Өскеменде Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы даңғыл пайда болды

240

Өскемен қаласында 700-ден астам көшенің 20 пайызы ғана қазақшаланған. Қалғаны тарихта белгісіз атаулармен аталып, кейбір көшеге мағынасыз есімдер берілген. Осыған қатысты Өскемен қалалық әкімдігінде 23 көше мен саябақтардың атауын өзгерту туралы қоғамдық келісім болды. Азғана көшелер тарихи тұлғалардың атына берілсе де қоғамдық талқылауға қатысушы өзге диаспора өкілдері тарапынан қарсылық көп болды. 23 көшенің атауы тек қазақ ұлтының ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де зиялыларының атына берілуде. Қоғамдық талқылауда тіпті қалалық жастар мәслихатының депутаты Михаил Святош бір жарым сағат бойы ұялы телефоны арқылы әлеуметтік желіде тікелей эфир жасаса, өзге диаспора өкілдері «орыс ұлтының жұрнағы қалуы керек» деген пікірді ашық айтты.

«Жалпы, біз негізі Қазақстанда тұрамыз. Қазақтың батырларын осы қазақтың батырларына сай келетін көшелерімізге ат берсек, мен сол шешімді қолдаймын. Сол шешімді дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, қазақтың батырлары ұмытылып бара жатыр. Оны қазіргі жастар біле бермейді. Кімнің қандай болғаны, кімнің қандай дәрежеге жеткенін. Сол себепті қазақтың батырларына сай көшені қойсақ, кейін жастарымыз ойлайды а, мынау мынадай батыр екен ғой, ашып қарайды және де сол себепті сол көшелерге сай болуы керек деп ойлаймын»,-дейді теміржолшы Александр Федотов.

Қоғамдық тыңдалымның нәтижесінде 23 көшенің атауын өзгертті. Сонымен көшенің атауларына тарихи тұлғалардың есімдері берілді. Атап айтқанда, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Қасым Қайсенов, Лев Толстой, Жақия Шәйжүнісов сынды елге белгілі тұлғалар бар.

«Елбасы 27 жыл бойы Қазақстан енді қазақшаланатын шығар деп тосып келген. Бірақ ол болған жоқ қой. Сонан кейін, ақыры, «Рухани жаңғыру» дүниесін дүниеге әкелді. Соны түсіне алмай жатырмыз. Біз рухани жаңғыруды жаңғыртуымыз керек, Қазақстанды. Қазақтың өз дүниесін өзіне қайтарып беру. Міне, қазіргі дау осы төңірегінде. Біздің басқа этностар осыны түсінуі керек. Бұл соңғы ешкінің әлгі бауыздар алдындағы бақыруы сияқты. Бүгін, міне, Шәкәрім Құдайбердіұлына үлкен даңғылды алсақ, Қасым Қайсенов ағамызға анау саябақты алсақ, бұл — үлкен жеңіс, жетістік»,-деген пікір айтты келісімге келген Қазақстан Жазушылар Одағы ШҚОФ директоры Әлібек Қаңтарбаев.

Дереккөз: altaynews.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *