ТҮРКІСТАН ЕР ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ ҒОЙ

57

Түркістан екі дүние есігі ғой,

Түркістан ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой.

(Мағжан Жұмабаев)

«Жердің көркі – ел, елдің көркі – ер» деген аталы сөзді қадір тұтқан әрбір азамат тасын түртсең тарихы сөйлейтін Ұлы Даланың әр қиырындағы тұнып тұрған мағыналы шежірені біліп, өскелең ұрпаққа насихаттауы керек. Осыған орай кейінгі ұрпақ біліп жүрсін деген ниетпен Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы “Киелі Қазақстан” бағдарламасы аясында жергілікті журналистерге Оңтүстік Қазақстан облысына баспасөз турын ұйымдастырды.

Тарихтың алтын діңгегі

Сапарымызды мақала барысында арқау болған Мағжан атамыз айтқандай екі дүние бесігі атанған Түркістан жерінен бастадық.Тоғыз жолдың торабында зымыраған отарбамен еліміздің ежелгі қалаларының бірі — Шымкентке келдік. Пойыздан түсе

бізді «Оңтүстік» туризм басқармасының қызметкері жылы шыраймен қарсы алып, қаланың киелі жерлерін көрсету үшін жол бастауы. Қызметкерлер тарихтың алтын діңгегі болған Шымкенттегі киелі жерлермен таныстырды. Содан кейін Тәуелсіздіктің 20 жылдығында салтанатты ашылуы өткен “Тәуелсіздік саябағын” араладық. Орталық аллеяның бойында орналасқан тасқа еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі маңызды оқиғалар шежіресі қашап жазылған “Ел бірлігі” монументі орнатылған. Ескерткіштері сыр шертіп, жасыл желекке оранған әсем саябақтан шығып ғасырға жуық тарихы бар ОҚО тарихи-өлкетану мұражайына кірдік. Бабаларымыздан қалған құнды мұралар мен жәдігерлер бірден баурап алды. Біз де сан дәуірден сыр бүккен қазыналы орданы аралауға кірістік. Иә, көнеден қалған мұралар бізді ерекше тамсандырды. Әсіресе, жастар 93000-нан астам көне жәдігерлердің тарихымен танысып, мәдени-рухани ордадан керемет әсер алдық.

Осыдан кейін Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың аманатын қазақтың кең даласына жеткізуші, сахабалардың ұлығы, Ахмет Яссауи бабамыздың ұстазы Арыстанбаб кесенесіне жол тарттық. Әуелі 33 діннің қадір-қасиетін меңгеріп, ислам дінін қабылдаған баба кесенесіне барып Құран бағыштап, зиярат еттік. «Киелі Қазақстан» жобасы барысында шырақшылар өскелең ұрпаққа аңыз айтып, баба өмірін кеңінен тарқатты. Бабамыз: мен өлген жағдайда ақбура түйеге артып, басын бос жібере салыңыздар. Түйе қайда шөксе сол жерге менің сүйегімді қоясыздар» дейді. Түйе Отырар маңына келіп шөккен екен. Арыстанбаб әулиенің кесенесін Әмір Темір Көреген 1390 жылы Тоқтамыс хан әскерін жеңгеннен кейін салады. Патша алдымен Қожа Ахмет Яссауидің кесенесін тұрғызбақшы болады. Шәкіртінің кесенесін қанша қаласа да құлай береді. Бір күні Әмір Темірдің түсіне Зеңгібаба сиыр болып кіріп Қожа Ахмет Яссауи бабаның мешітін сүзіп құлатады. Сол заманның түс жорушылары бірінші бабамыздың отырардағы ұстазының кесенесін салдырмасаңыз Түркістандағы кесене еш уақытта тұрмайды дейді. Содан кейін Әмір Темір осы кесенені тұрғызған деген аңыз бар. Бойының ұзындығы 270 метр болған бабамыздың қабірі екі рет кірпішпен қапталған. Кесенеде Арыстан бабпен қатар Шерімбет Уәзір мен Лашын Қарға атты шәкірттері жатыр. 1907 жылы Қалмырза ұстаның басшылығымен қайта өңделіп қаланған кесенеге алыс-жақын шетелдерден келген

адамдардың қарасы көп. Олар Баба кесенесінің маңындағы XIX ғасырда қазылған тереңді 12 метр құдықтан ащы суды 7 рет ұрттап түрлі тілектер айтады. Батырлар жырындағы Алпамыстың әкесі Байбөрі ақсақал қартайған шағына дейін перзент сүймей бабамыздың басына үш күн түнеп, Алпамыс және Қарлығаш атты екі перзент сүйген деген аңыз бар.

Бабтардың бабы атанған сахабамыз жайлы аңыз-әңгімелер естідік. Бірде Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) Жәбірейіл періште пейіштен бір табақ құрма алып келеді. Бір құрма табақтан жерге түсіп кетеді. Жәбірейіл періште ол құрманы алып Пайғамбарға: «Мына құрманы өзіңізден 400 жылдан кейін сіздің ісіңізді әрі қарай жалғастыратын үмбетіңізге аманат етіп қалдырыңыз», – дейді. Пайғамбар сахабаларын жиып: «Кім бұл аманатты жеткізе алады?» деп олардан сұрайды. Сонда Арыстанбаб: «Егер өмірім жетсе, аманатыңызды мен табыстар едім ол үмметіңізді қайдан табамын?» дейді. Пайғамбарымыз «бала мектептен қайтқанда кітабын төбесіне қойып, артымен теріс қарап жүреді және аманатын сізден өзі келіп сұрайды» дейді. Мұхаммед Пайғамбар айтқандай, Қожа Ахмет жеті жасқа келгенде Арыстанбабты өзі танып: «Баба аманатымды беріңіз?» дейді. Арыстанбаб 400 жыл бойы тісінің қуысына сақтаған құрманы балаға ұсынады. Бала Ахмет ол құрманы кідірместен аузына қағып салады. Сонда Арыстанбаб: «Балам, аманатыңды сонша уақыт сақтағанда, «дәм татыңыз» демедің ғой дейді. Ахмет болса «Сіз маған құрманың маңызын сорып, сүйегін берген жоқсыз ба?» деп жауап береді. Сапарымызды Арыстан бабты ұстаз тұтқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жалғастырдық. Түркістанда күн көзі тым өткір болғанымен аптап ыстыққа қарамастан бабамызға зиярат етіп келушілер өте көп. Біз де Құран бағыштап кесененің тарихымен таныстық. Кесене 1370-1405 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. Отыз бес бөлмеден тұратын кесененің бірінші қабатында 14, екінші қабты 22 бөлме бар. Ең үлкен бөлме Хижраб елді мекенінде құйылған қазандық тұрған бөлме. Орта Азиядағы ең үлкен күмбезбен көмкерілген, орта ғасырларда кесенеге зиярат етіп келген мұсылмандар су ішкен жәдігер бізді ерекше тамсандырды. Қазандықты 1935 жылы Иран шеберлерінің көрмесіне Санкт-петерборға эрмитажға алып кетеді. Қазан 1989 жылы қайта орнына оралады. Сондай-ақ бұл бөлмеде XIV ғасырдан бері қазандық бөлмесінің және көрхананың есігі (қапсырма) сақталған. Иран

ұстасы Ассафари жасаған есіктің балғайшасын ұрған уақытында жуан және жіңішке дауыс шығады. Яғни кесенеге ер немес әйел адам кіргенін біліп отырған. Есік пілдің сүйегімен және алтынның суымен түрлі әшекейлермен жасалған. Сондай-ақ жаңғақ ағашынан жасалған табалдырық, асхана бөлмесіндегі астаулар, VI-VII ғасырда тоңазытқыш ретінде пайдаланған хумдар мен оңтүстіктегі әулие, батыр бабаларымыз жайлы деректі фильм көретін бөлмелер. Сонымен қатар, мәдениет министрінің орынбасары 1989 жылы тайқазанды эрмитаждан қайта орнына алып келуіне үлкен септігін тигізген Өзбекәлі Жәнібековке арналып, оның пайдаланған заттары мен еңбек кітаптары сақталған бөлмені тамашаладық. Келесі кезекте ішін айналдыра түрлі өрнектермен безендірілген Мешіт бөлмесіне кірдік. Орта ғасырларды дәруіштер жиналып намаз оқитын бөлмеден ерекше әсер алдық. Құдды жасыл желекке оранған саябақта жалғыз жатқандай тыныштық, күннің нұры жылу беріп тұрғандай. 16 терезесі бар Мешіт кесененің ең жарық бөлмесі болып саналады. XIII ғасырдан бастап XX ғасырдың 40-шы жылдарына дейін жергілікті халықтың құдайға құлшылық ететін орны болып келген ғимарат кесененің оңтүстік-батысына қарай 120 метр жерде орналасқан. Осында отырып Яссауи шағатай тілінде өмірден түйгендерін қағаз бетіне түсірген. Жер асты мешітін аралап, бойымыз сергіп, ерекше күш-қуат алып шықтық.

Түркістан маңында орта ғасырда өмір сүрген, данышпандығымен әйгілі, Бәйдібек батырдың жары Домалақ ана мазары орналасқан. Домалақ ана Жетісу, Тараз, Шымкент пен Ташкентті мекендеген халықтың абыз анасы болып саналады. Деректерге сүйенсек оған “Диhнат мама” деген атты Қара Хайдар деген кісі қойған. Айналасына аналық мейірімін төгіп жүретін, оны ұрпақтары атымен атамай «Домалақ ана» деп атаған. Кесененің маңайына 2000 жылы “Бөбек” қорының президенті Сара Алпысқызы арнайы ағаш отырғызып, ол жерді “Аналар аллеясы” деп атаған көрінеді.

Осыдан кейін Отырар көне қалашығына жол тарттық. Отырардың самал желі мен тұмса табиғаты, қашап жазып тарихын таста қалдырған бабаларымыздың жәдігерлері бізді одан әрі қызықтыра түсті. Жүзден астам қала маңындағы бейітке айналған қалашықтарда 40 жылдан астам уақыт археологиялық қазба жұмыстар жүргізіліп келеді. Бабаларымыздан қалған 18 мыңға жуық жәдігерлер аудан орталығында «Отырар» атты

республикалық музейде сақталған. Жиын барысында «Домалақ ана» кесенесіне барып Құран бағыштап, «Ақмешіт» үңгіртасына экскурсия жасадық.

Көне Тараз – киелі мекен

Қазақ даласындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің әрқайсысының да айтар сыры бар. Сондай шаһардың бірі – киелі мекен ордасы, Ұлы Жібек жолының кіндігі, шежіресі құмға сіңген көне Тараз қаласы. Екі мың жылдық тарихы бар қаланың қақ ортасында жеті қабат жер астынан табылған ежелгі шаһарды аралауға асықтық. Тарихи мұрасы, аңыз әфсанасымен сақталған қаладағы сапарымызды Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ашылған Көне Тараз тарихи-мәдени орталығынан бастадық. Өткенді бүгінмен жалғап салынған орталықтың іші тарихқа толы. Мұнда көне Тараз музейі, Мыңбұлақ сквері, Шолу мұнарасы мен Домбыра стелласы орналасқан. Музей жанында Көне Тараз мәдени-археологиялық саябағы жайқалып тұр. Саябақтан шыға Жамбыл ауданындағы сәулет өнерінің үздік нұсқасы ХІ-ХІІ ғасырларда бой көтерген Айша бибі кесенесіне бардық. Аңызда Айша бибі мен Қарахан баба бір-бірін ұнатып, бірге болуға сөз байласады. Бірақ, Айша бибінің әкесі қарсы болады. Айша бибі ол қарсылыққа қарамай, қасына күтушісі Бабаджа хатунды ертіп жолға шығады. Барар жеріне таяу қалғанда демалуға тоқтайды. Сол кезде Айша бибіні жылан шағып алады. Бірақ Қараханға елші жібереді. Хан некелерін қидырған. Қарахан баба кесенені зілзалаға төтеп беретін арша ағашынан салдырған. Иә, күмбез Айша бибі тағдырымен тікелей байланысты. 18 жасында дүниеден озғандықтан, Қарахан баба мен Айша бибі анамыздың арақашықтығы 18 шақырым болғандықтан 18 қатарда арабтың купа әріпімен жазылған күн, бұлт, жер, ғажап деген жазу. Мазардың тіреуі қызғалдақ гүлі және жылан іспеттес салынған. Жалпы кесенеде 62 түрлі ою-өрнек бар. Бірақ, күмбездің түпнұсқасы батыс қабырғасы ғана. Кесене 2004 жылы мәдени мұра бағдарламасы аясында қайта салынған. Күмбездің жанына Бабаджа хатун мазары қойылған. Өз заманында құдіретті патша болған Қарахан баба кесенесіне де барып әулие баба аруағына Құран бағыштадық. Шах Махмұд Қараханға арналып салынған кесене ХІ ғасырда тұрғызылған. 1906 жылы қирап қалған кесене қайта қалпына келтірілген. Қала 1936 жылға

дейін бір ғасыр бойы осы кесененің құрметіне – «Әулие ата» деп аталынған екен.

Тараз жерінің көрікті мәдени ескерткіштерінің бірі, алып шаһардың қатпарлы тарихынан сыр шерткен Ақыртас қалашығы. Тау баурайында тұрғызылған шаһар жайлы айтылар болжамдар көп. Бірі – араб шапқыншылығы кезінде тұрғызылған қамал десе екіншісі – буддизм шіркеуі дейді. Ұлы Дала өркениетінің қайталанбас көркем үлгісіне айналған Ақыртас қалашығы бізді ерекше тамсандырды.

Сыр Алаштың анасы

Алаштың анасы аталып кеткен Қызылорда облысына келдік. Әрбір өлкенің өзіндік тарихи-мәдени ерекшелігі болады. Ұлы Жібек жолының бойындағы Жанкент, Қармақшы, Мыңтөбе сияқты саф алтынға бергісіз тарихы бар қалалар тым ерекше. Пойыздан түсе Сырдың таңғы самалы бетті аймалап, желі кеулей жөнелді. Жер бетін желпіген самал мен қоңыр даладан қазақылықтың иісі аңқып тұрғандай. Ішіне сыр бүккен Алаш анасының тарихын тамашалап, киелі орындарды аралауға асықтық. Бізді облыстағы өңірлік коммуникация қызметкерлері қарсы алды. Алғашқы нысан Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан, айда Алаштың ізін қалдырған Қармақшы ауданы аумағындағы Қорқыт ата мемориалдық ескерткіш кешені. 1980 жылы ескерткішті сәулетші Бек Ыбыраев төбеден қарасаң кілемнің бетінде жатқан қобыз іспетті салған. Аңызға сүйенсек Қорқыт бабамыз өлімнен құтылудың жолын іздеп, желмаясына мініп, дүние кезіп жүрген. Бірақ қайда барса да алдынан «Қорқыттың көрі» шыға берген. Бір күні Қорқыт бабамыздың түсіне аян береді. Сол кезде ол қобыз жасауға кіріседі. Ағаштан сұлбасын жасап, желмаяның терісімен қобыздың астын қаптап, бес жастағы айғырдың жалымен ішегін жасайды. Содан соң кілемін Сыр суының бетіне төсеп өмірге, еліне, жеріне арнап мұңлы күйлер тартады. Қобыздан шыққан әуен табиғатты сілтідей тындырып, Сырдың суын бәсеңдетеді. Қобыздан сарнап шыққан дауыс Арқадағы елге жетіп, күйді тыңдауға қырық қыз жолға шығады. Бірақ жол-жөнекей Бетпақтың шөліне кездесіп 39 қыз шөлден қайтыс болады. Тек жетегіне ешкі ерткен ақсақ қыз ғана Қорқытты көреді. Қорқыт қайтыс болғаннан кейін Ақсақ қыз судың ортасында қалған Қорқыттың қобызын әкеліп, дарияның жағасына

қояды. Жел соққанда қобыздың ішектері азалы үн шығарып тұрады. Содан Қорқыт атаның басына белгі тұрғызу туралы идея пайда болды деген аңыз бар. Қобыздың шанағы іспеттес салынған ішіне 2000 адам сиятын төрт жылда бір рет түркі тілдес халықтардың арасында «Қорқыт Ұлы Дала сазы» фестивальі өтеді. Соңғы фестиваль 2017 жылы 10 мемлекеттен келген қобызшылардың қатысуымен өткен. Қасында төрт жағынан қарасаң да қобыздың суреті бейнеленген «Стелла» бар. Биіктігі 12 метр ескерткіштің 40 түтікшесі бар. Осы түтікшеге қоңыр даладан самал жел соқса қобыздың үні шығады. Иә, байтақ дала аспанында салтанат құрған әсем ырғақ, қоңыр үн, сазды әуен бойыңды шымырлатып, қиялыңды ғажап бір дүниеге жетелейді.

Сыр бойында Қорқыт баба бейіті болған. Бірақ 1952 жылдары дарияның суы тасып жардың етегінде тұрған зир атты шайып кеткен. Осы маңда Ақсақ қызға арналып салынған ескерткіш те бар. Сапарымыздың соңында Қармақшы баба кесенесіне барып Құран бағыштап қайттық.

Түйін: Елбасы «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да мүшкіл болуы мүмкін» дейді. Бабалар салған даңғыл жолды құм басып, құпиясын ішке бүгіп жатпас үшін тарихымыздың жауһар жәдігерлерін біліп өсейік. Ел болашағы тарихты танып, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруден басталады. Ежелден қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту, бабалардың ерлігін өскелең ұрпаққа дәріптеу бүгінгі күннің талабы.

А. НАЗАР




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *