«Еуразия» кинофестиваліне «Қазақфильмнің» 10 картинасы қатысуда

159

ХІV халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің конкурстық және конкурстан тыс бағдарламаларына Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының 10 фильмі қатысып отыр. Биылғы жылғы бағдарлама 8 бөлімнен тұрады, олардың ішіндегі «Халыралық байқау» мен «Қысқа метражды фильмдер байқауы» бөлімдері конкурстық болып саналады. Бөлімдерге сәйкес, киностудия атынан толық метражды «Әміре» (Джефф Веспа) мен қысқа метражды «Тығылмақ» (Венера Қайыржанова) бақ сынап отыр. Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі хабарлайды. 

XIV «Еуразия» ХКФ-нің негізгі конкурсына қазақстандық картиналардан өзге мынадай фильмдер де қатысады: режиссер Ян МинМиннің «Қыздар әрдайым бақытты» (Қытай), режиссер Алексей Федорченконың «Аннаның соғысы» (Ресей), режиссер Мари Гарельвайстың «Сауық кеш аяқталды» (Франция), режиссер Хидже Джонгтың «Автостоп» (Оңтүстік Корея), режиссер Мариям Хатчанидің «Деде» (Грузия), Бану Сивачидің «Көгершін» (Түркия), режиссер Рашид Маликовтың «Табандылық» (Өзбекстан), режиссер Елизавета Стишованың «Сүлеймен тау» (Ресей, Қырғызстан, Польша), режиссер Джанис Нордстың «Иттің атасы жоқ» (Латвия, Польша, Литва, Россия), режиссер Светислав Драгомировичтің «Көкжиектер» (Сербия), режиссер Милко Лазаровтың «Ага» (Болгария, Германия, Франция). Халықаралық конкурсқа барлығы 12 толық метражды картина және қысқа метражды фильмдер конкурсына 35 картина бәсекеге түседі.

Негізгі конкурстың қазылар алқасының құрамында режиссер, сценарист және продюсер Ван Сяошуай, продюсер Амир Эсфандиари, кинофестивальдерді ұйымдастырушы және бағдарлама құрушы Питер Скарлет, «Оскар» сыйлығының иегері Габриэлла Кристиани, режиссер, кинодраматург Ермек Тұрсынов бар. Ал қысқа метражды картиналардың қазылар алқасының құрамына әйгілі түрік режиссері Семих Капланоғлы, қазақстандық актриса Самал Есләмова, америкалық оператор Хиро Нарита, сербиялық актер Милош Бикович, сингапурлық өнер кураторы және режиссер Джереми Чуа кіреді.

Биылғы және өткен жылдардағы түркі тілді халықтардың 10 үздік картинасы іріктелген конкурстан тыс «Керуен» бағдарламасында Болат Қалымбетовтің «Талан» және Қуат Ахметовтің «Аруақ» көркем фильмдері көрсетіледі.

Киностудия «Еуразия жүрегінде» бағдарламасына Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының «Мұзбалақ» және Адай Әбілдиновтің «Күлтегін» толық метражды жаңа анимациялық картиналарын ұсынған.

Бұдан бөлек, осы жылы прокатқа шыққан Беграс Елубайдың «Оазис» және Елжас Рахымбековтің «Elfreeman» көркем фильмдері көрсетіледі.

Сондай-ақ, «Объектив» деректі фильмдер бөлімінде Владимир Тюлькиннің «13 километр» және Анвара Садықова мен Ғазиз Насыровтың «Қазақ биі» филмьдері де бар.

XIV халықаралық «Еуразия» кинофестивалі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және елордамыздың 20 жылдық мерейтойын атап өту аясында 2018 жылдың 1 шілдесі мен 7 шілдесі аралығында іске асып жатқандығын естеріңізге саламыз.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *