ары домалай береді де,олай етпесе орнынан атып тұрып,безілдей жүгіреді! Рас,футбол — қақтығыс-соқтығысы мол спорт түрі. Ойын кезінде ауыр жарақат та алып жатады олар. Омыртқа,жілік,бұғана,тірсектің шығып,сынып кететін кезі де аз емес. Бірақ кәсіби футболмен шұғылданған жан мұны заң ретінде қабылдауы керек. Себебі сол қиындығы үшін аптасына 500 000 АҚШ долларын алатын өзге кәсіп иесі жоқ та шығар! Жер астынан кен қазған адамдар өз денсаулығын футболшыдан гөрі сынға жүз есе көп салады. Бірақ алатыны… Оны өздеріңіз де жақсы білесіздр. Бір сөзбен,спорттағы симулянттардың ең кереметтері осы футболда!

…Кешегі Колумбия мен Англия құрама командаларының 1\8 финалдық ойынынан кейін менің онсыз да әрең жүрген ықыласым үзілді. Алаңда футбол ойыны емес,ары тарт-бері тартқа құрылған қуғын-сүргін,бірін-бірі шалғайлап,тобықтан қағу,мәселені екеуі сөйлесіп шешетін жерге өлік көрген қарақұстай үймелеу,футбол ойнағанның орнына жасыл алаңда жиркенішті спектакл қоюмен шұғылдану… Құдай-ау,бүкіл әлемді сиқырдай арбаған Пеленің, Марадонаның, Беккенбауердің, Рональдиньонің, Румменигенің, Зиданның, тағы басқа жүздеген шебердің көздің жауын алар өнері қайда?! Әлем чемпионаты күндері күн сайын жасыл алаңда алысқан-жұлысқандарға тесілеміз де отырамыз ба?! Қазақ қоғамында атыс-шабыс онсыз да аз емес еді ғой! Футболдың көргенде бас айналып,сілекей шұбыртатын әдемілігі осымен келмеске кеткені ме?! Ғажап ақын Расул Ғамзатовтың «Тілімнің ертең өлетінін білсем — өзім бүгін өлуге дайынмын!» дегеніндей,футбол сол бір әдемілігінен айрылғаны айрылған болса,әлемдегі миллиондаған футбол жанкүйерлері дәл осылай тамашалайтын спорттық өнер таңдай бастамаса… болмас! Мен бұл тақырыпты әлі таратып айтармын. Бүгінге жетер. Футболдан айрылуымыз мүмкін екенін ойласам — өмір сүргім келмей кетеді!

Несіп Жүнісбаевтың фейсбук парақшасынан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *