Сенат депутаты Осакаров және Нұра аудандарында болып қайтты

446

Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысындағы Осакаров және Нұра аудандарында жұмыс сапарымен болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі хабарлайды.

Сенатор Осакаров ауылында әлеуметтік нысандарды аралады және аудан тұрғындарымен кездесті. Р.Әбдікеров «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды. Биылғы қараша айында 18 пәтерлі екі қабатты төрт тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Депутат жаңа «Нұрай» балалар бақшасында да болды.

Осакаров ауданының тұрғындарымен кездесу барысында сенатор заңнамадағы өзгерістер туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, ішкі істер органдары саласына қатысты заңдарға орай алдағы өзгерістер туралы сөз болды. Республикалық маңызы бар «Қарағанды-Павлодар» автомобиль жолы мен облыс ішіндегі жолдарды жөндеу туралы мәселе көтерілді. Аудан әкімі Нұркен Көбжанов 2019 жылы облыстық маңызы бар «Осакаров-Молодежный» автомобиль жолын жөндеу жұмыстары басталатыны туралы хабардар етті.

Р.Әбдікеров Нұра ауылында аудан активімен кездесу өткізді. Парламент депутаты Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру жөніндегі алдағы міндеттер туралы әңгімеледі.

Аудан орталығында азаматтарды қабылдау ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар өздерінің проблемаларын айтты және ұсыныстарымен бөлісті. Атап айтқанда, Нұра ауылындағы су құбырларын жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуына және автомобиль жолдарының күрделі жағдайына байланысты ауыл тұрғындары алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ аудандағы спорттық-сауықтыру орталығының құрылысын салу туралы мәселе де көтерілді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *