Шетелдік кинотуындыларды қазақ тіліне дубляждау тоқтауы мүмкін

647

«Қазақ болып тумағанда нетер ем?» деп жалған намысқа салынып кеудемізді соғып жүргенде, шетелдік кинотуындылардың қазақ тіліне дубляждалуы біржола тоқтайтын күн алыс емес көрінеді.
Бүгін дубляждауға жауапты адамдармен кездестім. «Қазақшаға аударылған киноға адам келмейді, не істеуге болады?» – деп сұрады. Атап өтейін, 2012 жылдан бері қазақ тіліне 25 шетелдік кинотуынды аударылып, бүлдіршіндерімізді қуанышқа бөлеп, үлкендерді ана тілімізбен сусындатты. Дубляж сапасы өте жоғары екеніне көзіміз баяғыда-ақ жетті. Айта кетелік, фильмдердің барлығы қазақшаға мемлекеттің ақшасына емес, жеке компаниялардың қаржысына аударылып келеді.
Бірнеше факт:
– 2012 жылдан бері 25 туынды аударылса да, олардың жинаған кассасы динамикалы түрде өсе қоймаған. Бірінші туындылар 2,5 млн теңге касса жинаса, қазір шамамен 5 млн жинайды екен. Иә, теңгеге шаққанда екі есе өскендей көрінеді, бірақ соңғы алты жылда бірнеше девальвация болғанын ескерсек, көрсеткіш дым өспегенін байқаймыз.
– 3 туынды бойынша ерекше маркетингтік белсенділік танытып, әкімшілік ресурстарды тартқанның өзінде касса 15 млн теңгеден аспапты. Мәселен, «Көліктер 3» туындысы 15 млн теңге жинаса, дәл сол кезде орысша нұсқасы «Тачки 3» он есе артық касса – 150 млн теңге жинаған екен.
– Қазақша нұсқасы касса жинамағандықтан, жалпы кинотуындының табыс кіргізуі ақсаңдайды және қазақшаға дубляждауға келісімін беріп жүрген Дисней компаниясы шешімін өзгертуі әбден мүмкін және бұл бізді қатты алаңдатуы тиіс жайт.
– Қазақ тілді аудитория кинотуынды жаңадан шыққаннан соң алғашқы 2-3 күн келмейді екен, бұл прокатшылар үшін маңызды аралық болып саналатындықтан, олар шығынға қалмау үшін орысшасын қоюға мәжбүр. Дубляждауды қолға алып жүргендер олардан бірінші уикендте қазақшаны қойыңдар деп өтінеміз, бірақ бизнес болғандықтан, одан басқа ештеңе істей алмаймыз дейді.
– Қазақтың тойынан шықпай, халықтың арқасында байып жүрген селебритилер инстаграмдарында миллион аудиториясы болса да, өз еркімен бір-екі ауыз сөз жазып қолдауға жоқ болып шықты. Дубляждалған кинолардың қаншасына шақырсақ та, не келмейді, келсе әкімнің жанынан табылып, көзіне түсуге тырысып, кино басталып, шам сөнгеннен кейін залдан шығып кетуге асық деп ренішін жасырмай отыр. Қай «жұлдыздар» екенін айтпай-ақ қояйын, өзімнің ұялғаным жетеді, сіздерді ұялтып қайтемін?
– Бірде-бір қазақтың қалталы дөкейі алты жыл ішінде «Қарақтарым, баршамызға керек маңызды істі жасап жатырсыңдар» деп бір сеансты толығымен сатып алып, жағдайы келмейтін отбасыларға билеттерді таратып беріп, не болмаса басқа да көмек ұсынбапты. Кейбір ұлттардың осындай мәселеге келгенде ауызбіршілігі қандай екенін біле тұра іштей тағы ұялдым. Испан ұяты деуші ме еді осы сезімді?
Қысқасы, әлемдік блокбастерлердің қазақ тіліне дубляждаудың тоқтағанын қаламаймын. Бірақ миллиондаған теңгеге бар билетті өзім сатып ала алмаймын.
Мынаны ұсындым және сіздерге де ұсынып отырмын. Қазақ тіліне келгенде бәріміз жанашыр болып шыға келеміз, бірақ тым жайбарақатпыз.
Бұл жерде флешмобсыз болмайды, ең алдымен осыдан бастап көрейік дедім. Қазақстанның әрбір облыс орталығында 50 адам жинала алмаймыз ба? Ұят қой мынау, осыны келістірмесек, намысқа да, елдікке де сын. Алматыда елу адам, Астанада 50 адам, Шымкент пен басқа қалаларда да 50 адам жиналып, киноға баралық. Қазір кинотеатрларда «Монстрлар каникулда 3» мультфильмі жүріп жатыр, алты жастан асқан балаларыңызды алып келіңіз.

 

Бақытжан Бұқарбайдың фейсбук парақшасынан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *