Өзге елде сұлтан болғысы келетіндер саны артып келе ме?

444

Бүгін дүниежүзілік халықтың қоныстану күні. Бұл айтулы күн Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 1989 жылдан бастап әлемде аталып өтілуде. Қазақстанда бұрнағы жылдармен салыстырғанда халық санының өсіп келе жатқандығы қуантады. Қазіргі уақытта жалпы халықтың саны 18 миллионнан асып отыр. Оған әсер етіп отырған факторлар ретінде табиғи өсім мен елімізге қоныс аударушылар санының артуы әсер етуде. Дегенмен, соңғы уақыттары елдегі демографтар мен әлеуметтанушылар, саясаткерлердің дабыл қағып отырған мәселелерінің бірі – тұрақты мекені ретінде шет елдерді таңдаушы Қазақстан азаматтарының санының артуы болып отыр. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, өзге елге кететіндер кімдер? Осы мәселелер жөнінде біз саясаттанушы Сейілбек Мұсатаевты сөзге тартқан едік.

Сейілбек Мұсатаев

 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының профессоры:

—  Қоныс аудару мәселесіне келер болсақ, бұл бүкіл әлем бойынша жүріп жатқан процесс. Бұл жаһандану тудырған құбылыс деуге болады. Жалпы алғанда адамдардың конституциялық тұрғыда қалаған еліне, қалаған жерге қоныс аударуына құқылы, яғни таңдау құқығы берілген. Бір аймақтан екінші аймаққа, болмаса екінші елге көшу әлемде қарқынды түрде жүріп жатқан тенденция. Оған әр елдің экологиялық, экономикалық көрсеткіштері де әсер етеді. Мәселен, экологиясы нашар және экономикасы төмен тұрақсыздық жағдайындағы елдер донорларға айналып отыр. Өзге елдерге кететіндер кімдер? Мәселен, Африка секілді сан бар, бірақ сапа төмен қиын аймақтардан босқын ретінде мәжбүрлі түрде кететіндер көп. Немесе, бейбітшілікте өмір сүріп жатқан дамушы, бірақ экономикасы тұрақсыз елдерде білімді, білікті, бала тууға жарамды азаматтар қоныс аударып жатады. Біздің елде де осы мәселе көрініс табуда. Оны қалпына келтірудің бір ғана жолы – елдің әл-ауқатын жақсарту, жұмыс орындарын ұйымдастыру. Қағаз жүзіндегі емес, шынайы экономикалық дамуды қалыптастыру. Біз жоғарғы оқу орындарында жастарға диплом беріп шығарамыз, бірақ оларға жұмыс жоқ. Біз Баллон процесіне кіргенбіз, дипломдарымыз шетелде жұмыс істеуге жарамды. Сондықтан да өз елінде жұмыс таппаған жоғары білімді азаматтарды біз мәжбүрлі түрде ұстап тұра алмаймыз. Бір өкініштісі, мемлекет миллиондап бөлген қаражатының осындай жағдайларда қайтарымы жоқ болып жатады. Орысша айтқанда «утечка мозгов».

Қоныс аударушылардың тағы бір жеке категориясы бар. Олар — тарихи отанына оралушылар. Ол енді басқа мәселе. Бұл процесс Қазақстанда да бар. Біз де сырттағы қандастарымызды тарихи отанына қайтарып жатырмыз, бұл заңды құбылыс. Ал, елімізден кетушілерге келетін болсақ, Қазақстанда тек шынайы патриоттар ғана қалады. Бұл жерде туып-өскенімен, басқа елдерге мойын бұрып, «орманға қарап ұлып жүргендер» отанын тауып жатыр.

Сейілбек аға, соңғы 2018 жылдың басынан бері елімізден қоныс аударушылардың саны алдыңғы жылдармен салыстыранда қарқынды түрде өсіп отыр. Оған не себеп?

2014-2015 жылдардағы девальвация мен инфляцияның әсері күшті болды. Халықтың табысы төмендеп, экономиканың нашарлауы септігін тигізді. Табыс деңгейі түскенде халықтың көзқарасы да өзгереді. Қоныс аудару бұл толқынды процесс. Тағы қайталап айтам, елден қоныс аударушыларды тоқтатудың нақты шешімі – шынайы экономиканы қалыптастыру.

Айта кетерлігі, соңғы жылдары Қазақстаннан қоныс аударғандар саны артып келеді. Егер, 2015 жылы елімізден 30047 адам кетсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 37704 адамға жеткен. Мәселен, бір ғана Ресейге 2017 жылға дейінгі 5 жыл ішінде 22 мың адам көшіп барған. Ал, 2018 жылдың бес айында елден кеткен қазақстандықтардың саны 39891-ге жеткен.

(Деректер ашық ақпарат көздерінен алынды).

Гауһар Түстікбаева,

«Қазақ газеттері».




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *