Қар басқан «Абай жолы»

333

Ұлттың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Кітап – аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады», – деген тәмсілі білімсіз адамның күні қараң екенін ұғындырады. Иә, кітап – білімнің қайнар көзі. Алайда бүгінгі қоғамда таңды-таңға ұрып, жата-жастана көз майын тамызып әдеби шығарма оқитын жастардың легі сиреп барады. Бабаларымызды үлгі тұтып, салған сара жолдарын жалғап, білімді инемен құдық қазғандай қылып алуға ұмтылып, кітап құшақтап жүргендер аз. Сонда Мағжан атамыз елдің болашағы деп сенген жастар рухани азықты қайдан таппақ? Бұл – бүгінгінің өзекті мәселесі.

Жексенбі. Қаламыздағы тотыдайын таранған арбаттың бойымен келемін. Кенет көзім күннің суығына қарамай жолдың жиегінде көне қазыналарымызды жайып тастап, сауда жасап тұрған жандарға түсті. Еріксіз үңілесің. Алғашында тек орыс тіліндегі кітаптар болар деп топшыладым. Жоқ, үстел үстінде мұқабасы мүжіліп, беттері сарғайып кеткен іші қазына мен құтқа толы қазақтың тарихы мен тағылымы жақұт туындылары жатыр екен. Әр қазақ оқуға тиіс «Абай жолы» романы беті ар басқан күйі тұр. Ала жаздай күнге кептіріліп жатқаны аздай, енді қақаған қыста дымқыл тартып жатқан көне туындыларды көргенде ілім дейтін жанып тұрған шырақтан жылу алып, қойнауы білімге толы ырыстың тізгінін ұстап, көшедегі кітаптарды талап алатын замандастарым бар ма деген ой келді. Техниканың дамыған

заманында қоғам жастары көшедегі кітаптарды алып оқи ма екен? Осыны білу мақсатында сатушылармен тілдестім.

Кітап сатушы Людмила апайымыздың айтуынша: «Қазақша оқулықтарды оқитындар жоқтың қасы. Бірен-саран егде жастағы қариялар сұрайды. Ал, қазіргі жастар кітап оқуға құмар емес. Есесіне орыс тіліндегі әдебиеттер жақсы өтеді»,– деді.

Қай сатушыға барсаң да осы жауап. Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын білгім келді. Көшедегі қазақтың қарадомалақ балалары мен қаракөз қыздарынан кітапхана қайда екенін сұрадым. Көбі таңырқай қарап білмейміз деп жауап береді.

Иә, өкінішке қарай жастарымыз ой-өрісі дамитын жігерлі шағында көше тұрмақ, кітапханадағы кітаптарды тауысатын уақытын текке өткізіп, бойына рухани азық алатын әдеби шығармалардан жырақта жүр. Көз майын тамызып, күні-түні оқулық құшақтап жүрген жандар некен-саяқ. Ғаламтордың торына түсіп, ұлылардың том-том кітабын емес, ұялы телефон құшақтап жүрген жандарды көргенде, қолынан ескі кітабы, аузынан ертегісі түспейтін ата-әжелерімізді сағынады екенсің.

Осы кезде балалық шағым есіме оралады. Шамамен он бес жыл бұрын Қожбан ауылында тұрдым. Айналдырған жиырма үй. Әкем қой бағуға шыққанда үнемі қоржынына бір әдеби шығарманы салып алатын. Кешке дейін сол кітапты оқиды. Мал өрістен келгенде әдейілеп қолына ұстап келеді. Бұл – ауылдағы ағалардың әдеті. Балаларды кітап оқуға тәрбиелеу екенін кейін түсіндім. Қой кезектің алдынан шыққан жанның бірі әкеме: «Ертең менің кезегім еді, кітабыңды берші», – деп қолқа салады. Сөйтіп, әлгі шығарма қолдан-қолға тарап кетеді. Қуаныштысы, барлық ауыл оқып шығатын. Кешкісін сол кітаптың қызығын бізге айтып беретін. Осыны көріп өскен жастар да әрине кітап кеміріп өсетіні анық. Содан кейін туған күндерде сыйлыққа міндетті түрде кітап беретін.

Ал, бүгінгі қоғамда ше? Біреуге кітап сыйламақ түгіл, оқулық арқалап, қаланың кітапханаларын жағалап, тірнектеп білім алып жүрген жандарды кездестіру қиынға соғып тұр. Бұның себебі не? Өзге елге еліктеушілік, техниканың дамыған заманы дегеннің өзінде сол дамыған техникаң да: «Кітап – білім бұлағы», – деп сайрап тұр емес пе? Орыс жазушысы М. Горький: «Кітап – мұхит, сол мұхиттан не терең? Мен біліммен ылғи дос боп өтер ем. Егер мен бай болсам, тек қана кітап сатып алар ем. Кітап – әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі», – десе, Шекспир: «Кітап маған

тақтан да қымбат», – деп баға берген. Бұған қарап біз кітаптың тарихымызды танытатын, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани байлығымызды арттыратын ең қымбат дүние екенін аңғаруға болады. Ендеше уақытымызды бос өткізбей, білімімізді арттырайық. Көшеде шаң басып жатқан кітаптарды ашып алып, парақтап оқып, рухани байлығымызға мән берейік. Еліміздің болашағы білімді жастарда. Әр жас кітаппен дос болса біз алмайтын қамал жоғына сенімдімін.

А. НАЗАР




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *