52 адамның өмірін жалмаған автобустағы өрт ісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды

176

Ақтөбе облысының прокуратурасы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында автобустың өртенуі салдарынан 52 Өзбекстан азаматының мерт болуына байланысты істі сотқа жолдады. 5 адам айыпталушы деп танылды. Оның 3-еуі автобус жүргізушісі және «Азия транзит сервис» ЖШС 2 қызметкері – құрылтайшы мен серіктестіктің механигі. Аталғандардың міндеті – рейске шығар алдында автобусты тексеру болған.

Компания құрылтайшысының әрекеті коммерциялық ұйымдарда міндеттеріне адал қарамау (ҚК-нің 254-бабы), екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан жарамсыз автокөлік құралын пайдалануға енгізу, сондай-ақ ресми құжатты қолдан жасау, көрінеу жалған құжатты пайдалану (ҚК-нің 385-бабының 1 және 3-бөліктері) ретінде сараланды.

Механиктің әрекеті екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан жарамсыз автокөлік құралын пайдалануға шығару   (ҚК-нің 348-бабының 4-бөлігі) ретінде, ал автобус жүргізушілерінің әрекеті екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу (ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі) және екі және одан көп адамның абайсызда қаза болуына әкеп соққан өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу (ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігі) ретінде сараланды.

Автобус иесі халықаралық іздестіруге жарияланды.Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлайды.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 18 қаңтарында сағат ертеңгі 10.30-да Ақтөбе облысының Ырғыз ауданыда «Самара-Шымкент» автожолынан 1068 шақырым жерде «Икарус» маркалы жолаушылар автобусы жанып, оқиға орнында 52 адам қаза тапқан еді.

Автобустың ішінде55 жолаушы және 2 жүргізуші болған, өрт болған кезде бесеуі автобустан шығып үлгеріп, аман қалған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *